29.01.2026, 15:30
Оқылды: 20

«Келешек мектептері» жобасы сәтті жүзеге асуда

Білім беру саласын дамыту – ел болашағын айқындайтын басты басымдықтардың бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан ауқымды бастамалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Бұл жоба өңірлердегі мектеп тапшылығын азайтып қана қоймай, оқушыларға заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы білім ошағын  ұсынуға бағытталған. Аталған жоба аясында Батыс Қазақстан облысында тоғыз жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда соның сегізі толықтай пайдалануға берілді.

DSC05807

Қазіргі таңда облыс аумағында «Келешек мектептері» жобасы аясында ашылған заманауи мектептерде мыңдаған оқушы білім алуда.  Айта кетсек, Орал қаласы Деркөл кентіндегі №51 мектеп 1500 орынға, Теректі ауданы, Подстепный ауылындағы білім ұясы 1200, Орал қаласының Балауса шағынауданындағы №52 мектеп 1500, ал Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы  №1 ЖОББМ 300 орынға арналған. Сондай-ақ Бөрлі ауданының Пугачев ауылындағы білім ұясы 300 оқушыға, Орал қалалық №53 мектеп 600 оқушыға,  Бәйтерек ауданының Трекин ауылындағы білім ошағы 600 орынға лайықталған.  Бәйтерек ауданының Достық ауылындағы білім ошағы 1200 орындық болса,  Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы №7 мектептің (900 орын) құрылысы жүріп жатыр. Жақын күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Ерекшелігі

«Келешек мектептері» – тек жаңа ғимараттар емес. Бұл –  оқушының жан-жақты дамуына бағытталған білім кеңістігі.

DSC09186

Жаңа мектептерде кең әрі жарық сыныптар, заманауи пәндік кабинеттер мен зертханалар, роботтық техника және IT сыныптары, кітапханалар мен коворкинг аймақтар, спорт залдары, асханалар, қауіпсіздік жүйелері қарастырылған. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасалып, мектептер инклюзивті стандарттарға сай салынған.

Миссиясы

«Келешек мектептері» өңірдегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге, апатты және ескі ғимараттардың орнына заманауи мектептер салуға мүмкіндік берді.

DSC03513

Бұл мектептердің іске қосылуы өңірде жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына, педагогтер мен техникалық қызметкерлердің еңбекпен қамтылуына жол ашты. Ең бастысы, ата-аналар үшін алаңсыздық, ал балалар үшін сапалы білім алуға тең мүмкіндік қалыптасты.

Өңірімізде «Келешек мектептері» жобасының табысты жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның білімге деген жауапкершілігін айқындай түсері анық. Бұл мектептерде білім  алған ұрпақ – өңірдің, елдің ертеңін қалыптастыратын азаматтар боларына сенім артамыз.

Гүлжан Ғалым,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале