22.09.2021, 17:08
Оқылды: 32

Қазақстандықтар қоғамдық кеңестердің көмегіне бірыңғай портал арқылы жүгіне алады

Бүгінгі таңда Қазақстанда қоғамдық кеңестер институтын дамытуға бағытталған жоба іске асырылып жатыр.

0000
Оның басты міндеті – қоғамдық кеңестердің тұрғындармен кері байланысуына арналған механизмдерді қалыптастыру мақсатында Kazkenes сайтының функционалын кеңейту және жетілдіру. Қойылған міндеттердің қалай орындалып жатқаны туралы бізге жоба басшысы Ерік Батырханов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрағасы Лима Диас «TALAP қолданбалы зерттеулер орталығы» қоғамдық қорына барып, қоғамдық кеңестер институтын дамытуға бағытталған жобаның іске асу барысымен танысып қайтты. Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының және Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жоба жетекшісі, «TALAP қолданбалы зерттеулер орталығы» ҚҚ талдаушысы Ерік Батырхановтың айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің барлық облыстары мен қалаларындағы қоғамдық кеңестердің қызметін ақпараттандыратын бірыңғай порталды іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Портал халықпен кері байланыстың жақсы құралы бола алады.

«Наурыздан бастап біз ақпаратты жинау, сайт функционалын жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеміз.

Бүгін kazkenes.kz порталын іске қосу шараларының 90% астамы аяқталды. Порталда республикалық, өңірлік қоғамдық кеңестердің жаңалықтарымен, ақпараттық немесе әдістемелік материалдарымен, есептерімен, құжаттарымен танысып қана қоймай, олардың құрамы туралы ақпарат алуға болады.

Әрбір қазақстандық «Мәселелі сұрақтар» бөліміндегі арнайы нысанды толтырып, әртүрлі салалардағы проблемалар бойынша республикалық, облыстық немесе аудандық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің көмегіне жүгіне алады. Бұл жолдардың нашар жағдайына, ауыз судың сапасына, мемлекеттік қызметтердің тиісті деңгейде көрсетілмеуіне қатысты мәселелер болуы мүмкін. Азаматтар мұнда тіпті, бұл мәселелерді шешу жолдарын ұсына алады.

Бұдан әрі толтырылған нысан «мәселені сұрақтардың тізіліміне» енгізіліп, барлық тұрғындарға көрінетін болады. Жүйе қай облыста қандай проблеманың басым екенін және мәселенің шешілгенін не шешілмегенін көрсетеді. Мұны кері байланыс формасы ретінде бағалау керек. Біз оны қоғамдық кеңестер қызметінің ашықтығы үшін әзірледік»,- деді Ерік Батырханов.

Бұдан бөлек, жобаны іске асыру аясында қоғамдық кеңестердің ішкі порталы әзірленді. Ол аталмыш органның мүшелеріне бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуге көмектеседі. Коммуникацияның барлық түрлері бір порталда ұсынылған. Жоба жетекшісінің айтуынша, ол ҚК жұмысын жеңілдету үшін әзірленген.

«Ішкі портал озық технологиялардың негізінде әзірленді. Ол – ішкі жұмысқа арналған портал. Біз оны кеңес мүшелерінің ішкі коллаборациясы үшін әзірледік. Мұнда олар есептермен, құжаттармен алмасады. Порталда жеке, топтық чаттарда хат алмасу, сондай-ақ бейнеконференция құру қарастырылған. Мұның барлығы бір жерде жиналған. Дәлірек айтқанда, ішкі портал өзара жұмыстың өте ыңғайлы құралы бола алады», - деді ол.

Қазіргі уақытта барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелеріне онлайн семинарлар өткізу шаралары жалғасуда. Семинарлар барысында сайт пайдаланушылары kazkenes бірыңғай порталының жаңа функционалымен таныса алады.

Қоғамдық кеңестер – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынышты және есеп беретін органдар, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар. 2016 жылдан бастап қоғамдық кеңестер Үкімет құрамына кіретін барлық органдардың, сондай-ақ облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жанынан құрылды. Аталмыш органдар квазимемлекеттік құрылымдарда да белсенді түрде құрылуда. Қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты – азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіру.


inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале