10.01.2025, 11:45
Оқылды: 30

Келешегі кемел өндіріс

Өткен  жылдың аяғында  Ақсай  қаласындағы  «Digitalisation  and  Recycling»  ЖШС-ның  өзінің  өндірістік  базасында  қатты  тұрмыстық  қалдықтарды  өңдейтін  жаңа  цех  ашылды.  «Жақсыны  көрмек  үшін...»  демекші,  өндіріс  орнына  барып,  жұмыс  барысымен  танысып  қайттық. 

f0064343-d681-4c49-99d9-ec86f90c5b73 (1)

2023 жылы италиялық «Petrol-Valves S.p.A» және қазақстандық «Merlion Development Group» ЖШС компаниялары бірігіп, «PetrolValves Kazakhstan» атты  кәсіпорын құрды. Онда мұнай-газ, энергетика өнеркәсібінде қолданылатын жоғары технологиялық  арматуралар, клапандар өндіріледі және жөнделеді. Аталған зауыт – еліміздегі жоғары технологиялық клапандар өндіретін әрі сервистік қызмет көрсететін маңдайға басқан жалғыз өндіріс. Жаңа цех ашқан серіктестік осы «Merlion Develoрment Group» компаниялар тобының құрамында. Қоқыс өңдейтін кешенде  қауіпті қалдықтарды да зарарсыздандырып, өңдейді. Кәсіпорын экологі Арман Қабдештің айтуынша, мұндағы жұмыс үдерісі еліміздегі экологиялық заң талаптарына  сай жүргізілуде. «Тиісті қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік құрылымдардың келісім-рұқсаттары негізінде табиғатты қорғау, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту бағытындағы табиғат қорғау, халықтың денсаулығын сақтау іс-шараларының жүйелі кешені жасақталған. Оның ішінде  қалдықсыз өндірісті дамыту, қалдықтардың көлемін қысқарту, оларды қайта өңдеудің озық  технологияларын енгізу қарастырылған. Сондай-ақ қалдықтарды уақытша орналастыру орындарын ұйымдастыру,  сертификаттау ережелеріне сәйкес қалдықтардың жиналуын және жойылуын қамтамасыз ету көзделген. Қалдықтардың морфологиялық құрамын   зертханалық талдау, зерттеу экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес ұйымдастырылды», – деді сенімді үнмен баяндаған Арман Қабдеш.

ae964cef-959c-4c85-be3a-0bc1fed3379a

Жаңа цехтың ішіндегі дарылдаған техника шуынан құлақ тұнды. Заманауи жабдықтармен жасақталған өндірісте қалдықтарды буып-түйетін шағын және үлкен пресмашиналар, өңдеуге келмейтін қалдықтарды жағатын (инсинератор) пеш, қалдықты сұрыптайтын желілер тынымсыз жұмыс жасап тұр. Шикізатты қабылдайтын конвейер тынымсыз зырылдайды. Оған түскен қалдықтар сұрыпталатын желіге төгілуде. Одан әрі жұмысшылар қоқыс қалдықтарын түрлеріне қарай сұрыптайды. Әзірге кәсіпорын қалдықтарды сұрыптап, теңдеп, буыптүйіп жинап қойған.  Қалдықтар мұнда Ақсайдағы компаниялардан, мекемеұйымдардан келеді. Кешенде құрылыс қалдықтары, ескірген арнаулы жұмыс киімдері, жеке қорғаныс құралдары, ағаш қалдығы өңделеді. Одан басқа макулатура, ПЭТ-ыдыстар, алюминий, пластик қалбырлар сұрыпталады. Өндірісті базаның бастығы Тимур Мараттың айтуына қарағанда, цехтың жұмысы үш кезеңмен дамытылады. Мәселен, жұмыртқа сатуға арналған картонды ұяшықтар жасау өндірісіне,пластикті жіп, машина дөңгелектерінің шиналарын ұсақтап, ұнтақ жасау жоспарланған. Сондай-ақ кәсіпорын аумағында қоқыстың кей түрлерін бөліп жинайтын арнайы орындар бар. Өңдеуге келмейтін қалдық қоқыс өртеледі. Тимур Марат үюлі жатқан май сіңген жұмыс киімдерін нұсқап, олардың пеште өртелетінін айтты. Өркениетті елдерде қалдықтар өңдейтін кәсіпорындарда осындай пеш жағуда пайда болатын жылудан   электр қуатын өндіру жолға қойылған. Мысалға, Сингапурда қоқыс төгетін полигондар жоқ, онда қалдықтың 90%-ы өңделіп, электр қуаты алынады. Швецияда қоқыстың  99%-ы қайта өңделеді және Франция, Ұлыбритания, Норвегия секілді мемлекеттерден қосымша қаржыға қоқыс қабылдайды. Компанияның осындай бағыттағы  жоба-жоспарлары бар, әрине, олар болашақтың еншісінде  екені  сөзсіз.

Айбар Аралов

– Компанияда жұмыс істеп жүргеніме 2 жыл болды. Қазір өңдеу цехындамын. Жалақымыз 300 мың теңгенің үстінде. Жағдайымыз шүкір. Отбасыммен Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта тұрамын. 28 күн жұмыста боламын, 14 күн бала-шағамның қасында боламын. Цех ашылғанға дейін күзетші болдым, – деді престеуші-жұмысшы Айбар Аралов (суретте).

Жұмысқа негізінен жергілікті тұрғындар тартылған. Сонымен қатар Орал, Ақтөбе, Қызылорда жағынан да қатынап жұмыс істеп жүргендер аз емес. Бүгінде қалдықтарды өңдеу цехында 30 адам жұмыс істейді.  Алдағы уақытта жұмыс ауқымы  ұлғаяды деп күтілуде. Сонда жаңа жұмыс орындары ашылады. Жаңа өндірістегі жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. «Үш мезет тегін тамақ беріледі. 60 орындық жатақхана ұсынылады. Жуынатын орын да бар, кір жуу қызметі көрсетіледі. Жұмыс киімдерімен қамтыламыз. Барлығы компания есебінен, жұмысшылардан бір тиын да ұсталмайды. Жалақы 300 мың теңгеден басталады және жұмыстың түріне қарай кей қызметкерлер одан да көбірек алады», – деді өндірісті базаның бастығы Тимур Марат.

Басшылықтың сөзіне сүйенсек, енді ағаш өңдейтін станоктар сатып алынады. Сонда ағаш қалдықтары өңделіп, одан түрлі ағаш қоршаулары және басқа да бұйымдар жасалады. Цехтың директоры Дархан Күзембаев өндіріс орнының ашылуына мемлекеттен қолдау болғанын айтады. Кәсіпорынға дейін кірме жол мемлекет есебінен салынған. Осы жобаға 800 млн теңге шамасында инвестиция құйылған. Жалпы жобаның қуаты жылына 5 мың тонна қалдық өңдеуге жетеді. Ақсай қаласында 40 мың адам тұратынын және өндірістік, әлеуметтік нысандар жұмыс істейтінін ескерсек, бұл өндіріс ошағының қажетті шикізаттан тарықпайтыны айдай анық. Қорыта айтар болсақ, бұл  жоба – келешекке қадам басатын  өндіріс.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале