«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Үкімет отырысында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

Ол энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ қуат өндіру нысандарын пайдалануға беру жоспарымен толық сәйкесетін Ұлттық электр желісін дамытудың 2035 жылға дейінгі стратегиялық пайымын әзірлеп шығарғанын атап өтті.
«Стратегияға энергетика жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға және жаңартылатын энергия көздерімен кіріктіруге бағытталған шамамен 10 жоба қосылды», — деді Нәби Айтжанов.
Қазіргі уақытта компания екі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.
Бірінші жоба – Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесіне (БЭЖ) қарасты Оңтүстік аймағының электр желісін нығайту. Бұл жоба Солтүстік-Оңтүстік «Алматы – Жамбыл» транзитінің өткізу қабілетін 440 МВт-қа арттырады. Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 475 шақырым болатын екі 500 кВ желінің құрылысы салынады.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, жобаның аяқталу мерзімі 2027 жылдың ортасына белгіленген.
Екінші жоба – Батыс Қазақстан электр желісін Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосу. Жоба Батыс аймағындағы тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігін нығайтуға,
Атырау және Ақтөбе облыстарындағы электр стансаларының қуатын арттыруға бағытталған.
Жоба аясында ұзындығы шамамен 604,3 шақырым болатын 500 кВ желісін салу жоспарлануда. Аяқтау мерзімі – 2027 жыл.