19.09.2025, 11:45
Оқылды: 270

«KAZTALOV-INVEST» I ауданның инвестициялық форумы – жаңа идеялар мен ортақ бастамалардың бастауы

Казталов ауданы орталығындағы Мәдениет үйінде  «KAZTALOV-INVEST» I аудандық инвестициялық форум өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Тлепберген Қаюпов, облыстық мемлекеттік құрылымдардың және даму институттарының өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары, округ әкімдері, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.

0N6A0374

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс», – деп атап өткен еді. Бұл – біздің баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтін айқын бағдар. Өйткені инвестиция – тек қаржылық құйылым ғана емес, ол жаңа жұмыс орындары, заманауи технология, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі. Сондықтан инвестициялық форум – ауданымыздың әлеуетін танытып, жаңа серіктестіктерге жол ашатын, ортақ мақсатқа қол жеткізуге арналған тиімді алаң,  – деді басқосуды ашқан аудан әкімі Асыланбек Сарқұлов.

0N6A0430

Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов құттықтау сөзінде Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында алғаш рет ұйымдастырылып отырған инвестициялық форумды облыс әкімдігі қолдайтынын, аудан әлеуетін танытуға, жобаларды жүзеге асыруды, инвесторлармен тиімді әріптестік орнатуды көздейтін диалог алаңы екенін  атап өтті. «Президент Жолдауында елімізде жаңа инвестиция кезеңі басталғаны айтылды. Енді негізгі басымдық өңдеу өнеркәсібін, жоғары технологияларды және жасыл экономиканы дамытуға берілмек. Осы бағытта облыс әкімдігі ауданмен бірлесе отырып, инвесторларға барлық жағдай жасауға дайын. Казталов ауданы ― ауыл шаруашылығына қолайлы жері бар, еңбекқор халқы бар, табиғи мүмкіндігі мол өңір. Бұл әлеуетті дұрыс пайдалану арқылы біз ауданның да, облыстың да дамуына серпін бере аламыз. 2025 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 393,4 млрд теңгені құрап, 2024 жылғы сәйкесті кезеңімен салыстырғанда (2024 жылдың 8 ай - 355,3 млрд теңге) 5,4% артты. 2025-2029 жылдарға аудан бойынша агроөнеркәсіп кешен саласында және қызмет көрсету саласында жалпы құны 1,8 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асыру жоспарда бар, – деді Тілепберген Ерсайұлы.

0N6A0401

Өңдеумен айналысу өзекті

   Инвестфорумда аудан әкімінің орынбасары Рашит  Иманғалиев аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуы туралы баяндады. Соңғы жылдары ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны да, сапасы да өскен. 2025 жылдың 1 қыркүйегіне ауданда 1941 шағын және орта бизнес субьектісі тіркеліп, жұмыс жасауда. 2023-2024 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына   аудандағы 16 ауылдық округ түгел қатысып, 774,5 млн теңгеге 123 өтініш тапсырып, несие алды. Осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алған 123 несие алушының 100-і жаңадан жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 110 жаңа жұмыс орнын құрды. Бұл бағдарлама бойынша берілген  несиелердің басым бөлігі мал шаруашылығы дамытуға бағытталған. Енді сол несие алушыларды өндірісті жолға қойып, өңдеумен айналысуға бағыттау жұмыстары жүргізілуде. Қошанкөл ауылдық округінде қымыз, Көктерек   ауылдық округінде шұбат өндіру, Қараоба ауылдық округінде шұжық өндірісі, Талдықұдық ауылдық округінде жылыжай шаруашылығы, Ақпәтер, Казталов ауылдық округтерінде екпе шөп өсіру  кәсіптері қолға алынды. Биылғы жылы жалпы құны 507,1 млн теңгеге 79 жобаны жүзеге асыру жоспарлануып, 51 адамды жұмыспен қамту көзделген.

f25cf865-5625-494c-b0f8-559c58e2e8d7

Қазіргі кезде «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ мекемесіне сомасы 39,8 млн теңгеге екі жобаға өтінім тапсырылды. Оның біріншісі – Көктерек ауылдық округінен «Оразғали-Агро» АШӨК-тің «Меринос» асыл тұқымды қойын өсіру және бордақылау»,  екіншісі Бостандық ауылдық округінен Асылжан Тасболатовтың «Дәмханаға құрал жабдық алу» жобалары. Сонымен қатар жалпы құны 42,8 млн теңге болатын бес жобаның құжаты тапсырылуға дайын.  2024-2025 жылдары 79 адамға өздерінің жаңа бизнес-идеяларын «жандандыруға» 109,3 млн теңге қаражат бөлініп, берілді. Бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі жастар, көп балалы және табысы аз отбасылар, еңбек етуге қабілетті мүгедектігі бар адамдар. Нәтижесінде жылыжай, наубайхана, кондитерлік, фастфуд және жартылай дайын өнімдер, құс шаруашылығы, монша, тігін қызметтері, ұлттық қолөнер, өрнекті сурет басу (шелкография), өрнектас дайындау, ағаштан   жиһаз жасау, дәнекерлеу және темір бұйымдарын жасау бағытында өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік берілді.

Инвестициялық меже  21 млрд теңге

Биыл ауданда негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін 21 млрд теңгеге жеткізу межеленді. Өткен қаңтар-шілде айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 14 млрд 796 млн теңгені, соның ішінде жеке инвестициялар 11 млрд 190 млн теңгені құрады. Ауыл, орман және балық шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 847 млн 860 мың теңге болды.  Сонымен қатар 2025-2029 жылдары 1 млрд 473,4 млн теңгенің 18 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Осы жобалардың «жандануы» арқасында 62 адамды тұрақты жұмыспен, 8 адамды маусымдық жұмыспен қамтамасыз ету көзделген. Инвестициялық жобалардың ішінде құны 100 миллионнан жоғары 9 ірі жоба бар. Осы жобалардың жалпы құны – 1 млрд 210 млн теңге. Егер жоба-жоспарлар сәтті жүзеге асырылса, онда 28 тұрақты, 8 маусымдық жұмыс орны болады.  «Аутокөлікке қызмет көрсету орны, қоғамдық монша», «Кафе» жобаларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандар жыл соңына дейін іске қосылмақ. Одан бөлек 100 млн теңгеге дейінгі  жалпы құны 263,4 млн теңге болатын 9 жоба қолға алынған. Жобалар жүзеге асырылғанда 34 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Олардың ішіндегі «Демалыс орнына қонақ үй салу», «Аутокөлік және кілем жуу орнын кеңейту», «Азамат» шағын маркеті, «Shanyraq»-кафе, наубайханасы» инвестициялық жобалары жыл соңына дейін іске қосылады.

e583b41c-fbb8-4216-a70a-021b615b0bfe

Аудан көлемінде кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру  жұмыстары жүйелі жүргізіле бермек.

13 меморандумға қол қойылды

 Форумда облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан  Өтепбаев кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау,   «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма  төрағасы Ержан Досмақов   ӘКК  тарапынан кәсіпкерлерге берілетін қолдау шаралары, ««Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шаралары», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша  филиалының қаржылай қолдау бөлімінің менеджері Бағдат Өтебалиева аталған қор арқылы кәсіпкерлікті қолдау  туралы баян етті.  Одан басқа ағымдағы жылы шілденің 18-20 күндері аралығында Қытай Халық Республикасының Циндао қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының көрме аймағында аталған ұйымның Халықаралық инвестициялық және сауда көрмесі өткен еді. Осы көрмеге облыс делегациясы құрамында болып,  тәжірибе алмасып қайтқан «СММ Бизнестех» ЖШС директоры Жанаргүл Дүйсенова шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында Қытай мемлекетімен кәсіпкерлік байланыс орнату, «Олжа Сервис» ЖШС директоры Ерғазы  Дүйсенов  егістік алқаптарда биотыңайтқыштарды енгізу технологиясы тақырыбын қаузады. «Ер-Қожа» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Самат  Хасанов Ақпәтер ауылдық округінде мал азығы қорын арттыру мақсатында екпелі шөп өсіру жұмыстары,   жеке кәсіпкер Жанайдар Сағынғали нарық сұранысына сай өнім өндіру, кәсіпкер Манас  Тоққожинов құс шаруашылығын дамыту туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Мемлекет басшысының отандық туризмді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар бергені аян. Осы бағытта өңірімізде бірқатар ілкімді істер баршылық. Соның айқын дәлелі – Сакрыл көлі жағасында демалыс аймағының құрылып, «Ақ көл» қонақ үйінің бой көтеруі. Жиында жеке кәсіпкер Сұлтан  Сартаев туризм саласын дамыту тәжірибесімен бөлісті. Салиқалы басқосудың соңында ауданда жүзеге асырылып жатырған инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы орындауды ммақсат тұтқан округ әкімдері мен кәсіпкерлер арасында ынтымақтастық туралы 13 меморандумға (жалпы құны 1 миллиард 13 миллион 400 мың теңге) қол қойылды. Бұл жобалар алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халқымыздың игілігіне қызмет етпек.  Инвестициялық форумы  жаңа идеялар мен ортақ бастамалардың бастауына айналып, ауданның өркендеуіне тың серпін берсін дейміз.

Көл жағасындағы салтанат

Түс ауа облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов. Аудан әкімі Асыланбек Сарқұлов Жаңажол ауылдық округі Сакрыл көлінде «Ақкөл» қонақ үйінің ашылу салтанатына қатысты.

Туған жерді түлету, отандық туризмді дамыту  мақсатында «Сартаев» жеке кәсіпкерлігінің иесі Әлібек Сартаевтың  бастамасымен көл жағасында шағын қонақ үй салынды.    Қонақ үй бес бөлмелі, орталықтандырылған ішкі кәріз және жылыту жүйелерімен қамтылған. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен демалыс орны, қонақ үй, газ өткізу құрылыс жұмыстарын жоспарлады. Жалпы құны 49 млн 900 мың теңгеге жоба жасақталды. Құрылыс жұмыстары барысында екі балалар бассейні, екі монша,  көл жағасында жағажай, киіз үйлер (5-6 киіз үй) мен сыртқы орынжайлар (топчан), катер, катамаран, су мотоциклдерін қою қарастырылған. Сонымен қатар су айдынында сазан өсіретін үш тоған жұмыс жасауда және арнайы айдында 10 тонна шабақ өсірілуде. Атаулы жұмыстарға 300 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале