Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет ішкі нарықты сапалы өнімдермен толтыру бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Жылдың басты жетістігі екінші жыл қатарынан рекордтық астық жиналғаны – ол шамамен 27 млн тонна. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Жалпы 11 айда агроөнеркәсіп кешені 6,1% өсім көрсетті. Негізгі үлес егін шаруашылығында (+7,6%), ал мал шаруашылығы 3,5%-ға өсті. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар сүт (+5%), ет (+3%) және жұмыртқа (+1,5%) сынды өнімдердің де өндірісі артты.
Өсу көшін Ақмола (15,7%), Қостанай (15,4%) және Солтүстік Қазақстан (10,5%) облыстары бастап тұр.
«Ауыл шаруашылығы маусымдық қарқынды өсу кезеңіне аяқ басты. Қолайлы ауа-райы жағдайлары мен уақтылы мемлекеттік қолдау біздің фермерлерге екінші жыл қатарынан рекордтық егін жинауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру және қайта өңдеуді дамыту үшін берік негіз қалайды», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.