Облыс әкімі аппаратының регламентіне өзгеріс енгізу, спорт түрлері бойынша құрама командаларға енгендерге берілетін төлем мөлшерін бекіту және консультативтік-кеңесші құрылымның ІІІ шақырылымының жұмысын қорытындылау, міне, осындай үш мәселе облыстық қоғамдық кеңестің отырысында қаралды.
Алдымен, 2022 жылы бекітілген облыс әкімінің регламенті туралы қаулыға өзгеріс енгізілді. Содан соң спортшыларға берілетін жабдықталым мөлшері туралы мәселе қаралды. Ол туралы баяндама жасаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов енді олимпиадалық және ұлттық спорт түрлеріне басымдық берілетінін айтты. Басқарма басшысы бұған дейін спортшылармен қатар олардың жаттықтырушылары және клубтық команда жетекшілеріне жабдықталым төлемдері жасалса, енді мұндай қаражатты тек спортшылар алатынын жеткізді. Мұндай қадам – бюджет ақшасын үнемдеу үшін жасалған шара.
– Жаңа қаулы ҚР Бюджет кодексіне және тиімділік қағидатына сәйкес ұсынылды. Ай сайынғы жабдықталым төлемдері қаралған спорт түрлері бойынша атлеттер тізімі қайта жасақталынды. Олимпиада бағдарламасына
енбейтін спорт түрлері азайтылды. Енді басымдық олимпиадалық және ұлттық спорт түрлеріне беріледі. Жаңа қаулы жобасын қабылдаған жағдайда жабдықталым төлемін алатын 350 спортшы ай сайын төлем ала алады. Спортшыларға берілетін ақша лимиті 326 миллион теңгені құрайды, – деді Бақдәулет Сәбитов.
Кеңес мүшелері жаңа қаулыға қатысты туындаған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Заңгер Бауыржан Ахметжан 2021, 2022 және 2023 жылдары Азия, әлем шемпионаттарында орын алған спортшыларға әлі күнге дейін ай сайынғы төлем берілмегенін айтты. Аталған мәселемен таныс екенін айтқан спорт басқармасының басшысы осы күні аталған спортшылар өздеріне тиесілі қаражатты толықтай алды деген жауабын берді.
Кеңес мүшесі Нұрлан Сәдір: «Ұлттық және олимпиадалық спорт түрлеріне көңіл бөлу, олимпиада бағдарламасына кірмей қалған спорт түрлерінің дамуына тежеу болмай ма?» деген сауал қойды.
– Олимпиадалық емес спорт түрлерімен айналысатын атлеттер елішілік жарыстарға облыстық спорт басқармасы есебінен бара алады. Ал Азия, әлем шемпионаттарына бару үшін демеуші табуы керек немесе өз федерацияларының қаражатынан шығуы тиіс. Жоғарыда 326 милилон теңге лимитіміз бар екенін айттым. Олимпиадалық емес спорт түрлеріне берілетін ақшаның үнемделгенінің нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы ел шемпионатында жеңімпаз атанған спортшыларға берілетін қаражат мөлшерін ұлғайттық. Бұрын олар 30 мың теңге алып келсе, осы күні 80 мың теңге алады, – деді Бақдәулет Сәбитов.
Одан бөлек, кеңес барысында шахмат, садақ ату және басқа да спорт түрлерінің дамуына қатысты өзекті сауалдар қойылды. Әсіресе, ел шемпионатында өңір намысын қорғап жүрген «Жайық» волейбол командасындағы легионерлерге қатысты мәселе ашық айтылды. Әуе добы жайында көтерілген сауалға облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда «Жайық» волейбол клубы толықтай жергілікті ойыншылардан құралған. Келісімшарт мерзімі ұзартылған үш легионер шарт мерзімі аяқталысымен командадан кетеді.
– Командада мүлдем легионер болмайды деген сөз жоқ. Облыстық волейбол федерациясы алдағы уақытта команданы күшейте алатын волейболшыларды тауып, олардың шығынын толықтай демеуші арқасында қаржыландырады, – деді Тілепберген Каюпов.
Консультативті құрылым мүшелері Мемлекет басшысы әрдайым көтеріп отыратын бұқаралық спортты дамыту, жергілікті жас таланттардың үлкен спортқа қадам басуына жағдай жасау керектігін көтерді.
– «Жайық» волейбол клубы жергілікті жастарды командаға тарту мәселесін мықтап қолға алды. Клубта үш скаут жұмыс істейді. Олар өңірдің барлық аудандарын аралап, жас волейболшыларды іріктейді. Солардың ең үздіктерін команда сапына қосамыз, – деді Тілепберген Ерсайұлы.
Кеңесте ІІІ шақырылымдағы қоғамдық кеңес жұмысы қорытындыланды. Үш жыл ішінде кеңестің 36 отырысы өткен. Онда 141 мәселе көтерілген. Нәтижесінде біраз түйінді мәселе шешімін тапты. Кеңес Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуына өзіндік үлесін қосып, жергілікті атқару құрылымдарынан түскен 201 нормативтік құжаттың жобасы талқыланған. Қажет болған кезде тиісті құрылымдарға ұсынымдар жолданған.
