17.04.2025, 16:00
Оқылды: 228

Келін Battle: сән, салт, сана

Сәуір айының 14-15-і күндері «Ақ босаға» қалалық  келіндер  сайысы  өтті.  Сайысты  Орал  қаласының  мәдениет  және  тілдерді  дамыту  бөлімінің  мәдени  ағарту  бірлестігіне  қарасты  «Шұғыла»  және  «Жұлдыз»  комьюнити-орталықтары  ұйымдастырған.  Байқаудың  мақсаты  –  қазақ  келініне  тән  әдемілік,  әдептілік,  инабаттылық,  сымбаттылық,  ісмерлік  пен  тапқырлықты  дәріптеу.

IMG_4680

Байқауға Круглоозерный, Желаев, Зашаған, Деркөл, Ынтымақ, Жұлдыз, Ет комбинаты, Құс фабрикасы шағынаудандарынан он келін қатысты. Екі күнге созылған байқаудың бірінші күні келіндер жайма жаю, садақ ату, сиыр сауу сияқты ептілікті, жылдамдықты, тазалық пен алғырлықты талап ететін кезеңдер бойынша  бақ  сынады.

IMG_4693

– 9 сәуір күні жеребе суырған болатынбыз. Сайыстың бірінші кезеңінде жайма жаюдан, «Nur-Er» ат-туристік орталығында садақ атудан, «Светлана» шаруа қожалығында сиыр сауудан сынға түстік. Бүгін енді «Тегін білу – тектілік» атты таныстыру, «Өнерім – өмірім» атты өз өнерімізді көрсету, «Сыр сандық» атты ситуациялық сұрақтардан бақ сынамақшымыз. Дайындығымыз жақсы. Өзім  Зашаған кенті, Көктөбе саяжай елді  мекенінің аманатын арқалап келіп отырмын. Келін   болып түскеніме 12 жыл болды. Екі ұл, бір қыздың анасымын, – деді 34 жастағы қатысушы Азиза Камешова.

IMG_4692

Байқаудың екінші кезеңі «AMANAT» партиясының үлкен залында өтті. Келіндер өздерін таныстырып, бар өнерлерін ортаға салды. Бала-шағамен, үй қамымен жүрсе де, дайындықтары жоғары деңгейде. Келіндеріне қолдау көрсетуге келген ағайын, барша көрермен қауым сахнаға шыққан әр қатысушыны  қошеметтеп  отырды.

– Сан ғасыр өтсе де, қоғам қаншалықты өзгерсе де, қазақ келіндерінің қоғамдағы орны мен маңызы ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. «Әдепті келін – ауылдың көркі» деген халық даналығының өзі келіннің тек бір әулеттің ғана емес, тұтас ауыл мен елдің абыройын арқалайтынын аңғартады. Қазақ келіндері қай заманда да  өз шаңырағының шамшырағы бола білді. Ерінің серігі, елдің тірегі ретінде оларды нағыз қайраткер деуге болады. Салт-дәстүрді бойына сіңірген, әдеп пен ибалылықты ұстанған қазақтың келіндері неғұрлым көп болса, соғұрлым ұлттың іргесі берік болмақ. Өйткені келін – болашақ ана, ал ана – ұрпақ тәрбиесінің бастауы, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Тапишев. Сондай-ақ ол байқауға қолдау білдіріп, демеушілік көрсеткен азаматтарға алғысын білдіріп, арнайы  алғысхаттар  табыстады.

IMG_4691

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Гүлнұр Төлегенова (Деркөл), 1-орынды Азиза Камешова (Зашаған), 2-орынды Ақтоты Төлегенова (Зашаған), 3-орынды Айшат Ықсанова (Жұлдыз шағынауданы) иеленді.

IMG_4684

– Қазіргі жас келіндер арасында ежелден ұмыт болған ата-дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, ізеттілік және ісмерлікті дәріптеу мақсатында сайысқа қатысып отырмын. Келін болып түскеніме 16 жыл болды. Сегіз перзенттің анасымын. Екі рет егіз сүйдім, «Алтын алқа» иегерімін. Осы байқауға қатысуыма көмектесіп, қолдау көрсеткен жұбайыма, отбасыма алғыс білдіремін. Қазақтың әр келіні, әр әйелі құрметке лайық деп ойлаймын, – деді бас жүлде иеленген 34 жастағы Гүлнұр Төлегенова.

Айта кету керек, байқауға ақын, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Үзілдік Елеубаева, ардагер ұстаз, еңбек ардагері Тамара Сейтақова, қазақи ұлттық этно бас киімдер үлгісінің негізін қалаушы Құндыз Иманғалиева, облыстық әжелер алқасының төрайымы, ардагер ұстаз Светлана Мұғалбаева, «Жылдың ең үздік әдіскері» аталымының иегері Мергүл Жақыпова, 19 жылдық аспаздық тәжірибесі бар, 5-разрядты бас аспаз Венера Дүйсенова, Орал спорт клубының жаттықтырушысы Айдос Сәрсенғалиев қазылық  етті.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

IMG_4695 IMG_4697 IMG_4694

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале