ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әрбір бәс тігуші қойған ставкалар (оның ішінде электронды да бар), оның нәтижесі, бәс тігу ұтыстары мен төлемдер, сондай-ақ оны өзге тұлғаларға беру туралы ақпаратты қабылдау, есепке алу және сақтау қағидаларын әзірледі. Бұйрықтың жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа құжат талабына сәйкес кейбір тұлғаларға құмар ойындар мен бәс тігуге тыйым салынады.
Олар - құмар ойындар мен бәс тігуге азартқа берілген жеке тұлғалар, сондай-ақ өзін құмар ойындар немесе бәс тігуге қатысудан шектеген жеке тұлғалар.
Сондай-ақ, ережеде ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделген.
Ұсынылған қағидаларға сәйкес букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар әр ойыншының бәс тігу ставкалары (оның ішінде электронды), бәс тігу нәтижесінің нұсқаларына коэффициенттер, олар бойынша ұтыстар мен төлемдер туралы мәліметті онлайн береді.
Оның ішінде бәс тігуге қатысушылардың аты-жөні, ЖСН, ставканың қабылданған күні мен сомасы, ұтыстың сомасы мен күні, ұтыстың сомасы мен төленген күні, ұтыстың ақшалай баламасы, фискалдық деректер бар.
«Ставканы есепке алу орталығы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға шектеу қойылған тұлғалардан қолма-қол және электронды төлемдерді қабылдаудан бас тартып, ол туралы хабарлайды», - делінген жарияланған жобалық құжатта.
Деректерді есепке алуды уәкілетті орган жүзеге асырады.
Ақпарат жабық хаттаманы қолдана отырып, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға және қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға онлайн жіберіледі.
Кейін букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметі туралы статистикалық және талдамалық ақпарат жасақталады.
Аталған құжат биыл 8 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға салынады.