Қоғамдық кеңестің отырыстарына облыс әкімінің орынбасарлары Тілепберген Каюпов, Бақытжан Нарымбетов талқыға түскен мәселелерге қатысты мүдделілік танытты. Қоғамды толғандыратын мәселелерге дер кезінде көңіл бөліп, көпшілік арасында талқылау үшін 2022 жылы диалог алаңы ұйымдастырылып, оның жеті отырысы өтті. Сонымен қатар Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы, «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы, «Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидалары», «Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары туралы» құжаттары бойынша және сайлауды ұйымдастыруға арналған мәселелер талқыланды.
Ресейдің бес облысымен шектесетін біздің өңірге 2022 жылдың күзінде мобилизациядан қашқан азаматтар ағылды.
– 2022 жылы көші-қон ағыны көкейкесті тақырыпқа айналды. Жергілікті атқарушы құрылым мен күштік құрылымдарды шақырып, диалог алаңының шұғыл отырысын өткіздік. Шетел азаматтарын арнайы есепке алу жұмысын жүйелі ұйымдастыруды, дерекқорда жеке тұлғалардың денсаулық жағдайы, соттылығы туралы да нақты ақпараттың қамтылуын қаперге салдық. Шекара шебінде талапты күшейтіп, келушілердің жеке ұстанымын, геосаяси жағдайға байланысты қалыптасқан түсінігін, интернет кеңістігіндегі көзқарасын да нақтылап, ниет-пиғылы жат, мемлекеттік мүддемізге қайшы, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретіні анықталса, мұндай шетелдіктердің шекарадан өтуіне мүмкіндік бермеу туралы талабымызды ортаға салдық, – деді Ербол Ғұмарұлы.
2023 жылы облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Б. Ахметжан мен М. Иманғалиевтің әлеуметтік нысандардың құрылысы және күрделі жөндеу жұмыстарының атқарылуына мониторинг жүргізді. Соған сәйкес мемлекеттік сатып алу шарты аясында құрылысты салу немесе күрделі жөндеу жобалары бойынша кейбір кәсіпкерлік субъектілерінің өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамай отырғаны, мұның салдарынан тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік нысандар (мектептер, жолдар т. б.) уақтылы пайдалануға берілмегені, жобалау-сметалық құжаттама сапасыз дайындалатыны жөнінде мәселелер көтерілді. Сонымен бірге міндеттемелердің дұрыс, толық, мерзімінде орындалмауы себептерін анықтап, оны жою туралы ұсыныс берілді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасымен елді толғандырған «Зенит» зауытына қатысты мәселе ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбековтің онлайн қатысуымен талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшелері зауытқа шетелдік инвесторларды тартуға және жұмыс орындары мен мемлекет үшін акциялардың бақылау пакеті (алтын акция үлесі) сақталатын болса ғана жалға беруге болатындығын ұсынды. Ол туралы арнайы ұсынысхат ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жолданды. Кеңес алаңында АЭС салу мәселесін жан-жақты талқылау ұйымдастырылды. Жиынға ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкерлері, ғалымдар мен мамандар, мекеме басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, өңір тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысып, АЭС туралы, оның артықшылығы мен экологиялық зияны жайлы талқыланды.
– Еліміздің демократиялық даму үрдісінде жергілікті деңгейде талқылаулар мен шешімдер қабылдауда қоғамдық пікірді ескеру қажет. Азаматтық қоғамның мүдделерін білдіретін, халық сеніміне ие бола бастаған қоғамдық кеңестердің мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарға жіберілген ұсынымдарын уақытында орындауды, тиісті шешім қабылдауды заңнамалық тұрғыда әлі де жетілдіре түсу қажет деп есептеймін. Қоғамдық кеңестің жұмысына қолдау білдірген облыс әкімдігіне және облыстық мәслихатқа кеңес атынан зор ризашылығымды білдіремін. Болашақта қоғамдық кеңес мүшелерінің жұмысы бұдан да ауқымды болары сөзсіз, – деді Ербол Салықов.
Үшінші шақырылымдағы облыстық қоғамдық кеңес келелі істердің басы-қасында жүрді. Алда кеңес әлі талай істің оң шешілуіне ықпал етері сөзсіз. Кеңес мүшелеріне алғысын білдірген облыс әкімі Нариман Төреғалиев алдағы тұрған ең басты мәселе –инвестиция тарту арқылы елдің жағдайын жақсарту керек екендігін айтты.
– Қазір атқарылған жұмыс нәтижесінде барлық аудан орталығында спорт кешендері салынды. Соңғы екі жылда 22 мектеп салынды. Қоғамда көп талқыланған мәселелердің шешілуіне де қоғамдық кеңес мүшелері атсалысты. Тұралап қалған құрылыс нысандарына қатысты пікір білдірген кеңес мүшелерінің бар екенін де білеміз. Осы кезге дейін облыста атқарылған әр жұмыстың оңтайлы шешілуіне әрқайсысыңыз өз септігіңізді тигіздіңіздер, – деді облыс басшысы. Жиын соңында кеңес мүшелеріне облыс әкімінің алғысхаты табысталды.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»