Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы әлемдегі ең көне ғылыми орталықтардың бірі – Смитсон институтының басшылығымен кездесті. “Болашақ” бағдарламасы арқылы қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілер осы беделді орталықта білім алу мүмкіндігіне ие болады.
- Смитсон институты – әлемдегі ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешені. Оның құрамында 21 мұражай мен галерея, 14 ғылыми және білім беру орталығы бар. Қазақстандық ғалымдар үшін бұл жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады, – деп жазды министр Telegram-дағы каналында.
Сонымен бірге ETS (Educational Testing Service) ұйымының басшылығымен келіссөздер жүргізілген. Саясат Нұрбектің айтуынша, осы ұйым сарапшыларының қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып, ҰБТ жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес түбегейлі жаңартылады.
- ETS – тестология саласындағы ең беделді ұйым. Олардың тәжірибесі негізінде Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен әдістемесі терең жаңғыртылады, – деді министр.
Еске салсақ, министр Президенттің Educational Testing Service (ETS) компаниясы және Смитсон институты жетекшілерімен кездесулері жөнінде пікір білдіріп, елімізде келесі жылдан бастап арнайы тағылымдама бағдарламасы ашылатынын хабарлаған болатын.