Батыс Қазақстан облысында Казталов деген аудан, оның орталығы Казталовка деген ауыл бар. Казталов – орысша «Казахская Таловка» дегеннен шыққан. Яғни бастан-аяқ орысша атау. Мен ылғи газетте немесе басқа да жерде «Қазталов» деп жазамын, бұл өзімше қазақшалаған түрім ғой.
Қазталов – тарихи мекен, ата қоныс. Алтын орда ыдырап, ұсақ хандықтарға бөлінген тұста біраз жыл қалмақ жайлаған бұл өңірге қазақтар XVIII ғасырдан-ақ қайта келе бастағанын тарихи деректер көрсетеді. Ал 1801 жылдан Еділ мен Жайық арасын Бөкей хан жайлап, кейін Жәңгір ханның кезінде әкімшілік бөліністер қалыптасқанда, Бөкейліктің Орда, Жәнібек, Жаңақазан, Жәнібек секілді Қазталов та тірек бекетіне айналған. 1860 жылдан Ішкі ордадағы екі округ, бес қисымның (І-ІІ Теңіз округтері, Нарын, Қалмақ, Тарғын, Қамыс-Самар және Талөпке) бірінің орталығы. Көне жазбалардың біразын қарап шықтым, орысша «Таловская часть» – қазақ тілінде «Талөпке» немесе «Талөкпе» деп аралас жазыла берген.
Талөпке қисымын әр жылдары Көшекқали Шығайұлы, Мұхамед-Салық Бабажанов, Шарафаддин Шығаев, Ілияс Жанболатовтар басқарған. «Талов», «Таловка» деген атауды ғалымдар орыстың «талая вода», яғни еріген қар суы, қарасу деген сөзінен шығарады. Айта кетейік, Қазталовтан бөлек, сол маңда «Русская Таловка» деген де қоныс бар.
Белгілі тарихшы, осы өңірдің тумасы, «Казталовка – байырғы атамекен» (Алматы, 1994) атты кітап жазған Исатай Кенжәлиев ағамыз 1830 жылдары архив құжаттарында «форпост Таловский» деп аталған Таловая бекінісінің атауын «орыстың еш өзенге құймайтын, тұйық сайға жиналған қардың суы» деген сөзінен шыққанын айтады. Дегенмен қазақ арасында «Қарасу бойын қаптай өскен тал мен көгорай шалғын, жолаушы демалатын жайлы орын болғандықтан Талөкпе аталған» деген сынды нұсқа бар екенін айтып, бірақ «оны Талөкпе деп қазақшалауға тырысқаннан гөрі қажет болса әу бастағы «Қарасу» деген төл атауын қайтарған орынды сияқты» деп түйіндеген.
Соңғы жылдары Казталов ауданы бейресми түрде «Қос өзен елі» деп аталып, аудан шекарасына осындай жазба да ілінген еді. Бұл Қараөзен мен Сарыөзенді қатар жайлаған Казталов пен Жалпақталға ортақ атау болсын деген ниеттен туғаны түсінікті. Бірақ жергілікті тұрғындар арасында бұл түрлі пікір туғызды. Әсіресе, казталовтықтар бұл сөзге қарсылық білдіріп, әлеуметтік желіде үлкен айтыс болды.
Дегенмен «Казталов» – қимайтындай, қастерлеп алға апаратындай атау емес қой. Өңірде соңғы жылдары ономастика саласында оң өзгерістер болды. Үлкен ауданның атауы, аудан орталығының атауы ауысып, қазақы қалыпқа түсіп жатыр.
Тарихи құжаттарға қарап отырсақ, 1930 жылдары Батыс Қазақстан облысындағы Талов ауданы қазақ тілінде «Тал ауданы» деп жазылғанын көреміз. Ендеше, «тал» атауы осы өңірге әуелден жат емес. Казталовтың сыңары – бұрынғы Сламихин стансасының қазақша Жалпақтал аталуы да тегін болмас.
Ендеше, «Казталов» атауын сәл өңдеп, «Қазақтал» деп неге атамасқа?!
*Суретте: Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив қорындағы құжаттар
Қазбек Құттымұратұлы
журналист, өлкетанушы