17.07.2025, 16:00
Оқылды: 152

Кедергісіз орта болу керек

Мүмкіндігі шектеулі  жан  әлеуметтік  қызмет  порталы  арқылы  техникалық  көмекші  құралдармен  және  әлеуметтік  қызметтермен  қамтамасыз етіледі.

4

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Миргүл Құрманбаеваның мәліметінше, өңірде мүмкіндігі шектеулі 25 276 адам тұрады. Соның 3503-і – І топтағы мүгедек, 9232-сі – ІІ топта, 9227-сі – ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал  18  жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны – 3314. Көру қабілеті нашар 3612 адам  болса, 746-сының есту қабілеті нашар, 891-і креслоарбамен қозғалады. Мамыр айында 9342 мүгедектігі бар адамға 5674 техникалық көмекші құралдар беріліп, әлеуметтік қызмет көрсетілген. Соның ішінде 725 адам протездік-ортопедиялық көмек алып, 294-і санаторий-курорттық емдеуге жолданған. Ал 60 адамға сурдологиялық көмек беріліп, 621-і тифлотехникалық құралдармен, 213-і кресло-арбамен, 2752-сі міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген. Жеке  оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын 755 адамға жеке көмекші және 254 тұрғынға ымдау тілі маманының қызметі көрсетілген.

5

– Мүмкіндігі шектеулі  азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытының бірі – оларға кедергісіз орта құрып, қоғамға етене араластыру. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  inva.gov.kz порталында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы жаңартылған «қолже­тімділіктің интерактивті картасы» енгізілді. Аталған  порталға облыс бойынша 1740 нысан тіркелген, 1181 нысан немесе 67,8%-ы толық бейімделген. 2027 жылға дейін барлық мекеме-ұйым 100% талапқа сай болуы керек. Былтыр әлеуметтік инспекторлар әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына 213 тексеру жүргізді. Соның қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 48 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 19,1 млн теңгеге 53 әкімшілік айыппұл салынды. Биыл екі тексеріс жүргізіп, 550,2 мың теңгеге айыппұл салынды. Сондай-ақ 233 әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарлануда. Оның ішінде мемлекеттік басқару мекемелері – 35, денсаулық сақтау нысандары – 59, білім беру –  54, дене шынықтыру және спорт нысандары – 8, мәдениет – 27, басқа нысандар – 49. Қазіргі уақытта 26 нысан азаматтардың кедергісіз жүріп-тұруына бейімделді, – деді Миргүл Абуханқызы.

6

Бөлім басшысы облыста  инватакси қызметі әлеумет­тік тапсырыс шеңберінде жергілікті бюджет арқылы жүргізілетінін айтты. Қазір мүгедектігі бар 743 адамға қызмет көрсетіледі. Бөкей ордасы, Шыңғырлау аудандарында бұл қызметті көрсететін жеткізуші анықталмаған. Алдағы уақытта инватакси қызметін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсету жоспарлануда.

7

Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Оралда «Тeṅ qoḡam» әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – мүгедектігі бар азамат-тарды анықтап, оларға әлеуметтік ортада қолайлы моральдық-психологиялық жағдай жасауға жәрдемдесу, қоғамға етене араластыру. Бұл жандарға қабілет-қарымын іске асыруға мейлінше тең мүмкіндіктер туғызу. Күні бүгінге дейін мұнда 997 адамға қызмет көрсетілген. Бөлім басшысы айтып өткендей, орталықта мүдделі облыстық басқармалардың, Орал қалалық әкімдігі бөлімдерінің жауапты өкілдерінің қатысуымен тоқсан сайын ашық есік күндері өткізіледі. Онда азаматтар денсаулық сақтау  және тұрғын үйге қатысты мәселе көтеріп, құқықтық  көмек алуға  жүгінеді.

Ясипа Рабаева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале