21.09.2021, 9:09
Оқылды: 64

«Қазақстанның ұшағын көргенде, қатты қуандық», – дейді Сириядан оралған келіншек

Кербез апамен әңгімеміз өмірдегі ұмытылмайтын сәтті еске алумен басталды. Ол Сирияда бес жылға жуық уақыт қашып-пысып, әбден дағдарған сәттерінде Елбасының пәрменімен ел азаматтары келіп өздеріндей адасқан әйел-баланы жинап алып, елге алып келген сәтті ұмыта алмайды екен. Арып-ашып жүрген кездерінде Қазақстанның ұшағын, жылы жүзді ел адамдарын көріп, қатты қуанады. «Халифат мемлекетіне барып, Алланың заңымен жұмақ мекенде өмір сүремін» деп адасып, Сирия асқан Кербез апа ол жерде бас сауғалап, тыныштық іздеп жүремін деп ойламапты.

сирия

– Сіңлімнің қызының күйеуі намаз оқитын дінге бет бұрған адам еді. 2014 жылы көктемде киік аулаймын деп адасып, Сирия асып кеткенін білдік. Жиен сіңлім күйеуімен жиі хабарласып тұрды. Ол «Ана жақта бәрі жақсы» деп айтып жүрді. 2014 жылдың маусым айында біз ол жақта Халифат мемлекеті құрылып
жатқаны туралы видео көрдік. Көп ұзамай анаммен, туыстарыммен қоштасып, жиен сіңліммен бірге Сирияға жол тарттық. Анам жылап шығарып салды. Басында шынымен бәрі жақсы болды. Бізге үй, ақша берді. Барған соң, үш күннен  кейін жиен  сіңлімнің жұ-байы жарылыс салдарынан қайтыс болды. Түрлі қиындықтарды бастан кешірдік, – деп  Сириядағы  күндерін  еске алды Кербез апа.

Ол намазға қалай келді?

Кербез апа жалғыз қызы бойжетіп қалғанда тағдырдың жазуымен ұлын дүниеге әкеледі. Ол кезде 40 жаста еді.  Алайда сәбиі үш айлығында сал аурына шалдығып, жиі мазасызданатын болды. Жаны қиналған ана ұлын біраз жерге апарып  қаратады. Бірақ дерттің дауасы табылмайды.  Сондай күндердің бірінде дін жолына түскен жиені «Сізді Алла ұлыңызды ауыртып, сынауда. Сізге намаз оқу керек» деп кеңес айтады. Кербез апа әуелден жан-дүниесімен намазға жақын еді. Ол Құран кітаптарын алып, бір күні дәрет алмай, жай ғана таң намазын оқиды. Сөйтіп кітаптардан оқып, намазды тез жаттап алған Кербез апа бірден бес уақыт намазын бастап кетеді. Біраз жерге апарып қаратқанымен нәтиже болмай, 2013 жылы төрт жасар ұлы қайтыс болады. 2014 жылдың маусым айынан бастап кейіпкеріміздің Сириядағы  өмірі  басталады.

Ол өзінің намаз оқуы, Сирияға жол тартуы бәрі де жүрек қалауымен болғанын айтады. Оны ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ол жақта қан көрді, соғыс көрді. «Әр сағат, әр минут сайын өмір үшін күресуге тура келді. Бұл да бір өмірдің сабағы болды»  – дейді өзі.

Сириядағы антисанитария, ақшасы болған кезде сатып алған ұн-күріштің ішінде өріп жүретін бит-құрттар кейіпкеріміздің жадында ұмытылмастай сақталып қалыпты. Ыстық күнде дірілдеп, су, тамақ іздеген күндерді де ұмытқан жоқ.

– Күн сайын бомбалап жатады. «Шығыңдар» дегенде қолымызға іліккен нәрсені алып, жүгіріп шығамыз. Қарнымыз ашып, жейтін тамақ таба алмай, шөп теріп күткен күндеріміз  болды. Қызым хабарласып, «Ақша салайын, жағдайларың қиын ғой» дейді. Сирияға кеткендердің туыстары ватсаптан топ ашып, бір-бірімен хабарласып тұрған ғой. Сондағы туыстардан естіген болуы керек.  Мен «Бізде бәрі жақсы» деп, оның ақша жібергенін қаламадым. Өйткені өз кінәмді өзім көтерейін, маңдайыма жазғанын көрейін деп тастай бекіндім. Ол жақта жүріп, жаралы жігітке тұрмысқа шықтым. Ре-сейлік қазақ. Мен кеткенде түрмеде еді. Қазір өлі-тірі екенін білмеймін. Жан-жағымыздан бомба жауып жатқанда аман қалуды ойладық. «Алладан күнәмізді ке-шіре көр, өлімімнің артын қайырлы қыла көр» деп ті-ледік. Татар дәм-тұзымыз таусылмай, аман қалғанымыз болмаса, біраз қиындықты көрдік қой, – деді терең  күрсінген  Кербез  апа.

«Кәсібімнің нәсібін көргім келеді»

Ол күн сайын намаздан соң біліп-білмей жасаған күнәлары үшін Алладан кешірім сұрайды. Қателесу, қателіктен сабақ алу адам баласына тән қасиет деп есептейді. Кербез апа «Жусан» операциясының төртінші кезеңімен елге оралады.

– Мен елге келгенде 91 жастағы анам қатты қуанды. Бірінші кезекте жаралылар, көпбалалы аналар елге келді. Бірінші Алланың, екінші елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел-жұртына қамқорлығының арқасында туған топырағымызға оралып, туыстарымызбен жүздестік. Аллаға шүкір! Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері бізге жақсы қарады.  Басқа елдер өз адамдарын елге қайтарған жоқ. Біздің ел ғана біз сияқты адасқан жандарға көмек қолын созды. Еліміздің бұл қамқорлығын ешқашан ұмытпаймыз. Қазір діни рәсімдерді Әбу Ханифа мазһабы (Орта Азияға кең тараған құқықтық-діни мектеп) бойынша орындаймыз. Жастар адаспаса екен, алданбаса екен деп тілеймін. Қазақтың жас жігіттері сол жаққа барып, өліп қалды. Олардың бәрі де алданып қалғандар. Тек біздің елден емес, жер жүзінен жиналды ғой адамдар. Қаншама қазақтың жап-жас қыздары күн көру үшін өзге ұлттарға күйеуге шықты. Осы жәйттердің бәрі, өзгелерге сабақ болса екен. Сириядан келген соң, Ақтауда бізбен теолог-психологтар жұмыс жасады. Қалаға келген соң да мамандар бізге оңалту жұмыстарын жүргізді. Тігіншілік курсын бітіріп, туыстарыма керегін тігіп беріп жүрдім. Қазір өз кәсібімді бастап, тауық өсіруді қолға алдым. Кәсібімнің  нәсібін көру – арманым, – дейді бізбен ашық-жарқын әңгімелескен  Кербез  апа.

Кейіпкеріміз «Бизнес-бастау» бағдарламасы бойынша білім алып, енді кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі күнде   іні-күйеу балаларының көмегімен ауласынан тауық қора салып, тағы да 100 тауық алып, жұмыртқасы мен етін сатсам  деп  еңбек  етуде.

Сириядан келгендердің қазіргі тыныс-тіршілігі қалай?

 Облыстық дін істер басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы Азат Қаратайдың айтуынша, 2019 жылы «Жусан» опереациясымен 30-ға жуық әйел, 81 бала, төрт ер адам елге оралған. Қазіргі күнде төрт ер адам түзету мекемелерінде. Әйелдерге келген сәттен бастап психологиялық, теологиялық бағытта көмек көрсету жұмыстары жүргізілген. Теологиялық оңалту және ағарту іс-шаралары негізінен олардың діни көзқарастарын түзету, қайтадан теріс ағымның жетегіне еріп кетпеуіне және дәстүрлі рухани құндылықтарды санасына сіңіруге баса назар аударады. Олардың құжаттарын реттеу, ұл-қыздарын балабақша, мектепке орналастыру, балаға төленетін жәрдемақыларын алу мәселелері бойынша тиісті мекемелер жұмыстар жүргізген.

– Оларға бірқатар орталықтар заңгерлік көмек бер-ді. Көбінің құжаттары болған жоқ. Қала әкімдігі жанындағы «Отбасы» орталығындағы психолог, заңгерлер де кеңес береді. «Жусандықтардың» біразы құжаттарын жасап алды, бірқатары әлі реттеу үстінде. Қазіргі таңда отыз әйелдің барлығы дерлік радикалды ойдан арылды. Олардан идеологиялық тұрғыда қоғамға қауіп жоқ деп айтуға негіз бар. Өңірге келген жоғары білімді мамандарды міндетті түрде сол аудиториямен кездестіреміз. Дін істері комитетінің негізінде республикалық «Ақ ниет» қоғамдық қоры жұмыс жасайды. Осы қо кеңсесінде теологиялық бағытта  «Дәстүрлі діннің басымдылықтары, теріс ағымның ерекшелігі» тақырыбында  екі-үш айлық курстар өткізіліп, сертификаттар берілді. Қазір әрқайсысының өз бағыт-мақсаты бар. Бірі тұрмысқа шығып, бірі жұмысқа орналасып, енді бірі өз кәсібін бастауда. Өз құзіретіміздің шеңберінде  оларға қажетті жағдайды жасауға тырыстық, – дейді  Азат  Қаратай.

– Қоғамда «Оларды неге алып келдіңдер?» дейтіндер де аз емес. Бұған не дер едіңіз? – деп сұрадық біз
басқарма  қызметкерінен.

– Адамгершілік тұрғысынан қарасақ, әр адам қателеседі. Бірақ бұл әйелдердің көпшілігі жұбайларының соңынан, кейбірі әділдік орнаған шариғи мемлекетте өмір сүремін деген оймен кетті. Олар теріс пиғылды идеологияның құрбаны болғандар десек болады. Ол жерде көп ұлттар шоғырланды. Солардың ішінен қазақстандықтар өз азаматтарын елге қайтарғанда  өзге ұлттар «Сендер қандай бақыттысыңдар!» деп таң қалған. Бұл әңгімені  «Жусан» операциясымен оралған қыздардың өзі айтып берді. Қазақтың санасына сіңген қазақы қамқорлық пен мейірімділікті еліміздің саясатынан көруге болады. Сондықтан олар қателіктерінен сабақ алып, қоғамға деген көзқарастарын өзгертті, – дейді діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің  басшысы.

Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Назгүл Данаева жусандықтардың діни сауатын ашумен қатар, оларды аспаз, шаштараз, тігінші мамандықтарына оқытып, сертификат берілгенін айтады. Сирияға жол тартқандарды бірнеше топқа бөлуге болады. Біріншісі – жұбайының соңынан кеткендер, екіншісі – діни сауаттың жоқтығынан, үшіншісі – отбасы жылуын көрмегендер.

– Сириядан келген қыз-келіншектердің тағдыры ауыр. Олар күн сайын бомбаның жарылғанын естіп, қашып жүрген, жанын аман сақтау  үшін бірі окопты қолмен   қазған. Енді бірі баласынжерлеу үшін күрек таппай, қабірді қолмен қазыпты. Осындай қиындықтарды көрген соң, психологиялық  тұрғыда әбден шаршаған. Біз оларға түсіністікпен қарап, жұмыстанып келеміз. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Олардың біразының жұмысқа орналасуына, енді бірқатарының қажетті құрал-саймандарын алып беруге  жәрдемдесіп, кәсібін бастап кетуіне жағдай жасадық. Сирияданкүйзеліске ұшырап келген қыз-келіншектерге келгелі бері түрлі бағытта көмек көрсетудеміз. Түрлі жұмыстардың нәтижесінде қыздарымыздың мінез-құлқы, адамдармен, қоғаммен қарыматынасы түзелді. Өз кәсібін ашып, өзгелерге үлгі болып жүргендері де бар. Басым бөлігі көп балалы болғандықтан, бала тәрбиесімен айналысуда. Біз олармен үнемі байланыстамыз, –дейді  теолог  маман.

Гүлжамал Жолдығали,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале