29.08.2024, 17:30
Оқылды: 99

Қазақстанға жаңа қуат көзі қажет пе?

7E57C8C3-FAEA-401A-A914-E2D2809DDD36

Сурет: istockphoto.com

Қуат Мусин, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның бас директоры:

– Қазір ел арасында атом электр стансасын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір айтылуда. АЭС салу мәселесін талқылау мақсатында референдум өткізілгенге дейін жер-жерде жария талқылаулар өткізіліп жатыр. Негізінен, еліміздің оңтүстік аймақтарында өндіріс орындары қатты дамып келе жатқандықтан, электр қуатының жетіспеушілігі байқалатыны жасырын емес. Сондықтан атом электр стансасын немесе газтурбиналық электр стансасын салу қажет. Қазір АЭС орналастыру және салу үшін екі жер – Абай облысының Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы белгіленді. Маңызды да ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін мынадай екі мәселе басты назарда болуы тиіс деп санаймын. Біріншіден, АЭС экологиялық тазалықты қамтамасыз етуі тиіс. Яғни АЭС құрылысының қауіпсіздігін естен шығармаған жөн. Өзінің технологиясына сай, бекітілген талаптардан ауытқымай салынуы керек. Сонда ғана бұл стансаның тиімділігін көруге болады. Екіншіден, пайдаланылған уранның қалдықтарын қайда жібереді? Ол қалай сақталады немесе қалай жойылады? Өткенде жария талқылауда бұл туралы айтылған жоқ. Сондықтан «Осы мәселе қалай шешілейін деп жатыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Жалпы елімізге атом электр стансасын салу қажет.

Ақсерік Әйтімов, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің президенті, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі: 

– Қай уақытта да бейбіт мақсатта қолданылатын атом электр стансаларының маңызы зор. Дүние жүзіндегі 70-тен астам дамыған мемлекетте АЭС-тер жұмыс істеп тұр. Алайда қауіпсіздік шаралары басты назарда болуы тиіс. Мысалы, керемет дамыған елдердің бірі Жапонияда болған Фукусима апаты ұмытыла қойған жоқ. Бұл ретте міндетті түрде білімді мамандар қажет. Біздің елде АЭС-ті мердігерлер салып, іске қосқаннан кейін, оның қауіпсіздігін Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) өз құзырына алады. Оның жарғысында бекітілген басым бағыттардың бірі – бейбіт мақсаттағы ядролық технологияларды игеру. Ал стансаны басқару жүйесі мердігердің құзырында болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Атом энергиясы институты бар. Алматы мен Курчатов қалаларында ядролық физикалық институттары жұмыс істейді. Қазақстандық ғалымдар АЭС салудың қыр-сырын терең зерттеуде. Елімізде жаңа өндіріс орындарын ашу үшін міндетті түрде қосымша электр қуаты керек. Қазіргі қолданыстағы су және газ электр стансаларының қуаты жеткіліксіз. 10-15 жылдан кейін АЭС іске қосылғанша, баламалы энергия көздері қолданылады. Сондықтан «жасыл» экономиканы дамытуға басымдық бергеніміз жөн.

Дайындаған Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале