Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының «Елеулі есімдер» жобасы аясында «Құрмет» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Қазбек Қабжанмен кездесу кеші өтті. «Тарих тұнған туған жер» деген атаумен өткен шығармашылық кездесуде елге елеулі еңбегі сіңген азамат жайлы ақпараттар айтылып, ақынның «Армантау» кітабының лентасы қиылды.

Қазбек Құттымұратұлы – 1970 жылы 5 қыркүйекте бұрынғы Тайпақ ауданындағы Жаманқұдық ауылында дүние есігін ашқан. Әкесі Құттымұрат Қабжанов қарапайым еңбек адамы болса да, ел мен жердің тарихын жетік білген.

Құттымұраттың Қазбегі 1977-1980 жылдары Жаманқұдық ауылындағы бастауыш мектепте сауат ашып,
1984-1987 жылдары Қызылжар орта мектебінде білім алған. Қызылжар орта мектебінің тарихы тереңнен тамыр тартады. Бұл білім ұясында ақын Жұбан Молдағалиев, жазушы Жәрдем Тілеков секілді танымал тұлғалар оқыған. 1987 жылы ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң, Тайпақ қой кеңшарында үш жылдан аса жұмысшы болып еңбек етеді. Қайнаған еңбектің ортасында жүріп қалам тербеген Қазбек Құттымұратұлының алғашқы тырнақалды туындылары аудандық газет бетінде жарияланады. Сөйтіп, бойындағы қарым-қабілетін жетілдіру үшін жас талант 1990 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Студенттік кезеңде жастық жалынмен жыр жазып, бірнеше республикалық мүшәйрада жұлдызы оңынан туады. 1995 жылы «Толқыннан толқын туады» деген атаумен жарық көрген студенттердің жыр-жинағына топтама өлеңдері басылады. 1995 жылы Орал қаласына оралған Қазбек Құттымұратұлы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтындағы «Өркен» студенттер газетінің жауапты шығарушысы болып еңбек жолын бастайды. Кейін облыстық «Орал өңірі» газетінде әдеби қызметкер ретінде еңбек етті. Кеш кейіпкері газеттің сол кездегі басшысы Мәжит Қайырғали және оның орынбасары Ғайсағали Сейтақ, бөлім редакторы қызметін атқарған аға буыннан мол тәжірибе жинаған. Батыс өңіріндегі шоқтығы биік басылым «Орал өңірі» газетінде әдеби қызметкер, фототілші, тілші, аға тілші, бөлім редакторы, жауапты хатшы секілді баспалдақтардан өтіп, бас редактордың орынбасары лауазымына дейін жеткен. Өзіндік жазу стилін қалыптастырып, жұртшылыққа журналист Қазбек Құттымұратұлы болып танылды. 1999 жылы республикалық «Жас Алаш» газетінің Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы меншікті тілшісі қызметіне ауысады.

Аталмыш үнпарақтың меншікті тілшісі болып 2008 жылға дейін еңбек еткен. Одан кейін де бірнеше республикалық газеттің облыстағы меншікті тілшісі болып, өңірдің тыныс-тіршілігі мен түйткілді мәселелері туралы мақалаларды тұрақты жариялап отырды. Ақпарат саласында ұзақ жыл еңбек етіп, елеулі үлес қосқаны үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің алғысхаттарын иеленді. 2017 жылы ҚР Ақпарат саласының үздігі атанды. 2022 жылдың ең үздік журналистік зерттеу жұмысы аталымы бойынша «Үркер» сыйлығының жеңімпазы болды. Былтыр Қазақстан Журналистер одағының алтын медалін иеленді. Журналист Қазбек Құттымұратұлы 2016 жылдан бері республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып еңбек етіп келеді.
Биыл 55 жасты еңсерген Қазбек Құттымұратұлының ақындық қабілеті мен кәсіби журналистік шеберлігіне қоса, өңірдің өлкетану бағытында да сіңірген еңбегі мол. Сырлы-сұхбат кешіне арнайы қатысқан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин Қазбек Құттымұратұлымен біраз жыл әріптес болғанын айтып, ағалық ақыл-кеңесі өмір жолында рухани азық болғанын тілге тиек етті.
– Мен 2003 жылдары «Жайық Пресс» ЖШС-ға жас маман болып келдім. Ол кезде Қазбек аға баспасөз саласындағы білікті маманның бірі еді. Бір кезде Альберт есімді ағамнан мынадай ақпарат естідім. Өңір басшысы Қырымбек Көшербаев Қазбек Құттымұратұлын кабинетіне жиі шақырып, облыстағы мәселелер жөнінде әңгіме өрбітіп, оның шешу жолдарын бірге талқылайды екен. «Қазбек ағаны Қырымбек Елеуұлы елеп тұрса, ол кісімен неге етене жұмыс істемеске?» деген ой келді. 2010 жылы «Жайық Пресс» тізгінін ұстағаннан кейін Қазбек ағамен тың бастама көтердік. Газеттің сапасын көтеруге жұмыстанып, мақала-материалдардың өзектілігін арттыруға күш салдық. Маған аға ретінде бағыт-бағдар беріп отырды. Менің ғана емес, інім Нұртастың да журналистік қабілетін оятып, дарынын шыңдай білді. Өлкеге қатысты қандай еңбектер шығаруға болады деп ақылдастық. Содан журнал шығаруға тоқталдық. Осылайша, мәнді-мағыналы «Дана» журналын жарыққа шығардық. Бұл бастаманы өңірдегі атқамінер азаматтар да қолдап, журналдың шығуына демеушілік етті. Қазбек Құттымұратұлы басылымға мақала-материал жинау жолында жанкешті еңбек етті. Қазбек ағаның бір өзі бір ғылыми орталықтың атқаратын жұмысын істеді. Өңірдегі баспасөз тарихын зерттеп, Мәскеу, Алматы қалаларындағы архив сөрелерін ақтарды. Тарих қойнауынан сыр шертетін көне жазбаларды іздеп, тауып, ол құжаттарды қазақ тіліне тәржімалады. Одан кейін «Құлпытас сырын ашайық!» деген жобаны қолға алдық. Осының нәтижесінде Кіші жүздің үш ханының құлпытасын анықтадық. Үш мыңнан аса құлпытас оқылып, суретке түсірілді. 2012 жылы ақын Ғұмар Қараштың немересі Надежда Қарашева қайраткер тұлға туралы еш жерде жарияланбаған деректерді табыстады. Оны біз үш томдық жинақ ретінде жарыққа шығардық.
Қазбек ағаның еңбегін жіпке тізсем, айтып-тауысу мүмкін емес. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында «Сенім үшін сергелдең», «Қуғындалған хазіреттер» атты жинақтардың шығуына да себепші болды, – дей келе, кеш иесіне Жантас Нәбиоллаұлы алғыс білдірді.
Іс-шара барысында «Армантау» кітабы қалың оқырманға таныстырылып, Қазбек Құттымұратұлы жыр-жинақтың шығу тарихы жөнінде әңгімеледі.
– 2001 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен шағын жыр-жинағым жарыққа шығып еді.
Бертін келе белгілі ақын Бауыржан Халиолла Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалын басқарған кезде кітап шығару жөнінде ұсыныс айтты. Сөйтіп, оған өлеңдерімнің топтамасын бердім. Ол екі дана кітап етіп шығарып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ұсынды. Сөйтіп, 2021 жылы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болып, аталмыш сыйлықты танымал ақын, Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз қолымен табыстады. Бауыржан Ергенұлы мен туралы «Кінәз» деген атаумен мақала жазды. Осы мақаланы оқыған бір азамат маған хабарласып, кітап шығаруға жәрдемдесетінін айтты. Мен алғашында бас тарттым. Бірақ ол азамат қоярда-қоймай қайта-қайта сұрағасын өлеңдерімді жібердім. Осылайша, биыл көктемде «Армантау» деп аталатын жыр-жинағым қолыма тиді. Ол жігіт есімін атамауды өтінген, дегенмен азаматтық танытқан інімді атап өтпеске болмас. Демеуші – Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев. «Армантау» кітабының таралымы – 1000 дана. Мен 200 данасын Астана, 100 данасын Алматы қаласындағы достарым мен оқырмандарыма жолдап жібердім. Ақ Жайық атырабындағы үлкен-кішіге де үлестірдім. Менің еңбегімді бағалап, сый-құрметке бөлеп жүрген жерлестерге, кітабымның шығуына септігін тигізген Алпамыс Жаңабайұлына алғыс айтамын! – деді кеш иесі.

Одан кейін Қазбек Құттымұратұлының «Армантау» кітабының лентасын белгілі ақын-журналистер – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Айтқали Нәріков пен Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғайсағали Сейтақ қиып, кеш иесіне жылы лебіздерін білдірді. Қазбек Құттымұратұлының ақындығы бір төбе болғанымен, оның сөзіне жазылған ән жоқтың қасы екен. Кеш барысында талантты әнші-композитор Таңат Жексенбаев ақын сөзіне жазылған «Өткен күндер» атты жаңа әнін орындап, кеш иесіне тосынсый жасады.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»