Бұдан бұрын еліміздегі интернет сапасы Токиодан жақсы екенін мәлімдеген цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлі де солай ойлай ма? Журналистер бұл сұрақты министрдің өзіне қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мен халықаралық рейтингтер жайлы пікір білдіре алмаймын. Ол рейтингті мен жасамаймын. Бірақ егер Қазақстанның азаматы мен Токио азаматы қолданатын интернет желісінің сапасын салыстырсақ, біз менің пайымыма емес, халықаралық зерттеулерге сүйенуіміз керек», - дейді Мусин.
Елімізде интернет сапасына қатысты сын көп. Шалғай ауылдарды айтпағанда Астананың өзінде интернет жылдамдығы көңіл көншітпейді дейді жергілікті тұрғындар. Ал шілдеде министр Мусин интернет жылдамдығы жағынан Астана Токионы басып озғанын мәлімдеген.
«Сіздер де Speedtest халықаралық рейтингіне сүйенсеңіздерші. Егер осы халықаралық рейтинг Астананың 35 позицияға көтерілгенін жазса, демек, біз 35 қаланы озып кеттік. Тіпті Токионы басып оздық. Сол рейтингті жасаған мен емес қой!?» - деген еді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол жуырда елорданың кейбір аудандарында интернет сапасының нашар болуы себебін түсіндірген.