11.12.2020, 14:45
Оқылды: 15

Қазақстанда жемқорларға квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынбақ

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамды квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналастыруға тыйым салынбақ.

жемқ

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Анар Жарова айтты.

«Квазимемлекеттік секторда мемлекеттің елеулі ақша ағындары мен активтері шоғырланған, сондықтан бұл жерде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мәселелері Антикордың жіті назарында. Биылдың басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін квазимемлекеттік сектордың 83 лауазымды тұлғасы анықталды. Оның ішінде 51-і әртүрлі дәрежедегі басшылар (20-сы республикалық, 21-і облыстық, 10-ы қалалық және аудандық деңгейдегі). Осы жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттің кез келген қатысу үлесі бар квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғалары сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызылғанын атап өткен жөн. Тиісті өзгерістер Қылмыстық кодекске енгізілді», - деді А.Жарова онлайн брифингіде.

Айта кетейік, егер бұрын қатысу үлесі 50 пайыз және одан жоғары компаниялар ғана сыбайлас жемқорлық субъектілері болса, қазір оның ауқымы айтарлықтай кеңейді. Яғни, компанияда мемлекеттің қатысуының 1 пайызы болса да, мұндай компаниялардың лауазымды адамдары сыбайлас жемқорлық баптары бойынша жауапқа тартылатын болады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес мемлекеттің кез келген қатысу үлесі бар компанияларда ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функциялары бар адамдар осындай лауазымды адамдардың қатарына жатады. Жақында бұл санатқа бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іске асыруға және сатып алуға жауапты квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі құрылымдық бөлімшелердің басшылары да кірді. «Айыппұл, шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан басқа, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалатын болады. Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтетін тағы да бірқатар түзетулер қазір Парламентте қаралуда», - деді А.Жарова.

Оның сөзіне қарағанда, Еңбек кодексіне сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналастыруға тыйым салу бөлігінде түзетулер енгізу ескеріліп отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай шектеу басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға түсуге ғана қатысты.

inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале