Наурыз мейрамы – көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениетіміздің қайта түлеген ерекше мерекесі.
Кеше Казталов аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің базасында «Наурыз шуағы – 2025» атты мерекелік шара өтті. Мерекелік шара барысында театрландырылған көріністер, ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар, қолөнершілер көрмесі және ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу шаралары ұйымдастырылды. Бұл туралы Казталов аудандық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Наурыз шуағы» шарасында Наурыз көже мен ыстық бауырсақтан және өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың ұлттық ойындарын қызықтап мәз-мейрам болғандардың да қатары қалың болды.
Ұлық мерекені халықпен бірге тойлауға келген аудан әкімінің орынбасары Серік Кайрлиев ата-аналар мен шараға қатысушы оқушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізге бақ-береке тіледі.
Киіз үйде ән шырқаған ақжаулықты әжелеріміз ұлттық құндылығымызды дәріптеу негізінде «Ақбұлақ», «Дастархан» т.б қазақ халық әндерін шырқады.
Айтулы шарада тәрбиелік мәні зор ойындар ұлықталып, балаларымыз ұлттық спорт түрлерін де жарыса ойнады. Жиылғандар жас ерекшеліктеріне сай қол күрес, ләңгі тебу, арқан тарту сайыстары бойынша өнерлерін көрсетіп, ұлттық ойынның көркін қыздырды.
Молшылық пен берекенің, жаңару мен жаңғырудың символы, жақсылықтың жаршысына айналған Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі құтты болсын!