14.10.2025, 16:30
Оқылды: 162

Казталовта ілкімді  істер  көп

Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында ауданның биылғы жылдың 9 айы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысымен бөлісті. Аудан әкімі өз баяндамасын Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауындағы басты бағыттармен сабақтастыра отырып бастады. Оның айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінгі таңда басты міндет – әлеуметтік тұрақтылықты сақтай отырып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және өңірлік деңгейде нақты экономикалық нәтижелерге қол жеткізу.

WhatsApp Image 2025-10-09 at 10.49.54

Биыл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы оң қарқынмен жалғасуда. Экономикадағы тұрақтылық пен іскерлік белсенділіктің артуы инвестициялық ахуалдың жақсаруына тікелей әсер еткен. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 21 млрд теңгені құраған. Оның ішінде жеке инвестициялар үлесі – 17 млрд теңге. Аудан әкімінің баяндауынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешенінде тұрақты өсім байқалып отыр. Қазіргі таңда ірі қара малының саны – 162 591, қой мен ешкі – 337 273, жылқы – 40 246, түйе – 276, ал құс – 19 156 басқа жеткен.

Мал өсімі тұрақты

– Ауыл шаруашылығы – тұрғындардың басты табыс көзі. Мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттен бөлінген субсидиялар шаруашылықтардың тұрақты дамуына зор мүмкіндік беріп отыр. Аудан көлемінде асыл тұқымды мал басын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 128 шаруашылықта 22 901 бас асыл тұқымды ірі қара өсірілсе, 44 шаруашылықта 19 799 бас қой мен ешкі, ал 5 шаруашылықта 1 393 бас асыл тұқымды жылқы бар.  Биыл аудан шаруашылықтары ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында бөлінген 1,2 млрд теңге субсидияға қол жеткізді. Бұл қаражат негізінен жем-шөп базасын нығайтуға, асыл тұқымды мал сатып алуға және техника паркiн жаңартуға бағытталды. Өсімдік шаруашылығы бағытында бірқатар жетістік бар. Биыл аудан көлемінде бір жылдық және көп жылдық екпелі шөптердің көлемі 1 284 гектарға дейін жетті. Сонымен қатар ауданның шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындары 33 гектар жерге ұжымдық бау-бақша егуді жүзеге асырған. Бұл бастама үшінші жыл қатарынан сәтті ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының тұрмысына оң әсерін тигізіп отыр. Мал азығын дайындау – биылғы жылдың басты мәселелерінің бірі. Аудан бойынша 362 мың гектар жер шабылып, орташа өнімділік 2,5 центнер көлемінде болған. Нәтижесінде 93 мың тонна шөп жиналып, 25 мың тонна шөп көршілес аудандардан тасымалданған. Бұдан бөлек, өткен жылдан қалған 163 мың тонна шөп те есепке алынып, барлығы 281 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл ауданның жалпы қажеттілігінің 72 пайызын құрап отыр. Биыл шөп шығымы төмен болды. Алайда шаруашылықтар мен жеке тұрғындар өздеріне тиесілі шабындықтар мен елді мекен маңындағы жерлерден қажетті көлемде шөп дайындау-ға барынша күш салды. Сонымен қатар біз көршілес аудандармен келіссөздер жүргізіп, қосымша шабындықтар алуға мүмкіндік жасадық, – деп атап өтті әкім.

Аудан әкімдігінің бастамасымен Ақжайық ауданынан 21 мың гектар, Тасқала ауданынан 4,5 мың гектар жер көлемінде шөп шабу мүмкіндігі берілген. Осылайша Казталов шаруашылықтары мал азығын уақтылы жинап алу үшін аймақаралық ынтымақтастықты тиімді пайдаланып отыр. Сонымен бірге Жаңақала, Тасқала, Бәйтерек және Ақжайық аудандарынан шөп тасымалдау жұмыстары жалғасуда.

Несие алып, несібесін тапқандар

– Ауданның ауыл шаруашылығын қолдауда маңызды рөл атқарып отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз нәтижесін беруде. Өткен жылы осы бағдарлама аясында 119 млн теңгеге 18 адам несие алып, өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Бағдарламаның мақсаты – ауыл тұрғындарын табысты жұмыспен қамту және жергілікті өнім өндірушілерді қолдау. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 9,8 млн теңге қаражатты игерген жеке кәсіпкер Гүлназ Бекбаева Қараоба ауылдық округінде 5 гектар жерге тамшылатып суару жүйесін пайдалана отырып, қауын, қарбыз, қияр және картоп егіп, мол өнім алған. Сонымен қатар жалпы сомасы 39,8 млн теңге болатын екі өтінім тапсырылған. Бұдан бөлек, 42,8 млн теңгені құрайтын бес несие алушының құжаттары әзірленуде. Ал Көктерек ауылдық округіндегі «Оразғали-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі 30 млн теңгеге биязы жүнді асыл тұқымды қой сатып алу мақсатында құжаттарын тапсырған, – деді Асланбек Ахметұлы.

Соңғы жылдары ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында нақты нәтижелер бар. Қазіргі уақытта ауданда 1 941 шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 2 508 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аудан әкімі атап өткендей, өңір басшысының төрағалығымен өтетін ай сайынғы инвестициялық штаб отырыстарында берілген тапсырмаларға сәйкес аудан деңгейінде кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жобаларды іске асыру және инвестициялық климатты жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл аудан тарихында алғаш рет «KAZTALOV-INVEST» инвестициялық форумы ұйымдастырылды. Форум барысында жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар бойынша бірнеше меморандумға қол қойылған. Бұл бастама аудан экономикасына жаңа серпін беріп, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға зор мүмкіндік туғызды. Бүгінгі күні жалпы құны 118 млн теңге болатын 10 жоба іске қосылып, нәтижесінде 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 191,4 млн теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылып, қосымша 15 жұмыс орны ашылмақ. Ауданның туризм әлеуетін арттыру да кәсіпкерлік дамуының маңызды бағытына айналып отыр. Қыркүйек айында Сакрыл көлі жағасында заманауи талаптарға сай салынған «Ақ көл» қонақүй кешені ашылды. Жобаның жалпы құны 60 млн теңгені құрайды.

Ветпункт пен мал қорымдары салынуда

– Ветеринариялық қауіпсіздік пен мал шаруашылығын қорғау шаралары жүйелі түрде жүзеге асуда. Бүгінгі таңда өңірде эпизоотиялық ахуал тұрақты, барлық малдәрігерлік іс-шаралар бе-кітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда барлық ауылдық округтердің ветеринар мамандары қызметтік көлікпен толық қамтылған. Биыл ветеринария саласының материалдық әлеуетін нығайту мақсатында аудандық және облыстық бюджет есебінен бірқатар жаңа нысанның құрылысы қолға алынды. Атап айтқанда, Қараоба, Көктерек және Талдыапан ауылдық округтерінде ветеринариялық пункттер аудандық бюджет қаражаты есебінен салынып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сонымен қатар облыстық ветеринария басқармасымен бірлесіп, Бостандық және Нұрсай ауылдарында да жаңа ветеринариялық пункттер бой көтеруде. Бұдан бөлек, мал індеттерінің алдын алу және залалсыздандыру шараларын күшейту мақсатында Көктерек, Тереңкөл ауылдық округтерінде, сондай-ақ облыстық қаржыландыру есебінен Бостандық пен Талдыапан ауылдық округтерінде мал қорымдарының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек өзен-көлдердің су деңгейін сақтау және суландыру жүйелерін жаңарту басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Осы мақсатта Көктем мезгілінде Қараөзен және Сарыөзен өзендеріне жіберілген суды реттеу және деңгейін ұстап қалып, тиімді пайдалану мақсатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны арқылы Талдыапан ауылдық округінің Бестерек ауылындағы канал тереңдетілді, «Казталов-1», «Казталов-2», «Мамай» суландыру жүйелерінің қақпаларына ағымдағы жөндеу және Киров-Шежін магистралды каналының Ақпәтер ауылдық округінің аумағындағы каналдарға тазарту жұмыстары жүргізілуде, – деді спикер.

АӘК алмайтын ауылдар бар

Барша азаматқа тең мүмкіндік жасау – мемлекет саясатының негізгі қағидаты. Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласы әрдайым мемлекеттің айрықша назарында. Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 495 млн 175 мың теңге бөлініп, бүгінгі күнге дейін 1 548 адам түрлі бағыттағы жұмыстарға тартылған. «Өңірлік карта» бағдарламасы аясында 7 жоба жүзеге асырылып, 47 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік қолдау бағытында 59 отбасы (барлығы 330 адам)
17 млн 43 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған. Ал Тереңкөл, Бостандық, Бірік, Қараоба және Талдықұдық ауылдық округтерінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар мүлде жоқ екен. Сонымен-ақ 1 454 азаматқа 87 млн 770 мың теңге көлемінде түрлі әлеуметтік төлемдер тағайындалып төленген. Көру қабілеті бұзылған 1-топ мүгедектеріне және 16 жасқа дейінгі 36 мүгедек балаға арналған «Инватакси» қызметі ұйымдастырылған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру және өзін-өзі жұмыспен қамтуды ынталандыру мақсатында биыл 38 адамға жалпы сомасы 54 млн теңге болатын қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілген. Қатысушылардың басым бө-лігі – жастар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, сондай-ақ еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтар.

– Ауданның әлеуметтік дамуының маңызды бағыты – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл мәселе бүгінде басты назарда тұр. Қазіргі таңда «Отбасы банкінің» деректері бойынша ауданда тұрғын үй кезегінде 965 адам тіркелген. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамту мақсатында былтыр 28 елді мекеннен 142 үй сатып алуға 2 млрд 201 млн теңге бөлініп, аталған үйлер кезекте тұрған азаматтарға табысталды. Биыл 20 елді мекенде 84 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлер де тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға және «Қаладан ауылға!» бағдарламасы арқылы көшіп келген отбасыларға берілуде. Соңғы үш жылда аудан бойынша 47 елді мекеннің 31-інде барлығы 238 тұрғын үй салынды. Оның ішінде 58 үй ескі баспаналардың орнына қайта тұрғызылған, – деген Асланбек Ахметұлы электр желілерін жаңарту бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

Электр желілері жаңаруда

Оның сөзінше, аудандағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 2 621 шақырымды құрайды, соның ішінде 2 359 шақырымы (90%) тозған.

Электр желілерін жаңғырту мақсатында Қайыңды, Жаңажол, Қайшақұдық және Қособа ауылдарында электр желілерін қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Биыл аудандық бюджет есебінен Жаңажол, Қараөзен және Сатыбалды ауылдарына жаңа трансформаторлар сатып алынып орнатылған. Жалпақтал ауылының 3,2 шақырым кіреберіс жолына жарық шамдар орнатылып, ауылдың көркі айшықтала түскен. Бұған қоса, түлектердің демеушілігімен Талдықұдық, Көктерек және Болашақ ауылдарының көшелеріне де жарық шамдар қойылған.

– Аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 494 шақырымды құрайды. Соңғы үш жылда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 18%-дан 28%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта ағымдағы жылы аудан аумағында 4 жоба жүзеге асырылуда. 2024 жылы басталған Беспішен – Қошанкөл – Қараоба (15-49 шақырым) жолының күрделі жөндеуі және Талдыапан аутомобиль жолының (9-20 шақырым) орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жөндеу аясында жалпы құны 473 млн теңге болатын, ұзындығы 16 шақырымды қамтитын 2 жоба бойынша мердігер анықталып, құрылыс материалдарын тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 5 жоба жүзеге
асырылуда. Бағдарлама шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Казталов, Қошанкөл, Қараоба, Жалпақтал және Қайыңды ауылдарының ішкі жолдары қайта жаңғыртылуда. Биыл жалпы ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Оның ішінде Казталов – 3,3 шақырым, Жалпақтал – 1,5 шақырым, Қараоба – 2,7 шақырым, Жұлдыз – 1,3 шақырым, – деп қорытындылады аудан басшысы.

 

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале