Қазақстанда статистика сұрақтары бойынша байланыс орталығы іске қосылды. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің сайтында жазылды.
Ұлттық статистика бюросы 1446 байланыс орталығын іске қосты. Бұл нөмірге қалалық және ұялы телефондардан тегін хабарласуға болады.
Байланыс орталығының операторлары Бюро қызметіне қатысты бірқатар мәселелер бойынша келіп түсетін қоңырауларға жауап беріп, өтініштерді қабылдай алады. Атап айтқанда, Бюро сайты бойынша ақпарат іздеу, статистикалық нысандарды толтыру мен олардың әдіснамасы, статистикалық есептілікті тапсыру кезінде туындайтын техникалық сұрақтар бойынша жүгінуге болады.
Бірыңғай нөмір Бюро жұмысының тиімділігін арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және өтініштердің өңделу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Байланыс орталығы жұмыс күндері 9.00-18.30 аралығында жұмыс істейді.