17.11.2023, 11:30
Оқылды: 40

Қазақстанда жыл сайын 20-22 мың бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді

Дүние жүзінде 17 қарашада 2009 жылы еуропалық жаңа туған нәрестелерге күтім жасау қоры (EFCNI) құрған шала туған нәрестелер күні атап өтіледі.

newborn-2935717_640

Фото: pixabay

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, әлемде жыл сайын 15 миллион бала шала туады.

Қазақстанда жыл сайын барлық жаңа туған нәрестеден орта есеппен 20 - 22 мың бала (5%) мерзімінен бұрын туады. Бұл жүктілік кезінде 36 аптадан аз және дене салмағы 2500 грамнан аз туған балалар.

Қазақстанда 2008 жылдан бастап 500 грамнан аса төмен дене салмағымен жаңа туған нәрестелерге күтім жасала бастады.

Барлық жаңа туған нәрестенің жалпы үлесінде (500-999 гр.) 0,4%-ы дене салмағы өте төмен болып туады. Олардың 0,6%-ы дене салмағы төмен (1000-1499 гр.) болып туады.

Шала туған нәрестелерде жүктілік кезінде анатомиялық тұрғыдан дұрыс қалыптасқан ағзалар жүйесі өмір сүру үшін тиісті функционалдылыққа ие болмайды.

Өте жұқа және осал тері, тері астындағы майдың төмен деңгейі, жетілмеген өкпе ағзаны оттегімен қамтамасыз ете алмайды. Жүрек-қан тамырлары мен ас қорыту жүйелері жетілмеген, сонымен қатар гипоксияға  орталық нерв жүйесі өте сезімтал.

Осы салмақ дәрежесінде туған балалар ең осал. Ал күтім процесі барынша назар аударуды, арнайы білімді, дағдыларды, медицина қызметкерлерінің шыдамдылығын, жоғары кәсіби және моралдық қасиеттерді талап етеді.

Жаңа туған нәрестенің  әрбір сақталып қалған өмірінің артында кәсіпқойлар тобының еңбегі тұр.

Емдеу мен қарқынды күтімнің экономикалық шығындары мерзімінде туғандарда жасалатын күтімге жұмсалатын шығындармен салыстыруға келмейді.

Мерзімінен бұрын босанудың себептері әр түрлі факторлардың жиынтығынан туындайды.

Жүктіліктің кеш мерзіміне  ауысу, ҚРТ-дан кейінгі жүктілік, экстрагениталдық патология және инфекциялар, аборттар, стресс факторлары және экстремалдық мінез-құлық, генетикалық факторлар, дұрыс  тамақтанбау, жаман әдеттер және тағы басқасы.

Біздің елімізде жаңа туған нәрестелерге, оның ішінде шала туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетуді қалыптастыру мен дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шара жүзеге асырылды.

ДДҰ ұсынған тиімді перинаталдық технологиялар,  ана болу қауіпсіздігі қағидаттары енгізілген.

Биыл алғаш рет әрбір жаңа туған нәрестенің өмірін сақтауға бағытталған неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді.

Бағдарламаларды іске асыру мен тиімді саясаттың арқасында соңғы 10 жылдың ішінде елімізде сәбилер өлімінің көрсеткіші 63%-ға, яғни 13,6-дан 7,68-ге дейін, неонаталдық өлімді 50%-ға, 1000 тірі туғанға шаққанда 9,0-ден 4,5-ке дейін төмендеді. Бұл Орталық Азия елдерінің арасында ең төмен көрсеткіш.

Дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 12%-ға өссе, шала туған нәрестелердің өлімі жалпы алғанда 2%-ға төмендеген.

Сонымен қатар ДДҰ Қазақстанның халықаралық міндеттемелердің - ТДМ индикаторларының жетістіктерін - 2030 жылға қарай ана, бала және неонаталдық өлімнің төмендегенін атап өтті.

Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, медициналық қоғамдастық пен болашақ ата-аналардың басты міндеті - мерзімінен бұрын босану санын азайту.

Бұл ең алдымен жас қыздар мен жігіттердің денсаулығына жауапкершілікпен қарауына байланысты.

Одан әрі оң нәтижелерге қол жеткізу мақсатында Министрлік Қазақстан Республикасында ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған "ӘРБІР ӘЙЕЛ – ӘРБІР БАЛА" тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Онда жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмекті одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар шара бар.

Шала туған нәрестелер күні шеңберінде өңірлерде ашық есік күндері, ата-аналарға арналған мектептер, бұрынғы пациенттермен, қоғамдық және қайырымдылық қорларымен кездесулер өткізіледі.

Елордадағы ғимараттар халықаралық шала туған балалар күнінің түсі саналатын күлгін түске боялады.

Ең үлкен  Нью Йорк, Стамбул қалаларында ғимараттар күлгін түске боялған, ал күлгін Ниагара сарқырамасы жер шарының түкпір-түкпірінен шала туған нәрестелер проблемасына назар аудартады.

Бүгін Қазақстанның неонатологтар конгресі "28 ілмек клубы" ҚҚ-мен бірлесіп Қорғалжын тас жолы, 23 мекенжайы бойынша Халықаралық шала туған балалар күніне арналған "Екі промилле" фотокөрмесін өткізеді.

Көптеген әйгілі адам шала туғанын, бірақ кейіннен  әлемге әйгілі данышпан болғанын, олардың арасында Наполеон Бонапарт, Исаак Ньютон, Альберт Энштейн және тағы басқасы бар екенін естеріңізге сала кетейік.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале