21.12.2020, 17:02
Оқылды: 55

Қоршаған ортаға жанашыр кәсіпорын

Ақжайық ауданы маңындағы «Өзен – Атырау – Самара» мұнай құбыры бойындағы  тарихи бүлінген жерлер табиғи қалпына келе бастады. Бұл жұмыстарды  «ҚазТрансОйл» компаниясы жүзеге асыруда. Нақтырақ айтсақ, бүгінде  құбыр бойының 984-985 шақырымындағы төрт гектар жер өңделіп, пайдалануға берілген.

Ор. іріне-2 (1)

Аталмыш аумақтағы жерді табиғи қалпына келтіру жұмыстары мемлекеттік бақылаушы құрылымдармен келісілген және бекітілген тәртіп бойынша жүргізіліп, белгіленген уақытында аяқталып отыр. Магистральды құбыр бойындағы өңделген жерге қабылдаушы тарап арнайы барып, топырақ құрамымен және сол жерлерге егілетін көпжылдық шөп дақылдарымен танысты. Бұл орайда аумақтық атқарушы құрылымдар мен компания өкілдері техникалық және геологиялық өңдеу сатыларының қалай жүзеге асырылғандығы мен өңделген жерлердің күтімі туралы айқындаған еді.

– Бұл жерлерді табиғи қалпына келтіру жұмыстары екі кезеңмен жүргізілді. Өңдеу жұмыстары биыл тамыз және қазан айларында жүргізілген болатын. Яғни топырақ құрамы техникалық және биологиялық өңдеуден өтті. Техникалық өңдеуде жердің мұнай бүлдірген қабаты қырып алынды. Содан соң мұнай қалдықтары төгілген топырақ қабаты жүк машиналарына тиеліп, арнайы алаңдарға тазартылуға жөнелтілді. Оның орны  тегістеліп, таза, өңделген топырақ төктік. Кейін оны жайып, тығыздадық. Ал биологиялық өңдеу бойынша сол  жерлерге органикалық және минералды тыңайтқыштар септік. Содан соң жерді жыртып, көпжылдық шөп тұқымдары себіліп, суарылды, - деді Атырау мұнай құбыры басқармасы «Орал» желілік-өндірістік диспетчерлік станциясының инженер-экологы Кәрім Масилов.

Жерді өңдеуге қатысушы мердігер компания арқылы топырақты қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға қажетті техниканың барлығы, яғни жүк машиналары, экскаваторлар, жүк тиегіштер секілді техникалық құралдар тартылған. Қазіргі уақытта жұмыс толықтай аяқталыпты.

– Ауыл шаруашылық өнімнің шығымы мен сапасы нәрлі топыраққа байланысты. Ал топырақты құнарландырудың тиімді жолы – минералды  және органикалық тыңайтқыштарды пайдалану, – дейді эколог.

Құбыр бойындағы өңделген жер – Ақжайық ауданына қарасты аумақ. Ауданда негізінен мал шаруашылығы дамыған. Сондықтан жайылым жерлер кеңейіп, малдың өрісіне жағдай туғызылды.

– «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы бүлінген жерді өңдеп, үлкен жұмыс атқаруда. Бұл жұмыстарға ризашылығымыз зор. Өйткені «Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті» ғой. Табиғат көркейіп, желегі жасыл тартса, адамның да тынысы кеңейіп, көңілі көтерілері анық, - деді Ақжайық аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұрғали Мүтиев.

Ор. іріне (1)

Магистральды құбыр бойындағы жер аумағын табиғи қалпына келтіру жұмысы «ҚазТрансОйл» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі ретінде әлі де жалғасын таба бермек. Ол алдымен экологиялық проблемалардың шешімі және жергілікті шаруашылыққа зор мүмкіндік болмақ.

Айтқандай, «Өзен – Атырау – Самара» магистральды мұнай құбырын Ресейге шығарар тұста орналасқан «Орал» желілік-өндірістік диспетчерлік стансасына биыл 50 жыл толып отыр. «Орал» желілікөндірістік диспетчерлік станциясы бүгінде заманға сай қуатты өндіріс ошағына айналды. «Бұл біріншіден ұжымның ауызбіршілігі мен ынтымағының, екіншіден ұрпақтар сабақтастығының арқасы», - дейді аталмыш стансаның қызметкерлері. Магистральды мұнай құбырын Ресеймен жалғастыратын өндіріс ошағы көпұлтты ұжым болып саналады. Жұмысшылардың басым бөлігін жастар құрайды.

«Орал» желілік-өндірістік диспетчерлік стансасы құрамындағы Үлкен Шаған мұнай айдау стансасы да жарты ғасырлық белеске шыққан. Ол 1235 шақырымды құрайтын «Өзен – Атырау – Самара» магистарльды мұнай құбырының 1150 шақырымында орналасқан. Өндіріс орны толықтай заманауи аутоматтандыру құралдарымен және ақпараттық жүйелермен жабдықтылған. Жаңа құрылғылардың жұмысына мониторинг жасау, аутоматты түрде ысырмаларды ашу, жабу, сорғы агрегаттарын іске қосу, өнімділігін реттейтін технологиялық режімді басқару қашықтықтан жүргізіледі. Өндіріске қажетті энергия ресурстарын тұтынуда үнемді пайдалануды жүзеге асырып отырған бірден-бір станция.

«Өзен – Атырау – Самара» магистральды мұнайқұбырының 1235 шақырымында қабылдау-тапсыру пункті бар. Бұл пункт – Ресеймен  шекарадағы соңғы нүкте. Бұл жерде 2019 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Ресейге экспортталатын қазақстандық мұнайдың коммерциялық есебі жүргізіледі. Алдымен экспортқа шығатын мұнайдың сапасына мән беріледі. Оны сараптау жүйесі толықтай аутоматтандырылған. Мұнда мұнайдың тығыздығы, қоюлығы және құраманындағы су сараланады. Блок қызметі аутоматтандырылған. Мұнай сапасы, есебі туралы барлық ақпарат Орталық жүйеге жіберіледі. Сондай-ақ бұл ақпарат паралельді түрде Үлкен Шаған мұнай айдау станциясындағы диспетчерлік бекетке түседі. Сондықтан да сыртқа шығатын мұнай есебінің нақтылығы бақылауда болады. Осылайша  пункт Қазақстаннан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына құбырмен шығатын тауарды кедендік декларациялауға аутоматты түрде мүмкіндік берді.

Ресей бағытындағы басты магистральды мұнай құбырының бойындағы «Орал» желілік-өндірістік диспетчерлік стансасының өткені – тарих, бүгіні – болашаққа бағдар. Мұнайқұбыршылар жарты ғасырды артқа тастап, жаңа серпінмен ел игілігін арттыруға жұмыстануда.

Рекультив.участок (1)

–  Орал желілік-өндірістік диспетчерлік стансасы – «ҚазТрансОйл» компаниясында өзіндік орны бар өндірістік мекеме. Мұнда ынтымағы мен бірлігі жарасқан бірнеше ұлт өкілі еңбек етеді. Жарты ғасыр бойы Маңғыстау мен Атырау өңірінен шығатын мұнайды «Өзен – Атырау – Самара» бағытымен Ресейге экспорттайтын өндіріс орны бүгінде заман талабына сай жарақтандырылған. Біз алдымен осы өндірісті құрған, қалыптастырған ардагерлерімізге бас иіп, бүгінгі еңбек етіп жатқан мамандарға ризашылық білдіреміз. Біз әлі де Отанымыздың әл-ауқатын жақсартуға жұмыстанатын боламыз, - дейді Атырау мұнай құбыры басқармасы «Орал» желілік-өндірістік диспетчерлік станциясының бастығы Каким Төлеуішев.

 

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале