6.12.2022, 11:31
Оқылды: 134

«Кебенек киіп кетіп еді ғой...»

Жәнібек ауданында сонау бір жылдарда Қайырлы Темірұлы Теміров деген азамат болған еді. «Болған еді» деп отырғанымыз, ол кісі бүгінде өмірде жоқ. Алайда оның кезінде ортаның, ауылдың айта жүрер азаматы болғандығы, қандай жұмыста болмасын бар жанын салып, адал атқарғандығы жайында соңында қалған жақсы әңгімелер көп. Сондай-ақ соңынан  жапырақтарын жайған, ақарлы-шақарлы ұлдары мен қыздары бар. Және Қайрақаңның жары болған Орынша апамыз бар. Қайрақаң тірі болғанда, осы күндерде тура 100-ге толады екен.

8

Осыған орай оның ұлдары редакцияға аяқтай келіп, әкелері туралы естелік айтып, оны газетке жариялауды өтінді. Газет бұқаранікі болғандықтан, біз әкелерін ұмытпай, есімі мен оның тірісінде атқарған істерін қастерлеп жүретін ұлдарының өтініштерін жерге тастай алмадық.

– Біздің әкеміз кешегі қырғында Құдай сақтап аман қалған жауынгерлердің бірі. Ұлы Отан соғысы 1945 жылы 9 мамырда аяқталып, осы күнге аман жеткендер туған жеріне, жанұясына оралып жатқанда, біздің әкемізге ондай қуаныш бұйырмапты. Ол кісі соғыстан кейін сонау жаудың қираған ошағы – Берлинде  тағы да төрт жылға қалдырылып, елге 1949 жылы күзде ғана келіпті, - дейді  жаужүрек сарбаз болған Қайрақаңның ұлы Ерлан бізге әңгімесінде.

Енді кешегі күндей күркіреп өткен соғыстың қаһармандарының бірі – Қайырлы Теміров туралы естіген әңгімемізді барынша тарқатып көрейік. Ол 1922 жылы 20 қазанда Қазталовтың Богатырев ауылында дүниеге келеді. Темір қарттың Құдайдан мойнына бұршақ салып сұраған жалғызы. Тек бір өкініштісі, анасы бұл 7-ге толғанда қайтыс болады.  Темекең баласының жағдайын әріден ойлады ма, өгей шешеге жаутаңдатқысы келмеді ме, қайтіп үйленбепті. Бар мейірін жалғыз ұлға төгіп, оны бетінен қақпай өсірді. Дегенмен Қайырлы Жасаған иенің Темірдің маңдайына жазған жалғызы болса да, тәртіпті, тәрбиелі болып өсті. Ауылдағы 7 жылдық мектепті аяғына дейін тауысып, жақсы оқыды. Он бес жасында тракторшының көмекшісі болып, еңбекке араласып кетті.  Маусымдық жұмыстар аяқталғанда бос сенделмей, Ресейдің іргедегі Алғайына барып, шопырлық оқуға кірді. Бұл мамандыққа оқып, шопыр болу сонау өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарындағы ауыл балаларына шын арман еді. Енді ше, ол кезде машина деген аз, оны айдайтын, тілін білетін адам ілуде біреу. Анда-санда аудан, облыс орталығынан жүк тасыған машина ауылға келсе, сол ауылдың қарасирақтары балақтарын түріп алып, машинаның соңынан қызылтанау болып, күні бойы шапқылайтын.

7

Шопырлық курсты Қайырлы жақсы аяқтады. Тіпті, Алғайдағылар осынау оңқай асықтай иіріліп тұратын елгезек баланы өздеріне алып қалғылары келіпті. Бірақ Қайырлы ауылда қалған жалғызбасты әкенің жалғыз ұлы екенін айтқасын жасөспірімді қинамайды. Ауылға келген бойда машина-трактор стансасына (МТС) шопыр болып ән сағатта орналасты.  Тап бір су жаңа болмаса да, жүріп тұрған машина берді. Ол кезде арада екі жыл өткенде, тап осындай полуторка деп аталатын жүк машинасымен қырғын соғыстың ортасында жүретінін қайдан білсін, тізгіндеп мініп алды да, колхоздың ұшы-қиыры жоқ жұмысына гүмп ете түсті. Іргедегі  Алғайға барады, жер түбіндегі Орал мен Атырауға қатынайды. Қайда жұмсаса да, қыңқ етпей, көлігін сайлап алып, тарта береді. Әкесі екеуінің тұрмысы да шүкірге бұрылып, түзеліп қалған. Темір ақсақалдың  ендігі арманы - жалғызын үйлендіру. «Келіннің қолынан шай ішіп, немере сүйіп отырсам, шіркін-ай...» деп алдағы   шуақты шақтарға асыққан кездер еді ғой ол жылдар. Кім білген, жарқылдаған мамыражай дүниенің 1941-дің 22 маусымында төңкеріліп түсетінін. Талайдың өмірін жалмаған, талайдың тағдырын талқандаған сол зұлмат әкелі-балалы Теміровтердің де шаңырағын айналып өтпеді. Көп ұзамай,  бұл  кезде зіңгіттей жігіт болып қалған Қайырлыға әскерге  шақырту келді. Темір ақсақал көз жасы сақалын жуып, қаңыраған үйде жалғыз қала барды.

Мақаланың толық нұсқасын «Орал өңірі» газетінің №144 (6 желтоқсан 2022 жыл) нөмірінен оқи аласыздар!

 

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале