Биылғы жылдың 11 қаңтар күні облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен құрылған арнайы делегация Ресей Федерациясының Псков облысы, Невель қаласына іссапарға аттанған болатын.
Делегацияның басты мақсаты — 1943 жылы Невель қаласын азат ету кезінде ерлікпен қаза тапқан қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың жерленген жеріне тағзым етіп, құран бағыштау.
12 қаңтар күні Невель қаласына жеткен жерлестерімізді қала басшысы Олег Майоров қабылдады. Делегация құрамында еңбек ардагері, қоғам белсендісі Табылғали Сапаров, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, «Поиск» іздестіру тобының жетекшісі Марат Аққалиев, тарихи-мәдени мұраларды қорғау инспекциясы өкілі Абзал Замирұлы, облыс орталығындағы Мәншүк Мәметова музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов, суретші Қайыр Оразғалиев және Манас Аққожиндер бар.
Бізбен байланысқа шыққан Ахмедияр Батырхановтың айтуынша, делегация Мәншүктің ерлікпен қаза тапқан жеріне гүл шоқтарын қойып, батырдың басына тағзым етті. Сонымен қатар, Невель қаласының орталығындағы Баубек Баймульдин мен Ыбырайым Сүлейменовтің ескерткіштеріне де құрмет көрсетілді.
Сапар барысында делегация Новосокольники ауданының Монакова ауылына барып, Әлия Молдағұлова жерленген орынға құран оқып, гүл шоқтарын қойды.
Өз тілшіміз.