Қазақстанда тасқын су кезінде бұзылған жолдарды жөндеуге 28,5 миллиард бөлінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев Мәжілістің отырысында хабарлады.
- Тасқын су кезінде бұзылған жолдар бойынша: олардың 11 учаскедегі жалпы ұзындығы 33 шақырым. Кейбір жерлерін су басып, кейбір жерлерін шайып кетті. Бірқатар жерлерін арнайы жырып тастадық. Республикалық жолдар бойынша қалпына келтіру жұмыстарының құны шамамен 8,5 миллиард теңге,- деп хабарлады Марат Қарабаев.
Министр жергілікті маңыздағы жолдардың 275 учаскесін жөндеуге 20 миллиард теңгеден астам қаражат талап етілетінін атап өтті. Нақты сомасы туралы қосымша хабарланатын болады.
Айта кетейік, су тасқыны кезінде мол судың бағытын бұру үшін республикалық маңыздағы Атырау-Орал жолының кейбір учаскелерін бұзу жөнінде шешім қабылданған болатын.