11.11.2020, 9:45
Оқылды: 18

Қазақстанда студенттер кеңесі құрылады

Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі жанынан студенттік кеңес құрылады. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

53C70794-9D3C-49E7-A081-697B9CF2C4D4

«Жақында студенттік ұйымдардың жетекшілерімен, студенттік парламент өкілдерімен, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы Жастар ісі жөніндегі комитет төрағаларымен кездесу өткіздім. Жиын барысында қашықтан білім беру, оқу орындарының лицензияларын қайтарып алу және университеттердің жабылуы, түлектердің жұмысқа орналасуы, білім сапасын арттыру, студенттік өзін-өзі басқаруды қолдау мәселелеріне қатысты әңгіме өрбіді. Студенттік шағымда «Что? Где? Когда?» жобасының чемпионаттарына, дебат жарыстарына қатысатынбыз. Қазір жақын араласатын достарымның көбімен сол кезеңде, пікірсайыс алаңдарында таныстық. Біз бірігіп, проблемалық мәселелерді университет басшылығы деңгейінде көтеруден тайсалмайтынбыз. Мен білім алған жоғары оқу орнынының ректоры – марқұм Жамбыл Сәулебекұлы Ақылбаевтың студенттерге деген қолдауы ерекше болатын. Белсенді жастардың ұсыныстарын назардан тыс қалдырмай, білім алушылар үшін барлық қолайлы жағдайды жасайтын. Университет басшылығы тарапынан әр студент үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету – жастардың талантын ашуға, алға жетелеуге, бағдар беруге бағытталған және үлкен жетістіктер жолында жасалған алғашқы маңызды қадам. Сондықтан ЖОО басшылары үшін осы мәселелер басты назарда болуы тиіс» деп жазды министр Facebook парақшасында. Оның айтуынша, студенттермен кездесу барысында біраз жоспар құрылған.

«Біріншіден, жақын арада ҚР БҒМ жанынан Студенттік Кеңес құрылады. Оның құрамына қазақстандық жоғары оқу орындарының белсенділері кіреді. Олармен студенттер мен ЖОО-ларға қатысты барлық өзекті мәселелерді талқылаймыз. Кеңес барлық студенттік ұйымдардың жұмысын үйлестірумен айналысады. Екіншіден, кездесуге қатысушылар тарапынан Жастар ісі жөніндегі комитеттердің арнайы құрылымдық бөлімшелерінің жұмыс істеуіне қатысты ұсыныс жасалды. Мұндай бөлімшелер студенттік өмірді сапалы ұйымдастырып, жас таланттардың тынысын ашу барысында таптырмас құрал бола алады. Осы жұмысты жүйелендіреміз. Үшіншіден, әрбір жоғары оқу орнында студенттік өзін-өзі басқару органы жұмыс істеуі мәселесі. Мысалы, Студенттік Парламент. Білім алушылар көшбасшыларын өздері дауыс беріп сайлауы қажет. Бұл олардың құқықтық және саяси тұрғыдағы мәдениетін арттыруға көмектеседі. Студентке орталықтандырылған оқыту тұжырымдамасы аясында студенттік өзін-өзі басқару органдары білім алушылардың мәселелерін шешуге тікелей қатысуы керек. Ұйым төрағалары өз кезегінде жоғары оқу орнындағы директорлар кеңесінің жұмысына қатысу құқығын иеленіп, студенттерге қатысты қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға білім алушылар тарапынан ықпал етуі тиіс. Төртіншіден, студенттік волонтерлік ұйымдарды белсенді дамыту қажет. Бұл механизм бүгінде біз қалағандай тиімді жұмыс істемейді. Біз көптеген бастамалар бар екенін білеміз, алайда оларды жүзеге асыру үшін студенттердің тәжірибесі жетіспей, басқа да жағдайлар орын алып жатады» деп атап өтті Асхат Аймағамбетов. Министрдің сөзіне сенсек, бұл іске мықты волонтерлік ұйымдар қолдау көрсете алады. «Сондай-ақ 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарының жеке үлгідегі диплом беруі, түлектерді сертификаттау, академиялық адалдық қағидаларын сақтау және сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік мәселелерін мұқият талқыладық. Мұндай кездесулерді ҚР БҒМ жанынан құрылатын Студенттік кеңес қызметі шеңберінде жүйелі түрде жалғастырамыз» деп түйіндеді министр.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале