17.01.2017, 11:58
Оқылды: 63

Қазталов ауданы ауылдарын сумен қамтуға 817 млн. теңге бөлініп отыр

Kaztalov su  Облыс орталығынан шалғай жатқан өңірдің бірі Қазталов ауданының ауылдарын сумен қамтуға биыл 817 млн. теңге бөлініп отыр. Аудан әкімі Нұрлан Бекқайырдың айтуынша, 2017 жылы Қазталов, Жалпақтал ауылдарының су құбырын қайта құру жұмыстарын аяқтауға 349 млн. теңге, сондай-ақ Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа, Ақпәтер, Бостандық, Жаңажол, Қайыңды ауылдарындағы су құбыры желілерін бастап кетуге республикалық және облыстық бюджеттен 468 млн. теңге қаралды.


  Өткен жылы облыс бойынша төрт ауданға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 379 млн. теңге бөлінсе, соның 322 млн. теңгесі немесе 85 пайызы Қазталовқа бөлінді. 2016 жылы Нұрсай ауылын сумен жабдықтау нысанын 250 млн. теңгеге «Құрылысгаз» ЖШС үш ай мерзімде салып бітірсе, аудан орталығы Қазталовты сумен жабдықтау жүйесін қайта құруды «Батысгазстрой» ЖШС жүргізуде. Бұған қаралған 241,2 млн. астам теңгенің өткен жылы 62 млн. теңгесі игерілді.

   «Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауымен ауданымыздағы өзекті мәселенің бірі осылайша шешілуде. Басқа да кезек күтіп тұрған түйткілді жайттар баршылық. Олардың бәрі ертең ауылдық округтерде басталып, 3 ақпан күні аудан орталығында мәреге жететін әкімдердің тұрғындармен есептік кездесулерінде нақтыланып, мүмкіндігіне қарай шешімін табатын болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Нұрлан Мағазұлы. Еске сала кетейік, БҚО-да биыл елуге жуық елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін 5,7 млрд. теңге қарастырылып отыр. Жалпы, өңірде 443 елді мекен болса, осы кезге дейін соның 36 пайызы ғана ауыз  сумен қамтылған.

Елжан Ералы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале