16 ақпанда қазақстандықтардың 2019-2022 жылдардағы жеке деректерін белгісіз біреулер GitHub ресурсында жариялаған.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, жарияланған ақпаратта қазақстандық байланыс операторларының абоненттері туралы ресми ақпарат бар. Сонымен қатар олардың арасында «Қазақтелеком» АҚ, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ, «Эйр Астана» АҚ аталды.
Министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитеті және «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-мен бірлесіп ұялы байланыс операторларының ақпараттық қауіпсіздігінің жай-күйіне талдау жүргізді.
Бүгінде компанияларды отандық ақпараттық қауіпсіздік операциялық орталықтары қорғайды.
- Сонымен қатар министрлік «Қазақтелеком» АҚ, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ, «Эйр Астана» АҚ-ға қатысты ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Нәтижесінде екі заңды тұлға («Қазақтелеком» АҚ, «ЭйрАстана» АҚ) Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 641-бабының 1-бөлігінің 2-тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтарды жою үшін бір жыл мерзімге нұсқама берілді. «БЖЗҚ» АҚ бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ.
Қазіргі уақытта аталған ұйымдардың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы ақпараттық қауіпсіздік инциденттерін анықтау мақсатында тәулік бойы мониторингте тұрғанын атап өткен жөн.