Жуырда Татарстанның астанасы Қазан қаласындағы №175 мектебіне қарулы шабуыл жасалып, салдарынан 10-ға жуық оқушы мен екі ұстаз қайтыс болған еді. Соған орай облыстық ҚХА және «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері қаза тапқандар мен жапа шеккендердердің қайғыларына ортақтасып, Орал қаласындағы Ресей Федерациясы Бас консулдығының алдына гүл шоқтарын қойды.
- Қазан қаласының мектебінде болған террорлық акт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтамыз. Қайғылы жағдай ешкімді бейжай қалдырған жоқ, әрқайсымыздың жүрегімізге ауыр тиіп, зор күйзеліспен қабылдадық. Біз осы қайғылы оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Болашақта мұндай трагедияны болдырмауға тиіспіз, - деді «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы Медғат Қамбетов.
Өз кезегінде облыстық ҚХА мүшесі Данильбек Саратов әр ата-ана ұл-қызының тәрбиесіне мұқият зер салып, дұрыс бағыт-бағдар, тәрбие беру қажеттігін және қоғамда қырағы жүрудің маңыздылығын түсіндірді.
Содан соң жиналғандар Ресей Федерациясы Бас консулдығының алдына гүл шоқтарын қойды.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress