Кәсіпқой бокста 23 кездесу өткізіп, оның 17-сін нокаутпен аяқтаған Батыр Жүкембаев «Барыс Аренада» ұйымдастырылған тарихи бокс кешінде өнер көрсетті. Ұлыбритания боксшысы Кейн Гарднермен қолғап түйістірді. 777 лақап аты бар қазақ боксшысының қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес. 17 қарсыласының 7-еуін ұрып жыққан.

Алғашқы раундтарда қос боксшы тең айқасты. Тек соңғы раундтарда Жүкембаев қарқынға қарқын қосып, британдықты тықсыра түсті. Әсіресе жетінші, сегізінші, тоғызшы раундттарды қазақ боксшысы қарсыласын қуалап жүріп сабады.
Толық дистанцияны еңсерген айқас қорытындысында төрешілер жеңісті Батыр Жүкембаевқа берді.

- Астана төрінде өтіп жатқан бокс кешінде өнер көрсету мен үшін мақтаныш. Өзімнің туған күнімде отандастарымның ортасында жеңіске жетіп жатырмын. Маған қолдау көрсеткен ағаларыма, жанкүйер болған әр адамға алғысым шексіз,- деді Батыр.
Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»