Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халықтың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен тығыз байланыста дамып келеді. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Өнердің бұл түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Археология мен топономиканың деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясында мыс, алтын, күміс тағы басқа асыл және түсті металдарға бай кен орындарын иегеру ісінің ежелгі замандарда-ақ қолға алғандығын айғақтайды. Үй кәсібіне негізделген ұлттық қолөнердің басқа түрлеріне қарағанда, зергерлік өнердің өзіндік жасалу ерекшелігіне тән кәсіптік мінездемесі бар. Қазақ зергерлері көбіне жеке-дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр-сырын ұрпақтан-ұрпаққа үйретіп отырған.

Олар алдын ала арнайы дайындықтан өтетін, белгілі бір құрал-саймандарды ғана қолданатын. Зергерлердің соғатын заттарының түрлері өте көп болған. Оған әйелдердің әшекейлері, киім-кешекке тағатын түрлі сәндік бұйымдары, ас-су жабдықтары, киіз үйдің ағаш сүйегіндегі ою-өрнек, жиһаздық заттар, ағаш ыдыс-аяқ, тері торсық, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, ат-тұрман әбзелдері және тағы басқалар жатады. Бұларды әсемдеу үшін көбіне алтынды, әсіресе, күмісті молырақ қолданған. Зергерлер металдың өңін ашу шеберлегін жете білген. Күміс бұйымдарды асыл тастардан және агат, інжу, маржан, жақұттан көз қондыру арқылы да әсемдей түскен. Түрлі түсті шыныларды және тағы басқа әсем рең беретін заттарды да кәдеге асырған.
Зергерлердің көп жасаған бұйымдарының қатарына әйелдерге арналған әшекейлер жатады. Әшекей бұйымдар тек сән-салтанат үшін ғана емес, әдет-ғұрып, наным-сенімге де тікелей қатысты болғандықтан кез келген әлеуметтік ортаның өкілі өз хал-қадірінше әр түрлі әшекейлер иемденуге, тағуға тырысқан.
Нағыз зергерлердің қолынан шыққан бұйымдар ғасырлар елегінен өтіп, бізге жетіп отыр. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музей қорында XIX-XX ғасырларға жататын зергерлік бұйымдардың мол коллекциясы жинақталған. Солардың ішінде ерекше тоқталып өтетін әшекейлердің бірі – құстұмсық жүзік пен құдағи жүзік.
Ізгі тілектер әшекейге түскен түрлі пішін, өрнек арқылы астарлы жеткізіліп отырған. Құстұмсық жүзікті бойжеткен қыздар таққан, бақыттың, тәуелсіздіктің, құс тәрізді еркіндіктің белгісін білдіреді. Құстұмсық жүзікті ер балаларға да ырымдап таққан. Ер қолындағы құстұмсық - еркіндіктің, тәуелсіздіктің белгісі және қауіп-қатерден сақтап, жаудың сағын сындырсын деген мағынада. Сондай-ақ қазақтың хандары да қолдарына құс тұмсық жүзікті мөр ретінде таққан (жүзіктерінде араб тілінде есімдері жазылған). Күмістен қалың және мықты етіп жасалған. Құстың тұмсығына ұқсаған оюлармен әшекейленеді. Дәстүр бойынша ұзатылып бара жатқан қызының қолындағы құстұмсық жүзікті анасы шешіп алып, қыз жасауымен бірге орамалға түйіп, сандығына салып жіберетін болған. Бұрында хәл жағдайын сұрайтын байланыс құралдары болмаған кезде бұл жүзік қыз жағдайының хабаршысы ретінде кейін қайтып келуі керек. Сондықтан, уақыт өте келе қыздың төркін жағынан оның қал-жағдайын білуге барған бауырлары осы құстұмсық жүзікті қайтып әкелсе, қыздың анасы қатты қуанып, құдағиым қызыма өз қызындай қарайды екен деп, риза болып, арнайы тапсырыспен құдағиына таза күмістен құдағи жүзік даярлатады.

Сый-құрметтің белгісі саналатын құдағи жүзіктердің пішініне қарай әр түрлері музей экспозициясында қойылған. Ол басқа жүзіктерге ұқсамайды. Екі саусаққа қатар киілетін екі шеңберден тұратын жүзік – үстіңгі беті біртұтас болып келетін, әдемі тастармен безендірілген ұлт өнеріндегі бірегей дүние. Құдағи жүзіктер көбіне Қазақстанның батысында және оңтүстік батысында жасалған. Жүзіктің бет жағындағы екі шаңырақ екі әулеттің жақындасқанын білдірсе, ортасында екі жастың бақытын қорғайтын тұмар орналасқан. Жүзік жалпақ дөңгелек жердің, ғаламның, шаңырақтың пішінінде жасалған. Астындағы саусаққа тағатын сақиналары екеу болып келеді. Оның себебі екі жұп, екі әулет мәңгілік бірге дегенді білдіреді. Құдағи жүзік оң қолдың үшінші, төртінші саусақтарына киіледі. Жалпы айтқанда жүзікті қыздың анасы құдағиына шын жүректен аналық қамқорлығы үшін сыйға тартады. Құдағи жүзікті көрген адам оның иесі сыйлы, қадірлі, аналық мейірімімен келінді тәрбиелеген құрметті ана екенін бірден білетін болған. Осындай марапатқа ие болу, құдағиынан сыйлық алу, бәрінің қолынан келе бермейді. Құдағи жүзік тағылған күннің өзі тойға айналады. Құдағи жүзіктерді музей қорына 1991 жылы белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы Мәтжан Тілеужанов, екіншісін К.Рамазанова тапсырған.
Қыз-келіншектердің зергерлік бұйымдары, асыл тастары, оларға бейнеленген ою-өрнектері олардың әсем келбетіне әдемі үн қосып, сымбатын одан әрі ажарландырып, тартымдылығын арттыра түседі.
Халқымыздың зергерлік өнері күрделі жолдармен бүгінге жетіп, ұлттық мәдениет тарихымыздың шоқтығын биікке көтеріп, тарихымызды әріден аңғартып отыр. Олай болса, сұлулықтың нышаны болған ұлттық әшекейлеріміз халқымыздың сарқылмас қазынасы, бай мұрасы болып, ғасырдан ғасырға жалғаса берері анық.
Жанаргүл Срымова,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы