Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитетінің төраға орынбасары Досбол Бекмағамбетов өңірлердегі су ресурстарының жай-күйін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Су ресурстарына қатысты жағдай өңірлер бойынша әр түрлі. Елдің шығыс өңірі су ресурстарымен анағұрлым көбірек қамтамасыз етілсе, орталық Қазақстан (Нұра-Сарысу бассейні) ең аз қамтылған. Оңтүстік және Батыс өңірлер шекаралас елдерге тәуелді болып отыр. Сондықтан болжанып отырған су тапшылығы осы өңірлерге көбірек әсер етеді», - деді Д. Бекмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Досбол Бекмағамбетов Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше километрге жетуі мүмкін екенін айтқан еді.
2000 жылдары орташа көпжылдық өзен ағысы 120 текше километр болса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 текше километрді құрайды. Бұл климаттың өзгеруіне және антропогендік факторларға байланысты. 2030 жылға қарай өзен ағыны одан әрі 99,4 текше километрге дейін қысқаруы болжанып отыр.