Сенатор Амангелді Толамисов еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында интернеттегі алаяқтық деректерінің таралуына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: ҚазАқпарат
Депутаттың айтуынша, кейінгі 5 жылда интернеттегі алаяқтық көрсеткіші 10 есеге өсті. Бұған күнделікті өмірде цифрлық желілерді кеңінен қолдану себеп болып отыр. Сондықтан жеке адамдардың аты-жөні және олардың жеке сәйкестендіру нөмірлері сияқты мәліметтер пайдакүнемдік мақсатта пайдаланылуы мүмкін.
«Атап айтқанда, еліміздегі банктердің смартфондарға арналған қосымшалары мен сайттары кез келген азаматқа ЖСН және жеке куәлік нөмірі бойынша салықтар мен айыппұлдар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдалануға әкелуі мүмкін. Азаматтардың құқық қорғау органдарына осындай жағдайлармен жүгінуін мысалға келтіруге болады», - деді Амангелді Толамисов.
Депутаттың сөзіне қарағанда, ЖСН болған жағдайда салық берешегінің, банкроттықтың болуы, өндіріп алушының аты-жөні мен ЖСН және сот орындаушысының ұялы телефоны нөмірі туралы мәліметтерді алуға болады. Елімізде дербес деректерді бергені үшін заң жүзінде жауапкершілік көзделгеніне қарамастан, заң талаптары тиісті түрде сақталмай отыр.
«Азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, интернет және телефон арқылы алаяқтық әрекет жасауға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру қажет. Атап айтқанда, киберқылмысқа, оның ішінде азаматтардың жеке деректерін пайдаланып істелетін қылмыстарға кешенді талдау жүргізу керек», - деді Амангелді Толамисов.