Бүгін бірінші Лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 6-туры өтті. Шымкенттік «Академия оңтүстік» командасын «Ақжайық» 3:0 есебімен жеңді.
Ойын басынан шабуылға ден қойған оралдық футболшылар 5 минут өтпей жатып есеп ашты. Қапталдан берілген Завен Бадоянның пасын Денис Яскович ұтымды пайдаланды. Одан соң да Игорь Прохницкий жігіттері шабуылын тоқтатпады. Завен Бадоян мен Денис Яскович гол соғатын тамаша мүмкіндікті іске асырмады. Ара-тұра шымкенттік команда ойыншылары да шабуылға шығып тұрды. Бірақ оларды Мирам Сапанов пен жас қорғаушы Роман Божко сәтті тоқтатып отырды. Тайм соңында шабуылға шығамыз деп қорғанысын ұмыт қалдырған «Академия» оңтүстік ойыншыларының қателігін Микола Агапов керемет пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Ойынның екінші бөлігінде де «Ақжайық» басым болды. Қарсыласының әр шабуылын оңай тоқтатып, өздері қарсы шабуылға ден қойған «Ақжайық» жігіттері есепті 3:0 етті. Гол авторы – Арман Смаилов.
Шымкенттен 3 ұпай еншілеп қайтқан Игорь Прохницкий жігіттері келесі матчын мамырдың 14-і күні өз алаңында «Арыс» командасына қарсы өткізеді. Ол ойын «Ақжайық» стадионында 16:00-ге жоспарланып отыр.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz