11.07.2025, 14:45
Оқылды: 170

Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі

Бұл мақала 2025 жылғы Қазақстан  Республикасының  Ахмет  Байтұрсынұлы  атындағы  гуманитарлық  ғылымдар  саласындағы  мемлекеттік  сыйлығын  алуға  ұсынылған филология  ғылымдарының  кандидаты,  саясаттану  ғылымдарының  докторы  Мұхит-Ардагер  Қаржаубайұлы Сыдықназаровтың «Қазақстанның  үзіліссіз  мемлекеттілігі  тарих  толқынында.  XV–XIX ғасырлардағы  еуропалық және америкалық  карталардағы  Қазақ  мемлекеті» тақырыбы  аясындағы  ғылыми  еңбектеріне  байланысты  пікір  білдіруге  арналады.

WhatsApp Image 2025-07-11 at 15.35.41

Ө ркениет көшінде өз келбетін танытып келе жатқан Қазақ мемлекеті руханият саласындағы кез келген құндылықтарын ұлттың идеялық-идеологиялық құралдарына айналдырғаны абзал. Осы жолда талмай, қажырлы ізденіспен, табанды еңбек етіп келе жатқан тұлғалардың бірі – Қазақ мемлекетінің және түркі елдерінің картографиясын зерттеуші ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Ғалымдар «география» сөзінің мағынасы жерді сипаттап жазу деп ұғындырады. Бұл түсінікті қалыптастырған да, жерді сипаттап жазып, хатқа түсірген де грек жұрты. Осылайша, географиялық
карта қолданысқа енді. Географиялық карталардың ақиқатты танып білуде маңызы зор. Ғылымда Ұлы географиялық ашылулар заманы XV  ғасырдың соңынан бастау алады. Міне, осы кезеңнен Қазақ мемлекеттігінің тарихы әлемдік карталарда бейнеленгендігі туралы нақты деректерді сирек қолжазбалар мен карталардан тауып, ғылыми талдаулар жасап, ғылыми айналымға түсіріп жүр-
ген Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлының ерең еңбегін сөйлетіп  көрейік.

Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы Сыдықназаров кім, тындырған ісі қандай сауалына кеңесіміз «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» және «XV–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты ғылыми еңбектерді уақыт тауып, қарап шығыңыз демекпіз. Бұл екі бірдей іргелі (фундаменталды) жұмыс (атластар) 2021 және 2024 жылдары Брюссель қаласында жарыққа шықты.

«Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі» тұжырымдамасын ғылымға енгізген М. Сыдықназаров еңбегіндегі «үзіліссіз мемлекеттілік» ұғымы бойынша қазақ мемлекеті XV ғасырдан бері халықаралық деңгейде мойындалған саяси құрылым ретінде карталарда бейнеленгендігін көреміз. Бұл дерек пен тұжырым кеңестік тарихнамадағы көптеген мәліметтерді терістеп, қазақ мемлекеттілігінің өркениеттік негіздерін нақтылай  түседі.

IMG_8914

Ғалым тапқан карталарда Қазақ мемлекетінің атауы нақты көрсетіліп, оның геосаяси аумағы қазіргі Қазақстан территориясымен сәйкес келетіні анықталған. Латын, ағылшын, неміс, француз, португал, нидерланд, швед, т. б. тілдердегі карталарда Қазақ мемлекеті түрлі атаулармен берілген. Бұл өз кезегінде қазақ халқының орта ғасырлардағы аутоэтнонимдерінің халықаралық карталарда қолданылғанын көрсетіп, еліміздің шет мемлекеттерге танылғанын дәлелдейді. Карта мемлекеттің тарихы, тағдыры, айнасы деген  осы  болса  керек.

Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлының ашық дәрістері, Қазақстанның өңірлеріндегі ғылыми қауымдастықпен кездесулері, зерттеу тақырыбы бойынша таныстырылымдар (презентациялар) мен монографиялармен таныстыру, Қазақ мемлекетінің еуропалық және америкалық карталарының көрмелерін ашу іс-шаралары Қазақстанның көптеген өңірлерінде өтті. Соның бірі – Орал қаласында 2024 жылы өткен «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы ежелгі карталарда» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция. Бұл ғылыми жиында айтылған тұжырымдар мен идеялар қазақ қоғамына, қазақы қоғамдық санаға жаңа серпін беріп, тарихи жадты жаңғыртты.

Ғалымның айтуынша, ежелгі карталардан қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты деректерді іздеу жұмыстары әлемнің жетекші архивтері мен кітапханаларында жүргізілген. Айтуға жеңіл болғанымен, мұндай сирек жәдігерлер сақталған орындарға кіру, керек материалдарды көшірме жасап алу қаражатты, уақытты, табандылықты қажет етеді. Міне, ғылым жолындағы осы мехнаттан кейін Францияның Ұлттық кітапханасы, Британия кітапханасы, АҚШ-тың Конгресс кітапханасы, Бельгияның Корольдік кітапханасы және басқа да беделді мекемелер Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлына өз құпиясын  ашқан  тәрізді.

Біз сөз етіп отырған Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлының зерттеулері – Қазақ мемлекетінің бес ғасыр бойы бейнеленген карталарының толық жиынтығын қамтитын алғашқы каталогталған кітап-атлас. Ғалымның зерттеулері ғылыми маңызымен қатар, ұлттық идеологияның да маңызды тіректерінің бірі бола алады. Бұл еңбектер тек ғылыми қауымдастыққа ғана емес, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарына, сондай-ақ жалпы көпшілікке арналған. Ұлт тарихының дәлелді, нақты картографиялық негізде баяндалуы жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал ететіні анық. Мұхит-Ардагер Сыдықназаров өз зерттеулері арқылы қазақ мемлекеттілігінің тарихи картографиясын отандық ғылым қатарына енгізді. Аутор құрастырған атластар Қазақстан Республикасында мемлекеттік сананы қалыптастыруға, тарихи жадты жаңғыртуға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға орасан зор үлес қосып отыр.

Тарихи құжаттарға негізделген ғалымның жұмыстары қазақ халқының және оның мемлекеттілігінің қалыптасуын зерттеуде қыруар олқылықтарды жоя отырып, қазақ мемлекеттілігінің 600 жылдық құжатталған территориялық үзіліссіздігін дәлелдейді. Осы ретте айрықша атап өтетін басты мәлімет –  Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың аталмыш еңбегіне дейін ТМД елдерінің ешқайсысында үзіліссіз мемлекеттілік және территориялық тұтастықтың дәлелденуіне бағытталған тарихи картография саласында мұндай ауқымды, жүйелі зерттеулер болған емес. Ғалымның зерттеулері Қазақстанның тарихи ғылымындағы ақтаңдақтарды ашып, бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін этникалық бірегейлік факторы ретінде жүйелейді. Осылайша, қазақ мемлекеттілігінің үзіліссіз, тәуелсіз ғұмырын нақты деректерге сүйене отырып,  дәлелдеп  шығады.

Еңбекпен танысқанда картографиялық аумақ, біртұтас Қазақ мемлекетінің жер мен халқы тарихи тұрғыдан, саясаттану, этнология, мәдени антропология, мәдениеттану, социология, көші-қон, әскери зерттеулер, геральдика, вексиллология, әскери ғылымдар, археология, халықаралық қатынастар және басқа да аспектілер деңгейінде қарастырылғандығына көз жеткізуге болады. Жұмыстың ғылыми нәтижелері ел мерейін өсіріп, көңілге қуаныш орнатады. Еліміз ұстанып отырған «Мәңгілік Ел» идеясы мен «Жаңа Қазақстан» идеологиясын тереңірек  түсіне  бастайсын.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров – талай шетелдің ғылыми ортасын мойындатқан ғалым. Мұны  Польша Ғылым академиясының шақыруымен ғылыми жиынға қатысып (Варшава қ., қараша 2024 жыл), зерттеулері мен екі ғылыми еңбегі бойынша кең ауқымды баяндама жасауы және Варшава университетінің шығыстану факультетінің шақыруымен (қараша 2024 жыл) ашық дәрістер өткізуі  дәлел.

Өз елімізде Түркi әлемінің географтарының конгресінде (Түркістан қаласы, 2024 жылдың сәуірі) ғалым әлемде алғаш рет «Түркi мемлекеттерінің IX-XIX ғасырлардағы ескі карталар галереясын» ашты. Мұнда ғалымның 20 жылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде әлемнің архивтерінен табылған, түркi мемлекеттерінің (Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия) өте сирек карталары  топтастырылған.

IMG_8909

Қазақстанның мемлекеттілігін насихаттау мақсатында ғалым «Қазақ мемлекетінің XV-XIX ғасырлардағы Еуропа және Америка карталары галереясын» Астанада, Алматыда, Түркістанда, Ақтөбеде, Көкшетауда, Қарағандыда, Өскеменде, Оралда, Шымкентте, сондай-ақ Брюссель, Лондон, Париж, Чикаго, Сан-Франциско, Варшава, Мәскеу сияқты шетелдік қалаларда ашты. Сонымен қатар Қазақстанның диаспорасы көп қоныстанған Ресей, Өзбекстан, Түркіменстанның кітапханаларына еңбектерін сыйға тартып, шетелдегі қазақ бауырларымыз үзіліссіз қазақ мемлекеттілігінің мұрагері екенін тануға мүмкіндік  ашты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты стратегиялық мақаласында: «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет» деп баса  айтқан  болатын.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы Сыдықназаровтың «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XV–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» тақырыбы аясындағы ғылыми еңбектері Қазақстан Республикасының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлығын алуға лайықты  деп  санаймыз.

Мұрат Сабыр,

Азамат Мамыров,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық 

университетінің профессорлары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале