30.10.2019, 12:08
Оқылды: 716

Қазанның қасиетін білеміз бе?

Жуырда темір-терсек жинаумен айналысатын бір тұрғынның ауласында үйіліп жатқан металдардың арасынан екі-үш үлкенді-кішілі кәдімгі қазанды көзім шалып қалды. Ескі деп ескі емес, ешбір жері ұшпаған, тесілмеген қазанды біреу керексіз дүние ретінде тиын-тебен құрау үшін тапсыра салыпты. Сырты да таза, әлі талай отқа қойып, дәм дайындауға болатын,  асүй дегенде ең бірінші көз алдыңа елестейтін қазанның керексіз дүние болып темір-терсектің арасында жатқаны кәдімгідей көңілімді жүдетіп жіберді.

«Апырмай, мынаны кім тапсырды? Әлі жаңа ғой, бірнеше жыл пайдалануға болады», – деп айта беріппін. Айналшықтап, қолыма алып, бәлкім, жарамаған соң  әкелді ме екен деп аударып-төңкеріп қарадым. Алғаш жанұя құрып бөлек шығарғанда енемнің еншіме берген қазаны есіме түсе кетті (қазақта тұрмысқа шыққан қызға қазан бермейтін ырым бар емес пе?). Мен сол қазанмен қандай тамақ дайындамады десеңізші. Газдың үстіне қойып, екі жағына аударып-төңкеріп нан да пісіретінмін. Сол қазанда піскен нанның дәмін татқандар: «Сен қазанға нан пісіретін едің ғой, дәмі ерекше болатын», – деп әлі күнге еске алады. Құрт қайнатып, көже де пісіріп, қуырдағы өз алдына, әйтеуір, барынша пайдаланған едік. Және бұл әр үйдегі ең қолжетімді, жиі қолданылатын, онсыз бірдебір қонақ шақырылмайтын бұйым болатын. Аулаға құрылған қазан-ошақта піскен ауқаттың дәмі тіл үйіріп, иісі аңқып тұратын. Қазір сыртқа қазан-ошақ құрмақ түгілі, заманның дамуына орай ыдыс-аяқтың түр-түрі шыққан уақытта кәдімгі қара қазанымыздың керексіз болып қалғаны көңілімді  кәдімгідей  пәс  етті.

kazan

Осы тақырыпты қаузау мақсатымен тарихи әдебиеттерге үңіліп, халқымыздың жөн-жоралғыларын жинап,  оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім. Әріден бастасақ, талай жаугершілік заманда аяқ астынан жау шапқанда үдере көшкен жұрт үлгергені сытылып, үлгермеген ауру-сырқау, жасы ұлғайған жандарды қазанның астына жасырып кетеді екен. Төңкеріліп жатқан қара қазанға жаудың көзі тоқтамай өтіп кетеді. Сондай-ақ ертеректе артында ұр-пағы қалмаған жандардың бейітінің басына қазанды төңкеріп тастайды екен. Бұл «артында ұрпағы қалмады, оты өшті» деген мағына береді. Әжелеріміздің «қазанды төңкерме!» деген сөзі осындайда есіме түсіп отыр. Қайтыс болған адамның моласы бұзылса, түске кіріп мазаласа, басына қазан апарып қоятын да ырым  бар. Сол сияқты қайтқан кісінің соңынан ұрпақтары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, Құран оқытып, басына қазан төңкертетін. Халқымызда қазанға қатысты тағы да бір ырым – суға  батып кеткен адамды қазан арқылы табу. Адам суға батып кетсе,  үйіндегі қазанын төңкеріп, суға жібереді. Бұған таңданбасқа шара жоқ, әлгі қазан  адам батқан жерді айналып жүзіп тұрады екен.

Ал исі қазақ халқына киелі болып танылған тайқазанымыз туралы қалай айтпай өте аламыз?! Тайқазан сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйылған. Оның жасалған жылын тарихшыларымыз 1399 деп дәлелдеп отыр. «Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген хадис бар. Сондықтан да бұл тайқазан кесененің бұрышына жай ғана жәдігер ретінде қою үшін емес, жоғарыда айтылған сөзді шынайы ету үшін жасалған іс болса керек. Сол себепті Ясауи кесенесінің төрінде тұрған тайқазанды қаңсытпай, су құйып, шөлдеп келгендер шөлін бассын деп игі  амал жасалады. Тағы да тарихты таразыласақ, бұрындары сақ елінің бірлігі бұзылып, ел ішін берекесіздік, өзара өштесу жайлай бастапты. Сол кезде ел билеген көсемдер мен орақ тілді шешендер ақылдасып, халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырыпты. Сарбаздардың жебелеріндегі мыстарды балқытып, алып қазан құйыпты. Сол қазанға піскен тағамнан дәм татқан сарбаздар бір-біріне деген ренішін ұмытып, өзара ымыраға келіп, татуласыпты.

Бала кезімізде  әжелеріміз сырттағы қаз-қатар тізілген екі-үш ошақтың біріне сүтін пісіріп, екіншісіне тары-бидайын қуырып, үшіншісіне нан жабу үшін астына маздатып тезек жағып, қала берді, қазан бос тұрмасын деп су қайнататын. Әжелеріміздің «Қазанға салатының болмаса, тым болмағанда су құйып қайнат, қазаның қаңсып бос тұрмасын», – деп келіндеріне жиі айтатыны жадымда қалыпты. Мұның бәрі үйіңнен береке, ырыс кетпесін, қадірлі қонағың төріңе жиі келіп, қазан-ошағың оттан түспесін деп ырым еткені болса керек. Ендеше, қазанымызды қаңсытпай, керексіз етіп лақтыра салмай, асүйімізден орын берейік. Бәлкім, қайсыбір отбасындағы ырың-жырыңдардың жиі орын алуы, ажырасулардың салдары да осы құт-берекенің бастауы болып танылған қара қазанымыздың керексіз болып қалуынан да болар.  Бәрі  де  мүмкін…

Гүлшат  Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале