Алланың бұйрығымен он үш жыл ниеттеніп жүріп, жұбайым екеуіміз үлкен қажылық парызымызды өтеп келдік. Енді сол туралы аз-мұз ой тарқатсам деп едім. Алдымен айтарым, пойызбен Алматыға жетіп, әуежай басында ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен жүздестік. Ол кісі қажылыққа жиналған жамағатты біраз жайлардан хабардар етіп, қиын кезде сабырлы болуға шақырды. Өз басым Наурызбай қажының көркем мінезді және өте қарапайым жан екенін аңғардым. Естелік суретке де түстік.
Енді қасиетті жер – Меккедегі хазіреттің жұмысы жайлы бірер сөз. Еліміздегі 18 қажылық компаниясы арқылы келген төрт мыңдай адамның қонақүйлерге орналасуынан бастап, бәрі-бәрі күнілгері ойластырылған. Бұл ретте мүфтидің бірінші орынбасары Ершат Оңғар, қажылық миссияның төрағасы Смайыл Сейітбек, ақпарат саласының өкілі Ағабек Қонарбайұлы секілді бауырларымыздың еңбектері ерен. Діни басқарма бекіткен бес бағыт бойынша, яғни уағыз-насихат, алғашқы медициналық көмек, ұйымдастыру-үйлестіру, пәтуа беру және ақпарат тарату бойынша жүргізілген жұмыстар көңілге сондай қонымды болды. Бұдан бөлек парызды өту кезінде шайтанға тас лақтыратын жерге жаяу баратын болғасын, жұбайымды дәрігерге қаратып алуға алып бардым. Бұл жерде де бізді жылы қарсы алып, арнайы мамандар дәрі-дәрмекті тегін беріп, ақыл-кеңестерін айтып, шығарып салды.
Жасыратыны жоқ, қажылық кезінде Бас мүфти мен имамдардың айтқандарын мүлтіксіз орындағандар кейбір сынақтардан сүрінбей өтті. Өзім білемге салынғандар адасып, түрлі қиыншылыққа кезіккені тағы рас. Негізі ортадан сайланған әмірге құлақ асу керектігін Бас мүфтиіміз бен топ жетекшілері айтудай-ақ айтты. Біз тек қажылық өтесек, олар өзге де ұйымдастыру жұмыстарын қоса атқарды.
Міне, сағына күткен қажылық сапар да мәреге жетіп, қара шаңырағыма оралдым. Осы жолға аттануыма қол ұшын беріп, өз қамқорлықтарын көрсеткен барша мұсылман бауырларға айтарым – алғыс. Әрі имандылық жолындағы осынау еңбектерің мол сауапқа кенелтсін дегім келеді!
Нұрлан қажы Саматұлы,
Орал қаласы