Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауылында еліміздің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігі жолында жан қиған жауынгерлерді еске алу шарасы өтті. «Қазбат» сарбаздарына арналған бұл тағылымды жиынға ішкі әскер ардагерлері, интернационалист жауынгерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауыл тұрғындары мен марқұмдардың жақын-жуықтары қатысты.
Ескерткіш маңына жиналғандар 1995 жылдың 7 сәуірінде Тәжікстандағы Пшихавр шатқалында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Араға отыз жыл салып, сол бір қасіретті күн қайта еске алынды. Бұл – ТМД шекарасын қорғау мақсатында моджахедтермен теңсіз шайқаста қаза тапқан қазақстандық бітімгерлердің қаһармандығын еске салатын қаралы дата. Бес сағатқа созылған бұл ұрыс ел тарихындағы ең ауыр жауынгерлік сынақтардың бірі болды. Жетінші ротаның командирі Ерлан Алданазаровтың жетекшілігімен жүріп жатқан операция барысында отандастарымыз асқан ерлік пен табандылық танытты.
Шараға сол шайқастың тірі куәгерлері – ұрыста қарулас жолдастарын ажалдан арашалаған ардагерлер де арнайы келіп қатысты. Олар өткен күндердің естелігін бөлісіп, бейбіт күннің бағасын ұғындырды.
Сол күні қаза тапқан 17 сарбаздың қатарында Шыңғырлау ауылының тумасы Радик Қаймулдинов та бар еді. Жиналған қауым оның ерлігіне ерекше тоқталып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
— Біз бүгін тек еске алып қана қоймай, ел үшін, ұрпақ болашағы үшін құрбан болған ерлерге тағзым етіп отырмыз. Бұл – әр азаматтың парызы. Өткенді ұмытпау – келешекке деген жауапкершіліктің белгісі, — деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы, полковник Жандос Құлбаев.
Митингтен соң қатысушылар марқұм Радик Қаймулдинов білім алған мектепке барып, естеліктермен бөлісті. Ізін ала «Қазбат» жауынгерлеріне арналған автошеру ұйымдастырылып, батырлардың ерлігі ел есінде мәңгі сақталатыны тағы бір мәрте паш етілді.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі