Психотроптық заттарды ірі көлемде мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізу фактісін қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласындағы департаменті тексеріп жатыр.
Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі жазды.
Фото: www.gov.kz
Қалалық авиациялық көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Жетісу» кеден бекетінің аймағында психотроптық зат – тетрагидроканнабинол бар 84 дана электронды темекі салынған пошта жөнелтілімі анықталған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тағы 103 дана электронды темекі және иісі бар қоңыр түсті сұйықтық құйылған 42 клиромайзер табылып, тәркіленген.
Бұл сәлемдемелер Қазақстанға АҚШ-тан халықаралық пошта арқылы келген.
Сот қаулысымен осы қылмысты жасады деген күдікке ілінген адамға қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК 201-бабы тәртібінде, тергеу мүддесіндегі өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі