Не болса да, «Бір жөні болар» деп үмітке алданып, күте беруге әбден үйренген жуас, жоқ тап ондай жуас та емес, сабырлы ауыл. Сонау Сталин, Калинин, Кировтар билік құрған кездерден бері қарай талай тарихты бастан кешіріп, талай табыспен атақтары шыққан әйгілі «Киров» колхозы еді ғой бұл. Мыңғыртып мал өсірген, қырында отар-отар қой жайылған, жылқы ұстаған, сиыр фермасын күрлетіп, орталыққа центнерлеп сүт, май, қаймақ тапсырған берекелі ауыл еді-ау.
Аға шопандар – Көшкін Мектепов, Қоқыш Тәкеев, гуртуправ Әбіш Айтжанов, сауыншылар – Бірәш Нұрахова, Бақыш Есенаманова, Шандоз Хамитова апалар, жылқышы Қайыржан Шайхин, Күзембай Тәжібаев ағалардың дауыстары даланы жаңғыртып тұратын. Егіс те салған, қара бидай, ақ бидай, жоңышқа өсірген, ірі қара табынына сол жоңышқаны өздері әзірлеген сүрлем көктеммен айқасып барып бітетін. Тіпті қызылша да өсіретін.
Етікшісі де, байпақшысы да, зергері де, ағаш-темір ұстаханасы да өзінде, шаруаға керекті мажор арба, шана дегендерді зауыттан шығарғандай қылып істеп беретін, темірді қамырша илейтін шебер аталар – Мұштан мен Наурызбайдың көрік үйінің орнын қазіргілер киеліге санап, аяқ баспай құрметтейді. Сол үлкендердің ұрпақтары әлі де ата қонысты тымпитып-ақ ұстап отыр. Тек, интернет жоқ... Ал ол дегеніңіз, ауылда жастардың тұрақтауына үлкен бөгет, бұл – бір. Оқу-тәрбие, ілім-ғылымға келгенде, қатарынан кем қалмай, топырағынан Аманкелді Ғалымов, Меңдіғаным Нағымовадай дәрежелі ғалымдар да, айтыскер ақын да, талай-талай жоғары білімді мамандар да түлеп ұшқан сол білімдар, прогресшіл Саралжынның мектеп жасындағы балалары бүгінде заманауи технологиямен оқу құқығынан шектеу көріп отыр, бұл – екі. Интернеті жоқ болған соң, жас мамандардың мұнда келуі қиын, ал мектепте пән мұғалімдері жетіспейді, бұл – үш.
Осыны көзбен көріп, балалардың болашағына алаңдап отырған тұрғындардың жай-күйіне қанық болғандықтан, осынау мәселені әрі-бері қаузап, айнала ізденіп те көрдік біраз. Аудан басшылығы бұл жағдайға бізден бетер алаң екенін, бірақ бұл мәселе бюджетке емес, «Қазақтелеком» АҚ-на қарайтынын айтып, жүйе алдында, жоғарғы жақтың алдында дәрменсіз екендерін сөзбен, көзбен, ыммен ептеп түсіндіргеннен басқа еш көмек жасай алмады. Бірақ, не дегенмен, қыңқылымыз құлағына жетті ме, кешікпей «Қазақтелекомның» бір тармағы «Востоктелеком» дегеннен инженер келіп, мектеп директорына «петиция» (күлкілі ме?) жазғызып, өзі куә болып, қол қойып кетіпті. Сонымен болды. Хабар да жоқ, ошар да жоқ. «Енді қашан?» деп ауылдың үлкен-кішісі отыр сарыла күтіп. Сөйтіп жүргенде бір гәпті біліп қалмасымыз бар ма! Ендігі әңгімені ауыл тұрғындары қол қойып, республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігіне жолдаған хаттан оқып көріңіз:
«Ауылымызда әлі күнге не мобильді байланыс, не интернет жоқ. Ал «Қазақтелекомға» берілген ресми мәлімет бойынша Саралжын Билайн 2G мобильді байланысымен қамтылған-мыс. Ол мәліметті кім беріп отыр? 250-ге жуық тұрғыны, 60-қа тарта тұрғын үйі, негізгі мектебі, кітапхана, клубы бар ауылға мобильді байланыс орнатуға қанша қаржы жұмсалады екен? Сол ресми мәліметте «Бұл ауылда 20-ға тарта байланыс күшейткіш қондырғы бар» деп көрсетіліпті және. Ал ол қондырғыларды тұрғындар өздері жеке-жеке сатып алып орнатқан, оған «Қазақтелекомның» немесе «Востоктелекомның» бір тиыны да шыққан жоқ. Сонда мұны да үкімет қаржысына жасалды деп есепке кіргізіп қойып тұр ма? Қаншадан өткіздік деп ресімдеді екен?
Байланыс қызметіндегі заманауи жетістіктерді әлі күнге пайдалана алмай, қиналып отырғанымыз өз алдына, сыртымыздан осындай жалған деректер беріп, қолдан кедергі жасап жүргендердің ісі наразылық туғызады. «Әділдік жолының» осы мәселеге араласып, төмендегі талаптарымыздың орындалуына ықпал етуін сұраймыз:
3.Ол қаржының Саралжын ауылының атына жұмсалған-жұмсалмағаны тексерілсін.
Аз ба, көп пе деп қарамай, халыққа жағдай жасалған ба, жоқ па деп қарау керек. Осы мәселелер шешілсе, ауылға қоныстанушылардың көбейетіні анық.
Арыз мазмұны осы. Кішкене түсінікті болуы үшін сәл-кем шегініс жасайын:
Ауылымның өркениеттен кенде қалып бара жатқаны (жалпы елге интернет келгелі қашан?!) жаныма батып, өткен жылы облыстық, республикалық газеттерге жазғаным бар. Осыдан аз ғана уақыт бұрын әлеуметтік желіге және бір пост жариялағанмын:
«Қызық енді басталды. «Қазақтелеком» деген «доп-домалақ», аузы-мұрны жоқ бірдеңенің қай жағынан келерімізді білмей дағдарып жүр едік. Интернеттен құр қалған көп ауылдардың бірі – Казталов ауданының Көктерек округіндегі Саралжынның жайын айтып шырылдағаныма біраз болса да, бір тұйыққа кептеліп қала беретінмін. Аудан әкімі «Біздің қолымызда емес, қаржы «Қазақтелекомға» бөлінеді» деп түсіндіреді. Ол «комына», жаңағы айтқан, қай жағынан барып мәселе қоярыңды білмейсің, барып тұрған бытпылдық. Сөйтіп жүріп бір жазып кеп қалғанымызда, ауылға «Востоктелеком» дегеннің инженері С. И.Абдуллаев деген жігіт топ етіп «аспаннан түсе қалған». Түсе сала алақандай ауылды олай да бұлай айналып шығып, мектептің сетін тексеріп, интернеттің жоқ екенін анықтап, таң-тамаша болған. Олардың есебі бойынша бұл ауыл баяғыда-а-н интернеттің ішінде отырған көрінеді. Сөйтіп, «Осылай да осылай, мында интернет түгілі, мұнара жоқ, мұнара түгілі, мосыағаш жоқ» деп акті түзіп кетіпті. Жай кетпепті, «Қайта келеміз, қатырамыз» деп кетіпті. Бұл 2021 жыл, қазан айының басы болатын. Содан соң, тым-тырс! Доп-домалақ, молақ мекеме демей, не дейсің.
Жаңа қарасам, Қайрат Сатыбалды деген «Құдай да емес, Құдайдан былай да еместердің» тұқымы қамауға алыныпты. «Қазақтелекомнан» особо крупный размерде жеп қойыпты» деп жамырай шулап жатыр екен. «Ә-ә, енді бір саңылау ашылар, ашылар да қалай ішіп-жегендері анықталар, бәрінен бұрын қатардан қалып, хабарсыз қаңтарылып отырған ауылдар интернеттендірілер тез арада» деген үміт оты жылт етті. Қайрат бір асағанда, қалғандары екі асап қойып, «Восток-мостогымен» шаталып жатпаса деңіз. Бізге бәрі бір ғой, тек интернетімізді жылдам қосып берсе екен иттер» (Кешірерсіз, әлеуметтік желі газет емес, жанайқайыңды сол күйі ақтарғанда андай-мұндай өткір сөздер кетіп қалады).
Осы постқа «Қазақтелекомнан» Petr Lezhnikov деген адам жауап берді. Шамасы, лауазымды қызметкер болуы керек, орысша жазыпты ғой. Сол күйінде келтірейін:
«По нашей информации в селе Саралжын Коктерекского сельского округа Казталовского района проживает около 220 человек, 59 дворов. По данным операторов связи село обеспечено мобильной связью Билайн 2G. Так же в селе имеются усилители связи в количестве 20 штук.
Операторами связи совместно с Министерством цифрового развития РК на 2021-2024 годы запланированы проекты по проведению мобильного ШПД в сельские населенные пункты с численностью населения менее 250 человек. По данному проекту со стороны ТОО «Востоктелеком» в 2023 году запланировано проведение мобильного интернета в с.Саралжын».
«Жер қозғалмаса, қозғалмайтын» біздің ауыл жігіттерінің шамына тиіп тұрған осы өтірік есеп қой. «Әкесін сабағанды көріп ем, арбаға байлап қойып сабағанды бірінші көруім» дегендей, жалған есептің де бір шегі болуы керек емес пе? «Желге желіндетіп, мұзға бұзаулатып», қағаз жүзінде бәрін қатырып қойғанның зардабы міне. Құзіретті мекемелер бақылауға алды, мән-жайды анықтар деп күтуліміз.
«Шағын ауылдарда тұратын адам адам емес пе сонда?» деп, өкпелері қара қазандай болып жарылғалы отырған ауыл көп. Қашанғы шыдасын? Соншалық қауқарсыз ба еді біздің ел? Қайтіп Жаңа Қазақстан боламыз? Қашан?!!
Дариға Мұштанова,
Казталов ауданының құрметті азаматы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
zhaikpress.kz