13.07.2021, 10:36
Оқылды: 35

«Келесі аялдама – Революция», – деп хабарлау тоқталар емес

Құлағымызға естілгенде жүрегімізді де селт еткізе түсетін «революция» сөзі мен атауының тілдік қолданысымыздан қалып бара жатқанына да 30 жылдан асып барады. Бұл халықаралық терминге қатысты кеңестік кезеңде қойылған көше мен аялдама атаулары да бүгінде ұлттық бітім  болмысымызға сәйкес келетін жаңа рухани құндылықтармен ауыстырылды. Айтайын дегенім, Орал қаласының орталықтағы көшелерінің бірі де социализм дәуірінде «Революция» деп аталды. Осы көшенің тұсындағы аутобус аялдамасы да дәл осы атауды иеленді.

5DB05C13-9105-4C3C-9EC3-C4D58F6BBDB5

Алайда бұдан 15 жыл бұрын оның атауы «Ахмедияр Құсайынов атындағы көше» деп өзгертілген еді. Соған сәйкес аялдама атауы да Ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан қаһармандарымыздың бірі, Кеңес Одағының Батыры А.Құсайыновтың есімімен аталуы керек-ақ. Әйтсе де, олай болмай тұр. Мысалы, Орал қаласындағы №2, №5 және №35 бағыттағы аутобустың кондукторлары аталған аялдама атауын «Революция» деп айтуларын доғарар емес.

Сөйтіп, олар бейнелеп айтқанда ел аман, жұрт тынышта оралдықтар мен қала қонақтарын «революцияға шақырудан» жалығатын түрлері байқалмайды. Мұны не десек екен? Әлемде болған үлкенді-кішілі қай революцияның да халыққа жақсылық әкелгені шамалы. Ал беріде ТМД-ның кейбір елдерінде орын алған түрлі-түсті революцияларды еске алғанда да жаның түршігіп кеткендей болады. Бұрынғы революциялық талқандаулар, бүгінгі эволюциялық өзгерістерге орын бере бастаған заманда Орал қаласында бұл сөзді қайта-қайта атау қандай қисынға сәйкес келеді?.

 Темір Құсайын

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале