Қазақстанның машина жасау өнеркәсібі соңғы 10 жылда өндіріс көлемін 4 есеге арттырды. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.
«Мемлекеттік индустриялық бағдарламаны іске асыру нәтижесінде машина жасау өңдеу өнеркәсібі өсімінің драйверіне айналды. Соңғы 10 жылда саладағы өндіріс көлемі 4 есе, инвестициялар 2,5 есе, экспорт көлемі 3 есе дерлік өсіп, 1,1 млрд. АҚШ долларын құрады.
2018 жылдың қорытындысы бойынша жылдық өндіріс көлемі алғаш рет 1 трлн. теңге және сала өңдеу өнеркәсібінің ірі саласы – металлургиямен бір қатарға тұрды», - деді министр.
Оның дерегінше, 2019 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі 1 трлн. 472 млрд. теңге болды. Ал 2020 жылдың 8 айында саладағы өндіріс көлемі 16,3 пайызға өсті. Саланың 3 мың кәсіпорнында шамамен 123 мың адам еңбек етеді.
«Мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігерінің арқасында салада шамамен 367 млрд. теңге сомаға 128 жоба сәтті үзеге асырылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Еңбек өнімділігі 9,2 мың доллардан 15,5 мың долларға дейін өсті. Экспортқа шығарылатын өнім атауы кеңейтілді. Қазір біздің машина жасау кәсіпорындарымыз Ресей, Қытай, Әзербайжан, Тәжікстан, БАӘ, Түрікменстан сынды елдерге өнімдерін экспортқа шығарады. Локомотивтер, жүк және жолаушылар вагоны, темір жол дөңгелектері мен біліктер, аккумуляторлардың жаңа түрлері, сорғыштар сынды машина жасау өнімдерінің жаңа түрлері шығарыла бастады»,- деді Бейбіт Атамқұлов.
zhaikpress.kz