4.07.2024, 12:15
Оқылды: 194

«Қазір жаңақалалықтар үшін су қат, жер жылдам тозып барады. Неге?»

1960 жылдары әкем «Бірлік» совхозының шопаны еді. Жаз шыға Соркөлдің жағасына көшіп қонамыз. Жалғыз біз емес, көлді айнала 3-4 шақырым сайын бір шопан отырады. Бұл – қойдың көптігі. Киік те қаптап жүреді. Бірақ жер тозбайтын еді.

Орал

1960-1961 жылдары жұмыс барысымен екі отбасы құм жиегіндегі Көктауға көшіп бардық.

Ойын баласы бізге құмның мысықтай балпағы, батпаны, бәрі қызық, ертеден кешке дейін шағыл аралап, үй көрмейміз. Сонда алып жүрген қысқа сап күрегімізбен құмды қазсақ, метрге жетер-жетпес жерден су шығатын еді. Бұған қазір ешкім сенбес, растығына сол кезде бірге ойнаған қарасирақтар, қазіргі жетпісті алқымдаған қарттар куә.

Бұл екі жайды неге айтып отырмын? Бірінші себебі – малдың да, киіктің де көптігінен жердің тозбағаны. Екіншіден, оған сеп болатыны – жерасты суының жер бетіне тым жақын жатқаны еді.

Қазір жаңалалықтар үшін су қат, жер жылдам тозып барады. Неге?

Жалпы Жаңақала ауданы жерінде Қараөзен, Сарыөзен, Көшім, Мұқыр, Қоңырсай өзендері мен Жалтыркөл, Бірқазан, Итбатыр, Қаңбақты, Бесоба, Еділсор, Қабыршақты, Райым, Тұщыбұлақ, Сарыайдын, Соркөл көлдері бар. Бұрын жазғытұрым осы өзендер тасығанда аталған көлдерді толтырып, мол су арнасынан аса жайылып, құмға асатын. Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, құсы жыртылып айырылған қайран сол бір мамыражай заман-ай!

– Көктемде тасыған су көшеге жол қуалап кіргенде ілесе келген сары сазандарды етегімізбен сүзіп алушы едік. Оған бүгін кім шанады? - дейді сарыкөлдік, мұқырлық кейбір әжелер сол күндерді сағынышпен еске алып.

Иә, кім шанады? Соңғы жылдары көктемде жылымшылап қана аққан өзендер күзге жетпей тартылып, жоғарыда аталған көлдер түгелге жуық кеуіп қалатын болды. Әжелеріміз аңсаса аңсағандай, табан балықты уақ, шортанды дәмсіз деп, құлаш-құлаш сары сазанды таңдап жейтін мұқырлық, сарыкөлдіктер көлдері кепкесін балық түгілі бақа таппайтын болды емес пе? Неге?

Себебі су сату да кәсіпке айналды. Бізге келетін өзендердің бәрінің бастауы жоғарыда, басқа елде. Олар айлапат су қоймаларын салып, өзендерді тұсады, ауысқанын тым қымбатқа сатып, пайдаға кенелді. «Тұманың басындағылар таза су ішеді, аяғындағылар у ішеді» деген сөз ақиқатқа айналды. Табиғаттың тепе-теңдігі бұзылды.

Шіркін-ай, басқасын айтпағанда Жаңақала жеріндегі сексен көл бар Қамыссамар аң, құс, балығы мол, жайылым, шабындығы шексіз кең жайлау емес пе еді? Қуаңшылық жылдары бір емес, екі ауданның малы еркін қыстап, жұтамай шығатынына көрші аудандар куә. Өзендер суалғасын сол құйқалы қоныс судан жұтады.

Көлдер кепті, содан нәр алатын жерасты суы қашты. Су болмағасын қоныс еткен жұрт ауды, құс, аңы босып, балығы қырылды. Көз алдымызда құс ұшып, аң жүгірмес құла түзге айналып бара жатқандай еді. Кезінде құлаштан су шығатын Көктаудың жерін қазір ұңғыласаң да су шығаруың екіталай. Суы кепкен Райымның жел тұрса ақ топырағы көтеріліп, Аралға айналдық ау деп жаңақазандықтардың зар қағып жүргені де рас-ты. Нәр берер өзен, көл құрғап, жерасты суы тереңге кеткесін, тамыры ылғал ала алмаған шөп қурап, жер тозбай неғылсын?!

Көз жасымызды құдай көргендей биыл су келді. Келгенде мол келді. Мұндай қарық қылған мол судың қашан келгенін де ұмыта бастап едік. Ұмытпасақ, 1994 жылы ғой... Қараөзен қатты тасып, бойындағы ауылдар суға шайылудан әупіріммен аман қалып еді-ау! Суға кетуден қатты қорықсақ та, мол су келгеніне сонша қуанып едік. Содан кейін таз кепешімізді қайта киіп, сатып алған болмашы сумен өлмешінің күнін кешіп келдік.

Биыл, міне, үш өзеніміз қатар тасып, қарық болып қалдық. Келген судың молдығы ғой, қанша жылдан кеуіп жатқан, жаңақазандықтар күдер үзген Райымға су түскенін естіп, сенер-сенбесімізді білмей отырмыз. Жаңақазан ауылының жанындағы екі айдынды толтырып, құмға біраз ендеп барып кері тепкенде ғана Райымға су түседі дейтін. Демек, сабырмен таситын Сарыөзен суының молдығы. Қайырымен болғай!

Кейінгі кездері суы кеуіп, сорға айналған Қаңбақтыға да су толды. Тартылатартыла шалшыққа айналып, сасып жатқан Соркөлдің толқыны жарға соғуға жақын.

Жолындағы көлдерді суға толтырған арудың қос бұрымындай жарыса аққан қос өзен – Қараөзен мен Сарыөзен суы арнасымен құмға кірді.

Бұрын Қабыршақты аталған, қазір Көшім аталатын өзенімізден де су келіп жатыр. Құрғап қалған Жаңаталап, Бірлік көлдеріне су түсуде, толмаса да біраз талғау етерлік ырыздық болар деген үміттеміз.

Айтқандай, су жүрген жер ырыс қой. Сумен бірге құс, балық та оралды. Бұрын балықтың ордасы болған мұқырлық, сарыкөлдік ағайындар соңғы жылдары сары сазандары түсіне кіріп, балықты қатты аңсағанда Жаңақаладан шабақ сатып алып, талғау ететін еді. Биыл, міне, «сазан ауға түсе бастады» деп бөріктерін аспанға атуда. Ұзағынан болғай! Тек «Бақша байлық бір айлық» дегендей, судың мол келуі тағы да жиырма жылға үзілмесе екен!

Су – ырыс. Ендігі айтарымыз, осы сағындырып келген мол судың ысырап болмағаны дұрыс. Тасыған судың да сұрауы бар. Келген су ысырапсыз алынып жатыр ма? Арналар тазартылып, су керек жеріне кедергісіз түсуде ме? Шабындықтарға шығарылған көп су уақтылы кері алынды ма?

Керексіз жерге кеткен суға кім жауап береді? Судың алды құмға кетті. Барғаны дұрыс, жерасты суы содан нәр алады. Десе де су түгел құмға кетпей, керекті су көлдерде қалды ма? Сұрақ көп. Бәрі ойдағыдай емесі де анық.

Мұны суға жауапты адамдар естен шығармаса екен дейміз. Өйткені мұндай су жылда келмейді. Сондықтан мол деп ысырапқа жол берілмегені абзал.

Өмірзақ Ақбасов

Қазақстанның құрметті журналисі

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале