Казталов ауданында «Ұлттық қолөнер – сырлы өнер» деген атаумен ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Көрмеде қонақтар балалардың шығармашылық жұмыстарымен танысты.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық құндылықты насихаттау, қазақтың салт-дәстүріндегі ұлттық өнегені балалар бойына дарыту мақсатында ұлттық ойындар кеңінен насихатталды.
Соның аясында, «Нұрбалапан», «Ақбота», Ертегі», «Балдәурен» бөбекжайлары мен «Жадыра» балабақшасы тәрбиешілері оқу-тәрбие процесінде қолданатын қазағымыздың асыл мұрасы ұлттық ойындарды қолдану тәсілдерін ата-аналар және тәрбиеленушілермен бірге көрермендер назарына ұсынды.
Мерекелік шара Наурыз жәрмеңкесімен жалғасты. Жәрмеңкеде «Балалар-шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығы» және «Жалпақтал өнер мектебінің» қолөнер бұйымдары ұсынылды.
«Наурызнама» онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күнімен байланыстырып балалар ұлттық ойындар ойнап, бақ сынасты. Ұл балалар асық ату, ләңгі тебу, табан тартыс ойындарында сайысса, қыз балалар қол күресіп, бес асық ойынын қызықтады.