Жуық арада, 11 қазанда Абу-Дабиде (БАӘ) дзюдодан Grand Slam сериялары бойынша халықаралық турнир басталады. Оған Қазақстан балуандары қатысады. Қазіргі таңда біздің спортшылар алдағы сайыстардың фавориттері қатарында. Толығырақ Olympic.kz превьюінен оқи аласыз.
Суреттер: IJF, Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов / Olympic.kz
Бұл маусымдағы дзюдодан негізгі жарыстар артта қалды. Олимпиада ойындарынан кейін көптеген әлемдік көшбасшылар әлі де «демалып» жатыр. Сондықтан басқа турнирлерге қатысатын танымал спортшылар көп емес. Бұл тенденцияны Хорватиядағы Гран-приде де байқадық.
Абу-Дабидегі Grand Slam қарсаңында да дәл осындай картинаға куә болғалы отырмыз. Бірақ бұл жайт жарыстардың дәрежесін түсірмейді. Керісінше дәл осындай сайыстарда жаңа спортшылардың жұлдызы жанады, жекпе-жектер қыза түседі, ал жеңіс тұғырына кейде мүлдем күтпеген балуандар шығып жатады.
Сондықтан жүлде үшін күрес қызықты әрі күрделі болғалы тұр. Біздің команда құрамындаа Әбиба Әбужақынова (48 келіге дейінгі салмақта) және Мағжан Шамшадин (60 келіге дейінгі салмақта) сынды титулды спортшылардың болуы себепті Қазақстан фавориттер қатарында екенін атап өту керек.
Әбужақынова қазіргі таңда өз салмағында турнирдің басты жұлдызы. Бүгінде 48 келіге дейінгі салмақта ресми түрде тек тоғыз қатысушы ұсынылған. Ал әлем чемпионатының қола жүлдегерінен басқа тізімде танымал ешкім жоқ. Оның негізгі бәсекелесі ретінде ресейлік Сабина Гилязеваны қарастыруға болады.
Бұл спортшы биыл жазда Grand Slam қатысушысы ретінде Астанаға келіп кеткен болатын. Ол финалға дейін жетіп, бірақ Ғалия Тынбаевадан жеңілген. Сонымен бірге Лейла Алиева да жақсы қарсылас (Әзербайжан). Былтыр бұл жарыстарда ол қола медаль алған.
Мағжан Шамшадин мен Дәурен Сүюкеновке (60 келіге дейінгі салмақта) оңай болмасы анық. Қарсыластар тізімін сараласақ, Балабай Агаевты (Әзербайжан) ерекше атап өтуге болады. Бұл маусым ол үшін табысты болды. Ол Баку мен Тбилисиде өткен Grand Slam турнирінде үшінші орын алды. Одан бөлек Агаев Еуропа чемпионатында екінші орын алып, жеңіс тұғырынан көрінген. Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, франциялық Седрик Риволды да есепке алмаса болмайды.
Басқа салмақтағы спортшылар да мықты. Мәселен 66 келіге дейінгі салмақта 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері жапониялық Такеши Такеока шаршы алаңға шығады. 73 келіге дейінгі салмақта да Махмадбек Махмадбеков (БАӘ), Данил Лаврентьев (Ресей), Татсуки Ишихара (Жапония), Рашид Маммадалиев (Әзербайжан) сынды басқа да белгілі атлеттер өзара белдеседі.
Шаршамайтын Майкл Коррель (Нидерланды) Париждегі Олимпиада ойындары кезінде жетінші орынға тұрақтаған және қазір 100 келіге дейінгі салмақта БАӘ-дегі турнирде жеңіске жетуді көздеп отыр. 63 келідегі салмақ категориясы бойынша әлем чемпионы Йоанне ван Лисхаут (Нидерланды) қатысады. Еске салсақ, бұл дивизионда Қазақстан намысын Эсмигуль Куюлова қорғайды.
Қорыта келе, аталған турнир қызықты өтеді деп топшылауға болады. Осы тұста қазақстандық балуандардың бірнеше жүлде алуға қауқары бар. Командадағы әр спортшының жүлдегер атануға мүмкіндігі мол. Спортшының физикалық және психологиялық дайындығы үлкен рөл атқарады. Тәжірибеге сенсек, кез келген мықты қарсыласты жеңуге болады. Бұған Елдос Сметов мысал бола алады. Париж Олимпиадасына аттанарда ол фавориттер қатарында емес еді, ал нәтижесінде жеңімпаз атанды.
Бапкерлер штабы Абу-Дабиге 13 қазақстандық спортшы баратынын мәлімдеді. Төменде олардың соңғы тізімін ұсынамыз.
Әйелдер
- Әбиба Әбужақынова (48 келіге дейінгі салмақта)
- Эсмигуль Куюлова (до 63 келіге дейінгі салмақта)
- Назгүл Маратова (78 келіден жоғары салмақта)
- Карина Такиева (78 келіден жоғары салмақта)
Ерлер
- Мағжан Шамшадин (60 келіге дейінгі салмақта)
- Дәурен Сүюкенов (60 келіге дейінгі салмақта)
- Әділбек Берікұлы (66 келіге дейінгі салмақта)
- Дархан Қойбағар (73 келіге дейінгі салмақта)
- Ермек Амангелді (73 келіге дейінгі салмақта)
- Жалғаc Қайролла (81 келіге дейінгі салмақта)
- Руслан Мусаев (81 келіге дейінгі салмақта)
- Әділет Сапарғалиев (100 келіге дейінгі салмақта)
- Мәди Еділбаев (100 келіден жоғары салмақта)