9.11.2023, 10:30
Оқылды: 55

Қазақы болмысты Гонжа

Дүниежүзілік жастар күні қарсаңында қазақ халқының салт-дәстүрін қадірлеп, тілін құрметтейтін белсенді студент Гонжа Николаевамен тілдестік. Ол бүгінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қаржы мамандығы бойынша ІІІ курсында оқып жүр. Ол – біздің өңірдегі Қазақстан халқы ассамблеясының «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше.

гонжа

«Жалпы саламатты өмір салтын ұстанып,  қоғамдық жұмыстарға атсалысқанды дұрыс көремін. Мектеп қабырғасынан бастап түрлі ұлт өкілдері қатысатын іс-шараларда өнер көрсететін едім. Өмірде жан-жақты болуды берік ұстанамын. Әрине, әр істің басын бір шалуды құп көрмеймін. Десе де, қазіргідей уақытта бәрінен хабарың болуы керек деп есептеймін. Сондықтан да пайдалы іске кірісерде көп ойланбаймын. Дәл қазіргі уақытта өзім білім алатын университеттегі студенттер арасындағы өзге ұлт өкілдерінің басын біріктіре­тін «Достық» клубының жетекшісі болып жүрмін. Дегенмен білім алуды үнемі бірінші орынға қоямын. Өйткені білімді, тәрбиелі ұрпақ ел ертеңі үшін дұрыс шешім қабылдауға қабілетті болады деген ой санама берік бекіген. Қолым қалт еткенде қоғамдық жұмыстарда, іс-шараларда төбе көрсетіп тұрамын», – деді Гонжа Николаева.

Осыдан бірнеше күн бұрын бірлестік жастары Павлодар қаласында өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумға қатысты. Былтыр «AMANAT» партиясының облыстық филиалындағы белсенді жастардың да қатарына қосылып, республикалық маңызы бар іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосқан. Сол еңбегі үшін партия төрағасының алғысхатымен марапатталды. Сондай-ақ Орал қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілермен де бірге жұмыстанады. Кейіпкеріміз уақытының көп бөлігін оқуға арнап, арнайы курстарға қатысып, тіл үйренуде. Өзі жетік білетін қазақ, орыс тілдеріне қоса, түрік, араб тілдерін де меңгеруді мақсат тұтады.

«Отбасымызбен қазақ тілінде сөйлесеміз»

Кейіпкеріміздің атасы Николай Юркевичтің ұлты беларусь екен. Ал Гонжа есімі біздің елде кездесе бермейді демесең, кәнігі өзіміздің қазақы өңді қыз. Олай болатын себебі ол осы топырақта туған әрі әжесі қазақ. Гонжа 2004 жылғы тамыз айында Жәнібек ауданында өмірге  келген. Айтуынша, атасы Николайдың отбасы 1970 жылы Жәнібек ауданына қоныс аударыпты. Ал 1976 жылы кейіпкеріміздің әжесі Светлана Бексейітовамен танысып, көп өтпей шаңырақ көтерген. Сондай-ақ атасы мен әжесі аталған ауданнан 35 шақырым жердегі Қайрат совхозында бірі инженер-механик болып жұмыс істесе, бірі ауыр техникаларды жүргізген. Сөйтіп, жас кездерінде тынбай еңбек етіп, елдің алғысына бөленген. Адал еңбектерімен алты ұлды жеткізген ата мен әже бүгінде 15 немере сүйіп отыр. Гонжаның әкесі – сол алты ұлдың бірі. Әулетте­гі келіндердің арасында шешен  ұлтының  өкілі  бар.

гонжа2

– Кейде отырып әжемнің әңгімелерін тыңдағанды ұна­тамын. Өткен күндердегі естеліктерін айтып береді маған. Мен білгім келетін дүниелерді анық түсіну үшін әрі дұрыстап есте сақтау үшін қайталап сұрай беремін. Сондайда бір білгенім, олар танысқан жылдары әскерден келген атам көбіне орысша сөйлейтін болған. Содан әжем ол кісіге тұрмысқа шығатын кезде жұрт «Өзге ұлтқа ма?» деп таңғалыпты. Бірақ кейін атам ауыл адамдарымен жақын араласып, бірыңғай қазақша сөйлеуге көшкен. Жалпы біздің әулет үлкен. Үйде бәріміз қазақ тілінде сөйлесеміз, – деген кейіпкеріміз отбасының 2008 жылға дейін Жәнібек ауданында тұрғанын айтып өтті.

Орал қаласына көшіп келген уақытта өзі төрт жаста болыпты. Әкесі Мейрамбек Юркеевич қазіргі кезде қаламыздағы «Ануш-Құрылыс» мекемесінің инженер-механигі. Жалпы әулет мүшелерінің көбі осы мамандық бойынша жұмыс істейтін көрінеді. Анасы үйде ба­ла тәрбиесімен айналысады. Оның Азиза Николаева деген апасы мен Шамиль Юркеевич есімді інісі бар.

«Таза, мөлдір су»

Гонжаның бауырларының есімдері түрліше қойылған. Алғашында Гонжаның да есімін естіп, таңғалғанымыз рас. Бұрын ұшыратпаған дәл осы есімнің қай тілдегі сөз екенін білуге тырысып, қандай мағына беретінін іздедік. Алайда қисынға келетін болжам жасай алмай, мағынасын таба алмадық. Сөйтіп, осы бір ерекше есімнің не үшін қойылғанын өзінен сұрадық.

гонжа3

– Айналамдағыларға таңсық емес болғанымен, жаңа ортаға бара қалсам, көбі Гонжа деген атты бұған дейін кезіктірмегендерін айтады. Сосын «Кім қойды?», «Не үшін қойған?», «Есімің қандай мағына береді немесе қай тілдегі сөз?» дегендей сұрақтарын жаудырып жатады. Менің кез келген адаммен танысуым осылай басталады деуге болады. Өмірде адамның аты да үлкен маңызға ие деп ойлаймын. Өйткені кез келген ата-ана жаңа туған сәбиге есімді тағдырына әсер етеді деп ерекше қоюға тырысқан. Менің туған жерім Жәнібек ауданы болғасын жергілікті тұрғындар ат қоюға атүсті қарамайтынына куәмін. Қысқасы, менің атымды әкемнің Мирас деген інісі қойған екен. Мұның беларусь ұлтына қатысы жоқ. Себебі «Гонжа» сөзі түрік тілінде «Таза, мөлдір су» деген мағынаны білдіреді. Соған байланысты ары таза болсын деп ырымдапты. Адам атына да бей-жай қарамайтын нағашы жағымыздың, яғни қазақтың салт-дәстүрін сіңіріп өстік, – деген Гонжа Мейрамбекқызы ес білгенінен бастап қазақтың ырым-тыйымдарын естіп, жөн-жоралғыларын көріп өскенін айтты. Мәселен, ол әулетте баланы қырқынан шығару, бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, құда түсу сияқты дүниелер ретімен орындала­ды екен. Ал Айт мерекесі мен Наурыз айындағы нағыз жаңа жылымызды міндетті түрде тойлайтын көрінеді.

Бір сөзбен айтқанда, қазақтың қай дәстүрі де олардың жандарына жақын.

«Жаңа бренд қалыптастыруды армандаймын»

Сөз соңында біз жан-жақты студент Гонжа Николаевадан арман-мақсаттары жөнінде  сұрадық. Ол кідірместен «Мақ­сатым – осы елдің өркендеуіне кішкентай болса да үлесімді қосу. Сондай-ақ Қазақстанның абырой-беде­лін арттыратын және мұндағы ұлттардың бірлігін айқындап тұратын жаңа бренд қалыптастыруды армандаймын», – деп жауап қатты. Оның ойынша, Қазақстан мемлекетінде тұрып жатқан кез келген қазақтың немесе өзге ұлт өкілінің болсын елдің дамуы жолында аянып қалмауы керек. «Түсінесіз бе, бұл мемлекеттің тыныштығы мен тұтастығы, әр саласының қарыштап дамуы қазақстандықтар үшін ғана маңызды. Ал дамуды тек қа­на ғимараттардың жаңаруы немесе материалдық қажет­тіліктердің толығуымен есептеуге болмайды. Өзім дамуды мемлекеттегі ұлт өкілдерінің рухани қарым-қатынасының  жаңа кезеңі деп қабылдаймын. Сол тұрғыда даму керек бізге. Күн өткен сайын бірлікті нығайта түсу керек. Мынау кең өлкенің табиғатындай тартымды болып, таза жүріп, тату күн кешуге үнемі талпыныс жасап отыруымыз қажет. Бүгінге дейін көріп келе жатқан қазақ өзге этнос өкілдерін өгейсітпеді, бұдан кейін де солай болатынына сенімім мол. Қоғамдағы сонша сұмдық пен қиянаттарды көре отырып, шын қаласақ, бүгіннен бастап әділ  де бауырмал бола аламыз. Себебі ондай ізгі қасиет қазақтың ежелден қанында бар», – деп сөзін түйіндеді кейіпкер Гонжа.

Аманжол Исламғали,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале