Молдовада EJOI-2024 Информатикадан еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы өз мәресіне жетіп, оның нәтижелері еліміздің өз оқушыларының жетістіктерімен тағы бір мақтануына себеп болды. Биылғы жылы жарысқа 50 елден келген 200-ге жуық оқушы қатысты. Олимпиада екі күнге созылды. Қатысушылар күн сайын үш тапсырмадан орындады, әр жинақ үшін төрт сағат қана берілді, деп жазды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Суреттер: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан құрамасы 100% нәтиже көрсетіп, төрт медаль жеңіп алды:
Алтын медаль – Мансұр Мамадахунов, Қызылорда облыстық С. Шаухаманов атындағы «Білім-Инновация» дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
Алтын медаль – Жан Анри, Алматы қаласындағы «Республикалық физика-математика мектебінің» 9-сынып оқушысы.
Күміс медаль – Исатай Исмағзи, Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
Қола медаль – Арнұр Нұрғазин, Семей қаласындағы ФМБ НЗМ-нің 8-сынып оқушысы.
Команданы дайындаған жетекшілер: Темірлан Сатылханов, ACM бас бапкері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, Альтаир Ашуров, Назарбаев Университетінің студенті, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы.
Естеріңізге салсақ, алдыңғы жылы EJOI-2023 олимпиадасында біздің жас бағдарламашыларымыз бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған болатын.