Махсудхан Аблазимов, Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры:
– Махсудхан Нұғманұлы, Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті ауыр және аса ауыр қылмысты ашу көрсеткіші жөнінен республика бойынша алдыңғы лекте екендігінен хабардармыз. Сөйте тұра, ең күрделі саналатын қылмыстық істерді ашу барысы туралы айтып берсеңіз. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстық істерді ашу, тергеу барысында қай қызметкерлер ерекше еңбек сіңірді деп есептейсіз?
- Қылмысты ашу және тергеу жұмыстарын сауатты жүргізу – бір кісімен бітетін жұмыс емес. Бір қылмысты, әсіресе, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстарды ашу және тергеу жұмыстарын әрі уақтылы, әрі сауатты жүргізу үшін бірнеше саланың бірнеше қызметкері жұмылдырылады. Сондықтан ана қызметкер, мына қызметкер деп бөліп-жарып айтуға болмайды. Қоғамда үлкен алаңдаушылық (резонанс) тудырған қылмыстың бірі ретінде 2020 жылы көктем мезгілінде болған екі кісіні өлтіру қылмысы жөнінде айтып берейін.
Бәйтерек ауданына қарасты Үлкен Шаған ауылының тұрғындары осы ауылға жақын жердегі орманнан өртенген «Volkswagen Jetta» аутокөлігін көріп, полиция бөліміне хабарлаған. Оқиға орнына Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы мен БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері дереу жіберілді. Олар оқиға орнына жіті тексеру жүргізді. Тексере келе, әлгі көлік Үлкен Шаған ауылының тұрғыны – Павел Чирков деген кісіге тиесілі екендігі анықталды. Оның туысқандарын іздеп тауып, олардан сұраған кезде, олар Павел Чирков мен оның азаматтық некеде бірге тұратын жұбайы Ирина Хан көптен бері үйлерінде болмағанын айтқан. Кейін олар хабар-ошарсыз жоғалған адамдар ретінде тіркеуге алынды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен В. Колыванов пен А.Чернаков деген адамдар ұсталды. Жауап алу кезінде олар қылмысты қалай жасағандарын бүге-шүгесіне дейін айтып берді.
Оқиға былай болған екен: Былтырғы 26 наурыз күні Колесов ауылында олар Чернаковтың әкесінің үйінде қонақта болған. Сол жерде олар Чирковпен және Ханмен келіспей қалып, өзара жанжалдасып, соңында екеуін де ұрып тастапты. Содан Чирков пен Хан естерінен танып құлаған. Кейін Колыванов пен Чернаков ол екеуін Чирковтың мәшинесіне салып алып, Шаған өзенінің жағалауына келген. Өздерінің қылмыстық ойларын соңына дейін жеткізу үшін В. Колыванов пен А.Чернаков ерлі-зайыптылардың өл-
геніне көз жеткізгеннен кейін оларды жағалауға көміп тастаған да, айғақ заттың көзін жоймақ ниетпен көлікті өртеп жіберген.
Тергеу басқармасының қызметкерлері дәлелқорды жинақтап, қылмыстық істі сотқа жолдады. БҚО қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың үкімімен Чернаковқа 23 жылға, ал Колывановқа 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қандықол қылмыскерлер темір торға тоғытылды.
– Ел үкіметі тарапынан есірткінің таралуына қарсы күрес мәселесіне баса назар аударылуда. Мемлекет басшысының өзі де биылғы Жолдауында есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өткен болатын. Енді сіздердің тарапыңыздан осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Өкінішке орай, нашақорлық қазір белең алып тұрғаны жасырын емес. Оның ұлтымыздың денсаулығы мен болашағына зиян-залалы зор екенін, өскелең жас ұрпақтың болашағына балта шабатынын айтудан кенде емеспіз. Әйтсе де, ол індетті жеңе алмай келеміз. Әрине, департамент басшылығы тарапынан есірткі қылмысын ашу жұмысына аса мән беріледі. 2021 жылдың 10 айында есірткімен байланысты 206 құқық бұзушылық, оның ішінде 77 есірткі қылмысы (былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18.5%-ға артық) және 129 қылмыстық теріс қылық анықталды. Есірткі өткізудің 23 дерегі, аса ірі мөлшерде есірткі сақтау бойынша 20, тыйым салынған өсімдікті заңсыз өсіргені үшін 19, есірткі контрабандасының 12, улы заттардың заңсыз айналымы бойынша 2, есірткі құралдарын жарнамалау бойынша 1 дерек анықталды. Заңсыз айналымнан 74 келі 818 грамм есірткі құралы мен психотроптық заттар тәркіленді. Соның 1,5 келіден астамы синтетикалық есірткі заттары болып шықты. Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін жүзден астам адам ұсталды. Солардың 15-і есірткіні заңсыз өткізгені үшін құрықталды. Мысалы, биыл сәуір айында Зашаған кентіндегі «Путник» кафесінің қасында «Шымкент – Орал» аутобусында отырған жолаушы «М» деген азаматты тексеру барысында одан салмағы 20 келі кептірілген марихуана және салмағы 938,38 гр гашиш табылды. Заңға қайшы әрекеті заң жүзінде дәлелденіп, әлгі азаматқа қатысты 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды. Бүгіндері біздің облыс аумағына оңтүстік өңірлерден өсімдік тектес есірткілерді жеткізуге қатысы болуы мүмкін деген адамдарды анықтау бойынша жедел жұмыстар жүргізілуде. Өздеріңізге мәлім, қазіргі кезде есірткі трафигі ғаламторды да жаулап үлгерді, интернет желісі арқылы адамдар өзара келісіп, есірткі саудасын жүргізеді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы осындай интернет-дүкендерді анықтау, осы қылмыс түріне қатысы бар адамдарды ұстау бойынша жұмыстарды үнемі жүргізеді. Осындай рейдтердің бірінде «К» және «Т» деген екі азамат ұсталды. Олар облыс аумағында интернет желісін және жасырын орындарды пайдалану арқылы есірткі сатумен айналысқан. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде орман алқабындағы жасырын орыннан және олардың тұрып жатқан жерлерінен құрамында есірткі бар 1 келіден астам синтетикалық заттар, 55 дана амфетамин және 221,12 гр гашиш тәркіленді. Осылайша, біздің қызметкерлердің жедел әрі қырағы әрекеттерінің арқасында 4300 дозадан астам синтетикалық есірткі құралы заңсыз айналымнан аластатылды. Бұл заттардың жалпы құны – 43 миллион теңгеден астам ақшаны құрайды екен. Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар «П» деген азамат ұсталып, оның үйін тінту барысында 105,37 гр «мефедрон» деп аталатын синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 350 дозадан астам синтетикалық есірткілік зат заңсыз айналымға жіберілген жоқ. Олардың жалпы құны – 3.5 миллион теңгеден астам. Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ полиция қызметкерлері «Akella07» және «MUR SHOP» деп аталатын екі интернет-дүкенді әшкереледі. Бұл интернет-дүкендерге қатысы бар адамдар Орал және Ақсай қалаларында құрамында есірткі бар дәрі-дәрмектер өткізумен айналысқан. Осы интернет-ресурстар арқылы Ақтөбе, Хромтау, Қобда, Мортық, Қандыағаш, Қостанай, Рудный, Лисаковск қалалары мен сол төңіректегі елді мекендерге есірткі таралғаны белгілі болды.
– Махсудхан Нұғманұлы, қылмыстың қай түрі көбейіп және қай түрі азайып отыр? Жалпы облысымыздағы қылмыстық ахуалдың жай-күйіне тоқтала кетсеңіз.
– Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс аумағында құқық бұзушылық 7,1%, соның ішінде қылмыс жасау фактілері 9,4%-ға азайған. Тарқатыңқырап айтқанда, ауырлығы орташа қылмыстар 7,9%, ал онша ауыр емес қылмыс түрі 17,9%-ға кемігені байқалады. Мал ұрлығы 51,6%-ға азайды. Алдын алу бағытында қабылданған шаралардың арқасында бұрын қылмыс жасаған адамдар жасаған құқық бұзушылық саны 41.9%, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 32,1%, мас адам жасаған қылмыс 16,8%, адамдар топтасқан түрде жасаған қылмыс 31,6%, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 3,4% және отбасы-ошақ қасында жасалған қылмыс 41,2%-ға азайды. 148 дана атыс қаруы заңсыз айналымнан тәркіленді. Ішкі істер құрылымдарының (органдарының) қызметін бағалау кезінде негізгі өлшем болып табылатын ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіші де жақсарды. Аса ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіші былтырғы жылғы деңгейде, яғни, 93 % шамасында қалды. Жалпы қылмыстың барлық түрлерінің ашылу көрсеткіші ілгерілей түскенін атап өткен жөн. Полиция департаменті тарапынан экстремизм фактілерін анықтау және мұндай заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу мәселесіне баса назар аударылуда. 2021 жылдың 10 айында экстремистік сипаттағы деректер бойынша 3 қылмыстық іс өндірісте болды, соның біреуі қысқартылып, 35 АЕК көлемінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар жалпы криминалдық сипаттағы 75 қылмыс жасағаны, әкімшілік заңнаманың талаптарын бұзу бойынша 688 фактіге жол бергендері анықталды. Ал интернет арқылы жасалатын алаяқтық жиілей түсуде.
– Иә, қазір интернет алаяқтығы белең алып тұр. Осы бағытта Полиция департаменті тарапынан қандай жұмыстар жүргізілуде? Интернет алаяқтығымен айналысатындардың айла-шарғысы жөнінде айтып өтсеңіз.
- Интернет алаяқтығы бойынша қылмыстық істерді тергеу жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін Полиция департаментінде арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Ішкі қайта бөлу есебінен қосымша штат бірлігі бөлініп, әрбір аудандық бөлімде осы істер бойынша тергеуші бекітілді. Біздің департаменттің қызметкерлері еліміздің басқа өңірлеріне іссапармен шығып, 35 қалааралық қылмыскерді құрықтады, олар 35 эпизодтан тұратын интернет-алаяқтық жасаған
екен. Жәбірленушілерге 3 миллион теңге шамасында шығын қайтарылды. Алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы халықты ақпараттандыру бойынша БАҚ-та және әлеуметтік желілерде кеңінен түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізілуде. Қабылданған шаралардың арқасында биыл 106 интернет-алаяқтығы фактісі ашылды, ұсталған адамдардың арасында бұған дейін алаяқтық әрекеттерін бірнеше рет жасаған адамдар да бар. Мысалы, Мирошниченко 13 эпизод бойынша, Кубаева 12 факті, Максотов 13, Аймагамбетов 6 факті бойынша айыпталуда. Бұл қаскөйлердің барлығы қамауға алынып, істері сотқа жіберілді.
Тағы бір мысал, Орал қаласының тұрғыны Жантемірова деген азаматша «Жұмысқа орналастырамын» деп алдап, басқа адамдардың толық анкеталық деректерін сұрап алып, шағын несие беретін мекемелерден онлайн түрінде несие ресімдеген екен. Оның кесірінен 90 адам қаржылай зардап шеккен. Алған несиесінің жалпы мөлшері 21 000 000 теңгеден асады. Осы іс бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ, жаңадан басқа да фактілер анықталуы мүмкін деген болжам бар.
Ал Мақсот деген азамат «ОЛХ» интернет-сайты арқылы «Тауар сатып аламын» деп жарнама жасап, сатушының банктегі есепшотының нөмірін сұрап алып, онлайн түрінде шағын несие беретін ұйымдардан несие ресімдеп алған. Оған қатысты осындай 14 факті анықталды.
Хамзин деген азамат бірнеше адамға өзін дос ретінде көрсетіп, «ақшалай қаражат аударамын» деп айтып, адамдардың банктегі есепшотының реквизиттерін біліп алғаннан кейін сол адамдардың аттарына шағын несие беретін мекемелерден несие ресімдеген. Бұл кісіге тікелей қатысты 16 факті әшкереленді. Шығын мөлшері – 2 000 000 теңгеден асады. Біреуді алдап-соққанға құмар Хамзиннің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Мұндай фактілер аз емес. Ел-жұртқа алаяқтық туралы үнемі түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатқанына қарамастан, адамдар алаяқтардың құрбанына айналудан арылар емес. Егер еш бүкпесіз ашығын айтар болсам, кейбір адамдардың сенгіштігі интернет-алаяқтықты өршіте түсуде.
- Департамент тарапынан учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
- Мемлекет басшысының учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында кейбір заңнамалық актілерге учаскелік полиция инспекторының (УПИ) мәртебесін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар УПИ өкілеттігі кеңейтілді және учаскелік полиция инспекторы көмекшісінің мәртебесі заңнамалық түрде бекітілді. Біздің өңірде үлкен және шағын ауылдар көп. Сөйте тұра, бір (1) УПИ штат бірлігі бірнеше ауылға қызмет көрсетеді. Ауылдардың арасы әжептәуір қашық. Егер бірнеше шақыру қатар келіп түссе, полиция пунктінде қызметкер болмай қалуы мүмкін, сондықтан учаскелік полиция инспекторларының көмекшілеріне құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға және жедел шешім қабылдауға құқық беретін заңдық негіздер енгізілді.
Облыс орталығында және аудандарда учаскелік полиция бекетінің материалдық-техникалық әлеуеті күшейтілді, полиция пункттеріне жөндеу жүргізілді, сондай-ақ УПП-ға үй-жайлар бөлінді. Пәтер иелері кооперативтерінің қызметкерлері және әкімшілік учаскеде тұратын тұрғындармен өзара іс-қимыл деңгейі артты.
Бүгінгі күні әрбір учаскелік полиция пункті әлеуметтік желілерде УПП атауы көрсетілген ресми парақшалар ашты. Онда учаскелік полиция инспекторларының байланыс телефондары көрсетілген және олар жүргізетін профилактикалық жұмыстар жарияланып тұрады.
– Махсудхан Нұғманұлы, қазіргі кезде Ішкі істер құрылымдарына қатысты реформа, полицияның сервистік модельге көшуі туралы жиі айтылуда. Өзіңіз басқаратын Полиция департаментінің басшылығы тарапынан осы бағытта қандай қадамдар жасалды?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекі-тілген 2019-2021 жылдарға ар-налған ішкі істер құрылымдарын жаңғырту жөніндегі жол картасында қамтылған іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында азаматтардың өтініштерін жедел қабылдау үшін облыс бойынша 19 фронт-кеңсе (фронт-офис) жұмыс істей-ді. Биылғы жылдың өткен тоғыз айының қорытындысы бойынша біздің қызметімізге фронт-кеңселер арқылы 10 мыңнан астам азамат жүгінген.
Біздің департамент республика бойынша бірінші болып "Ковровое покрытие" жобасының шарттарын орындады, қазіргі уақытта департаменттің барлық құрылымдары 100% жаппай бейнебақылаумен қамтылды. ҚР Президентінің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында барлық әлеуметтік желілерде департаменттің ресми парақшалары, сондай-ақ басшылардың жеке парақшалары тіркелді. Мұндай парақшаларға келіп түскен әрбір өтінішке біз дереу ден қоямыз.
Полицияда қызмет ету – қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше сенім болып табылады. Сол себепті полиция қызметкеріне жеке адам ретінде де, әрі кәсіби маман ретінде де жоғары талаптар қойылады. Сондықтан біздің қызметкерлеріміздің іс-әрекеттері азаматтар тарапынан жағымсыз пікірлер тудырған жағдайда, әрбір дерек бойынша қызметтік тексеру дереу жүргізіледі және егер фактілер расталса, онда кінәлі қызметкерлерге қатысты жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік шаралар қолданылады. Менен полицияға қатысты сынға қалай қарайтынымды сұрағанда, мен әрқашан «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, орынды сын бізге көмектеседі» деп жауап беремін. Себебі бұл біздің қызметіміздің өзіміз көре алмайтын, бірақ қоғам тарапынан анық байқалатын кемшіліктерін көруге мүмкіндік береді. Демек, біздің жұмысымызға жанашырлықпен қарайтын азаматтардың көмегі мен қолдауына біз әрқашан мұқтажбыз. "Сынайсың ба, ұсыныс бер!" дегендей, мен жұртшылықпен сындарлы диалог жүргізуге үнемі дайынмын, өйткені біздің негізгі міндетіміз – құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамның тыныштығын қамтамасыз ету. Сол себептен біз азаматтарымыздың барлық ұсыныстары мен ескертулерін тыңдауға және назарға алуға дайынбыз. Бұл – полиция қызметінің сервистік моделінің негізгі қағидаты. Сервистік модель аясында полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру шарт. Яғни біздің қызметіміз, ең алдымен, полиция қызметкерлеріне деген сенімге, екі жақты серіктестік қағидаттарына негізделуі керек. Біздің облыста республиканың бірқатар өңірлерінде әрекет етуге кіріскен пилоттық жобаны қолданып көру мақсатында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мобильді топ құрылып, жұмысқа кірісті. Ол қоғаммен өзара іс-қимылда тиімді әдістерді қолдану арқылы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету барысында кездесетін проблемаларды анықтап, шешетін болады. Сондай-ақ мұндай қадам криминогендік жағдайды жақсартуға септігін тигізеді. Жобаның мақсаты – жұртшылықты және жергілікті мемлекеттік құрылымдардың (органдардың) қызметкерлерін нақты аумақта құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтау жөніндегі жаңа тәсілдер мен шешімдерді әзірлеуге тарту және қылмыстармен өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттерді жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде бірлесе шаралар қабылдау болып табылады. Полиция жазалаушы орган ретінде қабылданбауы керек, керісінше қоғаммен екі жақты тиімді, тығыз қарым-қатынас жасау арқылы қоғамдық сенім қалыптастыруы қажет. Өзара іс-қимылдың осы әдіс-тәсілі жергілікті жерлерде полиция жұмысының сапасын арттыруға және ішкі істер құрылымдарын реформалау бағытындағы міндет-мақсаттарға неғұрлым тезірек қол жеткізуге ықпал ететін болады.
- Жолдас генерал, Ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бұл сұрақты қоймасам болмайды. Азаттықтың ақ таңы атқалы бері сіздің ойыңызша, ІІМ құрылымында не өзгерді, құқық қорғау құрылымдары қандай нәтижелерге қол жеткізді?
- Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде танылғалы бері, Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттер мен басымдықтарды белгілей отырып, қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды шараларды жүзеге асырды. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдарының құрылымына елеулі өзгерістер енгізілді. Полиция өзіне тән емес функциялардан босатылды. Жаңа сипаттағы құқықтық кеңістікті қалыптастыру бойынша тұрақты негізде ауқымды заң жобалау жұмысы жүргізілуде.
Бірінші кезекте, ұлттық қылмыстық заңнама едәуір ізгілендірілгенін, үлкен қоғамдық қауіп төндірмейтін жекелеген қылмыстарды декриминализациялау орын алғанын атап өткен жөн. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдану аясы кеңеюде, құқық қорғау құрылымдарының жұмысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол бермеуге баса назар аударылуда. Қылмыс салдарымен күресуден гөрі себепті жою әрқашан оңай әрі тиімді. Сондықтан қазір барлық құрылым-қызметтер құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасауға ықпал ететін жағдай-факторларды анықтау бағытында жұмыс істейді. Мұндай жұмыс тәсілі қызметкерлерімізді қылмыс атаулыны болдырмаудың амалын іздеуге бағыттайды. Мен жоғарыда айтып өткенімдей, ІІМ-де реформалық сипаттағы жұмыстар жалғасуда және полиция жазалау органының функциясынан алшақтап, азаматтардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы қажеттіліктеріне көбірек бағытталған құрылымға айналуда. Сондай-ақ ішкі істер құрылымдарының материалдық-техникалық әлеуетінің жақсарғанын атап өткен абзал. Тәуелсіздік жылдары құқық қорғау саласын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар қылмыстық процесті жеңілдетуді көздейтін қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделі енгізілді. Егер бұрын қылмыстар арыз бойынша жүргізілген тергеуге дейінгі тексеруден және қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ғана ресми тіркелсе, қазір өтініштер бірден сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеледі және бұл сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын білдіреді.
- Махсудхан Нұғманұлы, біздің сұхбатымыздың соңында өмірбаяныңыз, еңбек жолыңыз туралы айтып беруіңізді сұраймын. Сіз осыдан алты жыл бұрын біздің облысымыздағы қазіргі қызметіңізге тағайындалдыңыз. Сіз ішкі істер құрылымындағы өз мансабыңызды қандай қызметтен бастадыңыз? Сіздің қарапайым МАИ қызметкері болып қызмет істегеніңіз рас па?
- Қай полиция қызметкері генерал болуды армандамайды дейсің? Әрбір атақ пен лауазымға қажырлы еңбек және адал қызмет арқылы ғана қол жеткізуге болатынын естен шығармаған абзал. Мен ішкі істер органдарындағы еңбек жолымды қатардағы қарапайым милиционерден бастадым. Мен ішкі істер құрылымдарына қызметке келген жылдары біздің сала милиция деп аталатын. Ең алғаш 1981 жылы Маңғышлақ облыстық атқару комитетінің ІІБ МАИ жол полициясы қызметі дивизионының инспекторы лауазымына қызметке қабылдандым. 1989-1990 жылдар аралығында Гурьев облысы ІІБ МАИ жол полициясы қызметінің инспекторы лауазымына бекітіліп, 1990 жылы алғашқы офицерлік милиция лейтенанты атағын алдым. Сол жылдың маусым айында Маңғышлақ облысы ІІБ МАИ ЖПҚ аға инспекторы лауазымына тағайындалдым. Одан әрі Маңғыстау облысы ІІБ Жол полициясы басқармасының дербес рота командирінің орынбасары лауазымына тағайындалып, 2004 жылға дейін түрлі лауазымдарда қызмет атқардым. Сол жылы Маңғыстау облысы ІІД бастығының орынбасары болып, кейіннен Маңғыстау облысы ІІД бастығы лауазымына тағайындалдым. Содан соң Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратына ауысып, Тыл департаментінің бастығы, сәл кейінірек ІІМ аппаратының басшысы болып қызмет еттім. 2014 жылы Ақтөбе облысының ішкі істер департаментін басқару міндеті жүктелді. Ал 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен маған полицияның генерал-майоры шені берілді. 2016 жылы тамызда ротация бойынша БҚО Полиция департаментінің бастығы болып тағайындалдым. Қысқаша айтқанда, менің ішкі істер құрылымындағы еңбек жолым осылай өрілді.
Полиция қатарында қызмет етуге ынталы жастарды қиындықтардан қорықпай, алға мақсат қойып, сол мұратқа жеткізер білім-білікті қажырлықпен игеріп-меңгеруге шақырамын. Ал қалған жағдайдың барлығын мемлекет жасайтынына сендіргім келеді. Біздің міндет – қоғамның тыныштығы мен адамдардың құқығын қорғау жолында адал да қалтқысыз қызмет ету.
Сұхбаттасқан:
Болатбек Нұрғожин,
Батыс Қазақстан облысы полиция
департаментінің ресми өкілі,
полиция полковнигі