Бүгін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында еңбек ардагері, әуесқой күйші, қолөнер шебері Аманғали Қайсағалиевпен «Өн бойы өнер-өнеге» атты кездесу кеші өтті. «Ауылдағы ардақтылар» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шарада ең әуелі экраннан Аманғали Қайсағалиұлының өмірі мен шығармашылығына арналған бейне-слайд көрсетілді.
– Кеш кейіпкері – өте ерекше жан. Ағамыз Бөкей ордасы ауданы Теректі ауылында дүниеге келген. Ол 1952 жылы 10 жасында тағдырдың айдауымен қазіргі Ақжайық ауданындағы Мерген ауылына (бұрынғы Куйбышев колхозы) көшіп келген. Бұл кісі ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген, қайыс илеп, қамшы өрген. Ән шығарып, күй ойнаған. Жас күнінде спорттың сан түрімен шұғылданған. Алақандай ауылда оркестр ашуға атсалысқан. Сексеннен асқан жасына қарамай, үлкен басын кішірейтіп, кездесуге келген ағамызға көп-көп рахмет, – деген Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла қазыналы қарияға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуанышбек Мұқанғалиев пен өзінің атынан алғыс хат табыстап, естелік сыйлық тарту етті.
Аманғали Қайсағалиұлы түрлі тақырыпта ой қозғап, әсерлі әңгімесімен бөлісті. Спорт, қолөнер, күй өнері жайында көсіле сөйлеп, Құрманғазы Сағырбайұлының және өзінің күйлерін орындады.
Мерген ауылдық округінің әкімі Жұмабек Ғалымжанов Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың алғыс хатын ұсынса, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов кеш иесінің ерекше қырларына тоқталып, «Жүрек сыры» атты әндер жинағын сыйға тартты. ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Күйшілер одағының төрағасы Асқар Кенжеғалиев Аманғали Қайсағалиұлына күй өнерінің өркендеуіне үлес қосқаны және оны насихаттағаны үшін ризашылығын жеткізіп, алғыс хатпен марапаттады.
«Інжу» және «BatysStar» топтары, ҚР Мәдениет саласының үздігі Рүстем Кереев, орталық қызметкері Әділ Ахметов «Әке туралы жыр», «Атамекенге сағыныш», «Әке-Ана», «Атамекен» әндерін шырқады. Мерген ауылдық мәдениет үйінің директоры Құрмет Қуанышқалиев «Арайлы Жайық» атты Аманғали Қайсағалиевтің авторлық әнін орындап берді. Кеш иесі ұйымдастырушыларға ізгі ниетін білдіріп, іс-шараға қатысқан жастарға ақ жол тіледі.
Айта кетейік, еңбек ардагері 2008 жылы мамыр айында «Қарттарым – қазынам» атты облыстық байқауда бас жүлдеге ие болды. 2010 жылы қазан айында «Ой-өрнек», «Өткенге ізет» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Оған қоса 2013-2015 жылдары «Бес асық», «Қазақы шатыраш» атты ойындарды ойлап шығарды. Оның мерзімді басылым беттерінде жарық көріп жүрген танымдық, сыни мақалаларының тәрбиелік мәні зор, жастарға үлгі болатын өнегелі істері жетерлік.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz