Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Ойна, шырқа, Оркестр!» атты концерті Казталов ауданындағы тыңдармандарымен қауышты.
Әуезді кеш оркестрдің орындауында Құрманғазының «Серперінен» бастау алып, филармония әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, казталовтық Айбар Хайырханов халық әні «Аққурай», Ғарекеңнің «Аққу» әнін орындап, жерлестері орнынан тұрып қошеметтеді.
Кеш тізгінін алған ділмәр шешен Дәулеткерей Құсайынов ұжым репертуарындағы шығармалардың тарихын дүйім жұртқа таныстырып, тың деректермен бөлісті.
Одан бөлек, ҚР Мәдениет саласының үздігі Дәулеткерей Атауұлы, ҚР Мәдениет қайраткері Жәмиля Нұрымбетова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері — Сағадат Рахметжанов, Дастан Есентеміров, Күлаш Қуанышқалиева, Айбар Хайырханов әсем ән мен күйге сусындаған бұқараның айызын бір қандырды.
Еркін Нұрымбетов, Жарас Сатыбалдиев, Асылхан Қазиев секілді сиқырлы таяқша иелері Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрін ұршықша иіріп, домбырамен де, қобызбен де көпшіліктің көңілін баурады.
Концерт соңында Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайрлиев аудан әкімінің ықылас гүлі мен алғысхатын табыстап, елдің атынан алғыс білдірді.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі